Қоғамымыздың ертеңгі болашағы бүгінгі жас ұрпақтың тәрбиесімен тығыз байланыста. Сондықтан оқушыларды тәрбиелеу ісінде оларды рухани дамытуға баса назар аудару қажет. Қазіргі ұрпақ тәрбиесіндегі басты мәселе – оқушыларды рухани дамыту. Рухани даму дегеніміз – өзінің өмірдегі орнын, жауапкершілігін түсініп, өзін-өзі жетілдіру. Рухани даму жеке тұлғаны қалыптастырудың негізі болып табылады. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде бұл сөзге былайша түсінік берілген. Рухани – адамның ой-санасына, ішкі дүниесіне байланысты, соған тән. Демек, оқушыларды тәрбиелеу ісінде адамның ой-санасы мен ішкі жан дүниесін тану, дамыту, жетілдіруге байланысты істер жүзеге асырылуы қажет. Жалпы тәрбие ісіндегі негізгі мәселе – оқушылардың тұлғааралық қатынасын дамыту, әр адамның құндылығын, даралық ерекшелігін, өзіндік баға беруін қалыптастыру. Бұл мәселелер тәриенің белгіленген түрлері арқылы бір-бірімен үндесе жүзеге асады. Әр тәрбие түрінің анықталған міндет-мақсаттары бар. Ал рухани-адамгершілік тәрбиесіндегі басты мәселе — баланы құрметтеу. Әрбір жасөспірім өзін-өзі рухани жетілдіру үшін өзін-өзі тәрбиелеуге, өздігінен білім алуға ұмтылуы қажет екендігін түсінуі тиіс. Рухани-адамгершілік тәрбиесі – бұл тәрбиеленушінің қоғамдық мораль талаптарына сай санасына, әдет-қылығына, мақсат бағытына жүйелі түрде ықпал ету.
Үшінші мыңжылдықтағы жаңа әлеуметтік-мәдени жағдайға орай рухани-адамгершілік тәрбиесінің мақсатына, мазмұнына, түрлеріне, әдіс-тәсілдерінің ауқымды өзгерістеріне байыптап қарап, осы тәрбиенің берілуінің тарихи-философиялық, педагогикалық мәселелеріне аса зор мән берілуі керек.
ХХІ ғасырға аяқ басқан бүкіл әлем күрделі тарихи бетбұрыстар мен қоғамдық жаңартулар тұсында дамып келеді. Бұл кезеңде рухани-адамгершілік дамудың жаңа бағытын айқындауға ерекше мән беріліп отыр. Сондықтан да бүгінгі таңда барлық әлемде, сонымен қатар біздің елімізде де жеке тұлға дамуының қалыптасуына жаңаша көзқараспен қарау ерекше назарға алынауда. Осыған байланысты дүниежүзілік өркениеттілік қауымдастықта қазіргі рухани-адамгершілік тәрбиенің негізіне оқушылардың тұлғалық дамуына ықпал жасайтын принциптер мен әдістер алынған. Мұндай принциптер мен әдістердің кең қолданылып жүрген түрлері: байқау, әңгімелесу, шығарма, сұрақ-жауап, тест жүргізу, анкета алу, т.б.
Еуропаның санаулы елдерінде мұндай көкейтесті мәселені «Өзін-өзі тану рухани-адамгершілік білім беру жобасы, яғни, өзін-өзі тану» пәні арқылы жүзеге асырылуда. Біздің елімізде мұндай жобаның авторы – С.А. Назарбаева. Сара Алпысқызының қажырлы еңбегінің нәтижесінде 2010 жылдың 18-қыркүйегінен бастап еліміздің барлық оқу орындарында «Өзін-өзі тану» жеке пән болып оқыту үрдісіне енгізілді. Жоғарыда айтылған әдістерді толық қамтитын, жаңа технологияға негізделген жаңа буын оқулығы соңғы 4-5 жыл көлемінде оқушылардың сүйікті пәніне айналып та үлгерді. Осы жылдар ішінде бұл пәннің ғылыми-теориялық әдістемелік негізі қаланды. Пән мұғалімдері даярланып, олар арнайы курстардан өтілді. Мектептерде оқулық талабына сай жеке кабиниеттер жабдықталды. «Өзін-өзі тану» пәнінің негізгі мақсаты – жас ұрпаққа рухани-адамгершілік тұрғыдан білім беру, яғни адамгершілікке тәрбиелеу. Республика білім және ғылым қызметкерлерінің ІІ сьезінде Елбасы Н.Ә. Назарбаев білім және ғылым саласындағы түйінді мәселелерді шешудің төте жолдарын ұсынып, тәрбиенің үш өзекті бағытын айқындап берді. Елбасы рухани-адамгершілік тәрбиесіне баса назар аудару қажеттілігін ерекше атап өтті. Жастарды адамгершілікке тәрбиелеу сапасын көтеруге негіз болатын мәселе – ол білім мен тәрбие беру саласындағы ғылымның дамуымен байланысты. Бүгінгі таңда реформаның тиянақты жедел жүзеге асырылуы мұғалім, тәрбиеші, оқушылардың рухани-адамгершілік тәрбиесі туралы ғылыми-теориялық білімі болуы керектігіне және ол білімнің өзін-өзі дамытудың негізіне айналу қажеттігіне назар аударды.
Бойына ең жоғары адамгершілік қасиеттерді сіңірген, ішкі рухани әлемі таза жас ұрпақтан елін, жерін, отбасын сүйетін, осы қасиетті ұғымдар үшін бары аямайтын азамат қалыптасады. Ал бұл қасиеттер бала бойына рухани адамгершілік тәрбие арқылы беріледі. Осы орайда халқымыздың сан ғасырлық тарихи даму барысында рухани адамгершілікке тәрбиелеу тәжірбиесіне сүйену керек. Әр халықтың тәрбие мәселесінде де өзіне ғана тән қалыптасқан даналығы, дәстүрі бар. Қазақ халқы да адамгершілікті тұлға тәрбиелеуге ерте кезден-ақ зор мән берген. Осы орайда даналық шежірелер жас ұрпақтың өнегелік ұстанымына ерекше әсер ететінін есте ұстауымыз керек. Ұлағатты сөздер – ата-бабаларымыздың талай ғасырдан бергі өмірден түйген философиялық шындықтары, жас ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзі. Қазақ халқы баланың ішкі рухани әлемі мен сыртқы мәдениетінің бірлігіне ерекше назар аударған. Табиғаттан кеңпейіл, қонақжай халқымыздың адамгершілік қасиеттеріне көптеген шетел ғалымдары назар аударып, зерттеу еңбектер жазған. Сөзіме дәлел ретінде белгілі дат ғалымы Э.С. Вульфеонның «Қазақтар» атты очеркінен үзінді келтіруге болады.
Қазақ өз баласын «Егер қарттарды сыйласаң, құдай сені сыйлайды» деген нақылды кішкентайынан миына құйып өсіреді. Егер үйге ақсақал кіріп келсе, барлық жас түрегеліп, бас иеді және әзіл-қалжың күрт тыйылады деп жазыпты. Осылайша қазақтардың балаларды кішкентайынан инабаттылық пен ізгілікке тәрбиелейтініне қатты сүйсінгенін білдіреді.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақтардың арасында көп болып, халқымыздың салауатты өмір салтын, әдет-ғұрпын зерттеп, «Қазақтар» атты монографиялық еңбек жазған антрополог ғалым Н.А. Зеланд қазақтың ер азаматтары мен әйелдерінің арасындағы қарым-қатынастағы адамгершілік қасиеттерді сүйсіне сөз етеді. Ол: «Қазақ әйелдері иман жүзді, олар ақылдылығымен көзге түседі, бұл қазақ қыздарының тәрбиесіне отбасында ерекше көңіл бөлуіне байланысты»,-деп ой толғайды. Қазақ ұғымында отбасы ата-ананың да, бала-шағаның да құт мекені. Ол –ізгілік пен игіліктің нұрын шашар қасиетті қара шаңырақ болып есептеледі. Баланың тұлғалық қалыптасуы отбасынан басталады, сондықтанда қоғамнан отбасыны бөліп қарауға болмайды. Ұлттық отбасылық дәстүр, ұлттық рухани мәдениет негізінде жас ұрпақтың рухани-адамгершілік тәрбиесін дұрыс жолға қою міндеттерін іске асыру басты нысана болу керек. Рухани-адамгершілік тәрбиедегі негізгі мәселе – балалардың тұлғааралық қатынасын дамыту, әр баланың құндылығын, даралық ерекшелігін, сезімін, өзіндік баға беруін, өзін-өзі тануын қалыптастыру. Баланың сана-сезімін, адамгершілік мұраттарын қалыптастыру. Тәрбие барысында әрдайым осы мұраттарды басты нысана етіп ұстау қажет. Тәрбие саласында рухани-адамгершілік тәрбиесі ойындар жүргізу, әңгіме өткізу, түрлі әңгімелер құрастыру, көрген фильмдерін талдау арқылы жүзеге асырылады. Ал «Өзін-өзі тану» пәнінде бұл әрекеттер арнайы сабақтар арқылы, шартты белгілермен жұмыс істеу арқылы жүзеге асады. Оқулықтағы белгілі тақырыптармен берілген тараулар, әр тараудағы сабақтардағы мәтіндердің мазмұндары, мәтіннен кейінгі жұмыс түрлері оқушылардың бір-бірімен қарым-қатынаста болуын, өз ой-пікірлерін білдіруін негізге ала құрылған. Халық ауыз әдебиеті, әлем әдебиеті, классикалық қазақ әдебиеті үлгілерінен үзінділер оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай талғаммен берілген. Саз өнерінен тақырыпқа, тарауға сай әндердің берілуі де оқулықтың мағызын арттыра түсері анық. Баланың ізгілік, имандылық ұстанымдарын тәрбиелейтін, ақыл-ой мен іс-әрекеттерін ізгілік мұраттарға бағыттайтын, рухани көзқарастарын қалыптастыратын «Өзін-өзі тану» пәні мен рухани-адамгершілік тәрбиесінің мақсат-мүдделері ортақ. Осы пәннің мұғалімі ретінде «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік жобасының білім беру саламызға дер кезінде жеке пән ретінде енгенін құптаймын. Жеке пән ретінде 4-5 жыл көлемінде өзін танытып үлгерген «Өзін-өзі тану» пәнінің еліміздің болашағы –жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне қосар үлесі зор деп есептеймін.
Шарипбекова Айгуль Жунисалиевна
Шымкент қаласы,
№25 Т.Рысқұлов атындағы
мектеп-гимназияның мұғалімі