Home » Оқу-әдістемелік материалдар » Оқу және жазу арқылы сын тұрғысынан ойлау технологиясы

Оқу және жазу арқылы сын тұрғысынан ойлау технологиясы

         Бұл бағдарлама – жаңа буын оқулықтарының талаптарын жүзеге асыруда, оқушылардың білім деңгейін көтеруде, балаларды шығармашылыққа баулуға, ойларын еркін айтуға, тез арада дұрыс шешім қабылдауға көмектесетін бірден – бір тиімді технология. СТО технологиясын пайдаланатын әр ұстаз өз педагогикалық қызметінде, оқушы мен мұғалім арасындағы қарым-қатынасқа дегенде көзқарасының мүлдем өзгергенін байқайды. Бұл бағдарлама басқа технологиялардан өзінің құрылымы мен ерекшеленеді. Сабақ жоспарының құрылымы үш кезеңнен тұрады. Әр кезеңнің өзінің қызметі бар. Жалпы стратегияларының саны 100-ден асады.

СТО технологиясының сабақ кезеңдері: Қызығушылығын ояту – Эвокация

Мағынаны тану — Реализация. Ой толғаныс — Рефлексия.

Эвокация – қызу оқу жұмысымен шұғылдануға қызығушылықтың оянуы.

Реализация – оқып жатқан тақырыптардың қажетін түсіну.

Рефлексия – тұжырымға келу, қорытындылау, жаңа білімді бекіту.

Қызығушылығын ояту. Мағынаны тану. Ой толғаныс

Бұл кезеңде мұғалім бұрынғы білетін білімдерін жаңа материалмен ұштастыруға жағдай жасайды. Сабақтың мазмұнына сай алынған стратегиялар арқылы оқушылардың ойы шыңдалып, аршылады. Сабаққа белсенділігі, ынта-жігері артады.

Бұл кезеңде мұғалім жаңа ақпаратты таныстырады. Тақырып бойынша жұмыс жасауға итермелейді. Таңдап алынған стратегияларға байланысты өз бетімен білім алуға көмектеседі. Мағынаны тану кезеңі негізгі кезең сондықтан оқылып жатқан материалдың қажеттілігін түсіндіреді.

Бұл бағдарламаның қорытынды үшінші кезеңінде үйренгенін саралап, салмақтап ой елегінен өткізеді, білімді бекітеді. Оқушылар осы кезеңде өз шығармашылықтарын көрсете алады.Өзіне және сыныптастарына сын көзбен қарайды. Өздерін бағалайды. Оқып, білгендерін таразылайды.

Сабақ кезеңдері

Әр кезеңде қолданылатын стратегиялар

Қызығушылығын ояту кезеңі

Болжау кестесі, Тірек сөздер, Венн диограммасы, Т кестесі, бір айналым күнделік, Блум

таксаномиясы, Миға шабуыл, Топтастыру,

Мағынаны тану кезеңі

Т кестесі, Пікір — талас, Аквариум, İNSERT, RAFT, ДЖИК СО, Куббизм, Геометриялық фигуралар, Бір айналым сұхбат, Түртіп алу, Жұпта талқылау, Бағытталған оқу, Талдау картасы, Топтастыру

Ой толғаныс кезеңі

Эссе, Топтастыру, Пирамида, Құндылық сызығы, Т кестесі, Sinkuein немесе бес жолды өлең, RAFT, Түйін сөз, Семантикалық карта, Концептуалды таблица, Бір айналым сұхбат,
ДЖИК СО немесе Бедерлі пышқы стратегиясының тақырыптың мазмұнын жақсы меңгеру, оқығанды есте сақтау үшін тиімді әдіс.

İNSERT немесе түртіп алу стратегиясы — түртіп алу әдісі. Қолдарына қарындаш алып, «v»- білемін, «+» — білмеймін, «-» — мен үшін жаңа білім (ақпарат), «?» – мені таң қалдырды — деген белгілерді қойып отырып мәтіннің мазмұнын түсінеді. Бұл әдіс – оқығанын саналы түсінуге, өз ойын басшылыққа алуға, ойын білдіруге үйрететін ұтымды әдіс. Оқушылар білгендерін анықтап, білмейтіндерін сұрауға әзірленеді. Бұл әрекет арқылы жаңаны түсіну үшін бұрынғы білетіндерімен жаңа материалды байланыстыруға дағдыланады. Кесте толтырылады.
v + — ?

Кубизм стратегиясы – Ойын арқылы оқыту. Кубиктің алты жағына жазылған сөздер бойынша жұмыс жасайды. Қандайда бір затты жан-жақты талдайды, талқылайды, сол арқылы білімдерін қайталайды, жаңа білім қосады.

Сипатта (түрі, түсі, көлемі)

Салыстыр (ұқсастығы, айырмашылығы)

Ұсын (қалай, қай жерде пайдаланылады?)-

Дәлелде (қарсы және қарсы емеспін)

Талда (қалай жасалған, неден тұрады?)

Ой толғау (бұл неден жасалған?)

Кубикпен жұпта немесе топта жұмыс жасайды. 1, 2 – сыныптарда үш жағын ғана пайдалануға болады. Бастауыш сыныптарда түрлі-түсті түрде пайдалануға болады.
Sinkuein немесе бес жолды өлең стратегиясы – оқушы берілген тапсырма бойынша өлең құрастырады. Бес жолды өлеңді құрудың ережесі мынадай: бірінші жолда 1 зат есім, екінші жолда 2 сын есім, үшінші жолда 3 етістік, төртінші жолда 4 сөзден тұратын сөйлем яғни ойды түйіндеу, бесінші жолда тақырыпқа байланысты 1 синоним сөз жазылады.
Кім? Ана

Қандай? Мейірімді, ақылды

Не істеді? Бағады, тәрбиелейді, өсіреді.

Түйін Ағайын — алтау, ана –біреу.

Синоним Адам

RAFT стратегиясы – Оқушы қандайда бір объектіні алып, сол рольге еніп өз ойын жазады. Бұл стратегияны қолдануда бала сол зат туралы ойын жазба түрде, бірінші жақта хабарлайды. Мысалы: Мен қазақтың қара домбырасымын. Менің күмбірлеген қоңыр үнімді ұнатпайтын қазақ жоқ. Мен әр қазақтың төрінде ілулі тұрамын. Мен адамның көңіл – күйін шектерім арқылы жеткіземін. т.с.с

Венн диаграммасы стратегиясы – Бұл стратегияның мақсаты салыстыру, пайымдау. Екі зат немесе мезгілдің (объектінің) айырмашылығы мен ұқсастығы жазылады. Бір біріне айқасқан екі немесе үш шеңбер. (Тек шеңбер ғана болу керек деген қате түсінік). Екі жағына салыстырылады, ал айқасқан жеріне ортақ қасиеті жазылады. Оқушылардың ойлары аршылып, салыстыру сияқты күрделі операция жүзеге асады.
Блум таксаномиясы, сұрақтар стратегиясы — Блум сұрақтарды екіге бөледі. Олар жалпақ және жіңішке сұрақтар. Сұрақтар тізімі алдын ала жасалуы тиіс. Алдымен жіңішке сұрақтар, сосын жалпақ сұрақтар кетеді. Жіңішке сұрақтар – еске түсіруге арналған сұрақтар, жауабы нақты цифрмен немесе ия, жоқ деген жауап алынатын сұрақтар. Мысалы: — желтоқсан оқиғасы қай жылы болды? — 1986 жылы

— Сен ол туралы қайдан естідің? — Кітаптан оқыдым.

Жалпақ сұрақтар – сұрақтың жауабына толық әрі түсіндіре отырып жауап беріледі. Жауапты мәтіннен алуға болады. Бұл сұрақ түріне жауапты фразамен немесе нақыл сөзбен, мақал – мәтелмен беруге болады. Жалпақ сұрақтарды екінші деңгейдегі сұрақтар дейді. Сұрақтың бұл түріне сөзбен ғана емес басқа формаларда жауап беруге болады. Мысалы: сурет немесе схема, тіпті көрініс түрінде де. Жалпақ сұрақ: – қарастырылып отырған кейіпкер неге осындай қылық жасады? ( шағын көрініспен жауап беру)
Т кестесі стратегиясы – Мақсаты: қарама-қарсы нәрселерді, сөздерді тере білу. Бұл жұмыста салыстыру, салыстыра отырып топтастыру сияқты процестер жүзеге асады. Оқушылардың ойлау қабілетін, есте сақтау қабілеттерін дамытады. Т кестесін тақырыпты ашарда пайдаланса, жаңа материалды түсінуге дайындық болады. Бұл стратегия жұпта, топта, жеке де орындала береді. Іс-тәжірибеде үй тапсырмасына да беріліп жүр. Кіші жас оқушыларына кескін, сурет түрінде орындауға болады.

Топтастыру немесе кластер стратегиясы — ойды жинақтау, ми қыртысында сәулеленген ойларды топтастыру, ассоциациялау. Бұл стратегия топпен де жұппен де орындала береді. Сабақтың әр кезеңіне де қолайлы.

Тірек сөздер стратегиясы – Мұғалім тірек сөздер береді. Оқушылар тірек сөздердің ретін бұзбай әңгіме немесе мәтін құрастырады. Мәтіннің құрамын құруға мән беруге мұғалім назар аударады. Мәтін құрастыру кезінде логикалық ойлау іске қосылады. Әңгіменің мазмұнын жұпта, топта ақылдасады. Оқушының сөздік қоры, тілі, қиялы дамиды. Бұл әдіс мазмұндама және шығарма жазуға жақсы дайындық.

БББ немесе маркировка кестесі стратегиясы – «БББ» — білемін, білдім, білгім келеді деген сөздерден алынған. Бұл кестеде үш бөлік. Әр бөлікті мәтінді не тақырыпты оқып отырып толтыра отырады. Негізгі қойылатын талап – оқушылардағы ойлар, тезистер, фактілер дәл сол күйінде көшірілмейді, өз ойымен жазылады. Бұл әдіс мұғалімге әр оқушыны бақылауға, оған сабақ соңында баға қоюға мүмкіндік береді. Мүмкін болса кесте сабақ үстінде толтырылады. Ал, үлгермеген жағдайда әр бөлікке бір, екі ой жазылу керек. Толықтыруға үйге беруге болады.

Білемін. Білдім. Білгім келеді.

ЭССЕ немесе ой толғаныс стратегиясы – тақырыпқа сай оқушы өз ойын қорыта және жинақтай отырып, ой-толғанысын жазады. Оқушы өз бетімен жеке жұмыс жүргізеді. Эссені 5-10 минут ішінде тоқтамай жазады. Мұғалім де отырып жазуына болады. Бұл әдісте оқушы бала өз ойын еркін жеткізе білетін болады. Шығармашылықпен жұмыс істеп, сөздік қоры дамиды. Өмірде кездесетін жағдайларға, оқиғаларға саналы, ойлы қарауға үйренеді.

Оқу және жазу арқылы сын тұрғысынан ойлау технологиясының стратегиялары көп әрі қолдануға ыңғайлы, жеңіл, тиімді. Іс-тәжірибе көрсеткендей СТО – технологиясын қолданып жүрген сыныптың оқушыларының даму деңгейі жоғары болады, өзін ортада еркін ұстайды, жек тұлға ретінде сезінеді. Өзіндік «Мені» дамиды. Оқушының ойлау қабілеті дамыған сайын, оқушы бойында төрт параметр көрсеткіші өседі.
Жекеден жалпыға

Дифференциалдықтан сенімділікке

Интуициядан логикаға

Бір перспективадан көп перспективаға қарай дамиды.

Қорыта айтқанда, сабақта «Сын тұрғысынан оқыту технологиясының стратегияларын» пайдалана отырып, балалардың ұсыныс-пікірлерін еркін айтқызып, ойларын ұштауға және өздеріне деген сенімін арттыруға мүмкіндік туғызып отырдым. Әрбір әдіс оқушылардың ойлауына және қиялына негізделіп келеді. Баланың тереңде жатқан ойын дамытып, оларды сөйлеуге, дәлелдеуге үйретеді.

Айгүл Қайырбайқызы ТОҚЖІГІТОВА,

№2 ЖОББМ-нің бастауыш сынып мұғалімі,

Павлодар қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.