Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Заманауи әлемде елдің қуаты ең алдымен азаматтарының білімімен өлшенеді» деп айтқандай [1], еліміздің білімді де, өнегелі, патриот ұрпағын тәрбиелеу үшін, тамыры тереңге кеткен тәрбие мен білімді мектеп табалдырығын аттағаннан бастап қолға алу қажет. Ал, бұл өз кезегінде мұғалімдердің алдына қойылған үлкен міндет болып табылады. Себебі, баланың сабақта алған сапалы оқуы қабілетінің дамып, белсенділігінің артуына, алға жылжып, жауапкершілікпен өздігінен жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Сондықтан да, Lesson Study үдерісін жүргізе отырып, әрбір сабақтың кезеңдерін оқытудың жаңа әдіс-тәсілдері мен стратегияларын, тапсырмалар мен ресурстарды, бағалау түрлері мен кері байланыстарды жүйелі түрде бірге жоспарланып, жүзеге асырылса, сабақпен қоса білімнің де қалыптасу сапасы арта түседі. Өйткені, Lesson Study – мұғалім тәжірибесі саласындағы білімді жетілдіруге бағытталған, сабақтағы іс-әрекеттегі зерттеудің ерекше үлгісі болып табылатын педагогикалық тәсіл [2, 2-б]. Сыныпта оқыту бойынша анықталған ортақ проблемасы бар жас мамандар болсын, тәжірибелі ұстаздар болсын, біріге отырып зерттеу тобын құрып, сабақтарды бірлесе отырып талдап, талқылау арқылы оқу мен оқытуға қатысты іс-әрекеттерді саралау барысында сабақты бірге жоспарлайды. Жоспарланған сабақты бақылау барысында сабақты жақсарту, әрі оқушыларды оқуға тарту мақсатында зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Lesson Study-дің тағы бір демократиялық ерекшелігі, мұғалімнің жинақтаған білімімен ауқымды педагог қауыммен бөлісуі болып табылады [3, 58-б]. Бұл үдерісті жүргізу арқылы зерттеу тобының әр мүшесі бірлесе отырып жоспарлауда өзара пікір алмасу арқылы өзіне кері байланыс жасау арқылы жоспарлаудың қыр-сырын танып, кәсіби тұрғыдағы тәжірибесін жетілдіре түседі.
Мен сабақ беретін 7«А» сыныбы, екінші тобындағы Т.А. және Е.Е. деген оқушыларға қалғандарына қарағанда көбірек қолдау көрсету арқылы пәндік білімді қабылдаудағы туындаған қиындықтарын байқап жүрдім.
Осы сыныпқа сабақ беретін мұғалімдермен кәсіби әңгіме-сұхбат жүргізе келе, биология мен географияда да осындай проблеманың бар екенін анықтадым. Содан кейін, мектебімізде үзіліссіз жұмыс жүргізіп жатқан Lesson Study зерттеу үдерісінің тренерлерінің
бағыттауымен әріптестермен топтасып, зерттеу тақырыбымызды анықтадық: «Жаратылыстану-математика пәндері бойынша саралап оқытудың оқушы белсенділігін арттырудағы маңызы». Сабақтарды зерттеуге байланысты оқушылар жайлы деректерді, жоспарлауға стратегияларды, оқу мен оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін, кері байланыс пен рефлексия түрлерін, тапсырмаларды жинақтадық.
Әріптестермен бірге талдап, саралауда оқушылардың белсенділіктерін арттыратындай оқытудың белсенді әдістерін, қабілеттерін, логикалық және сыни ойлауларын дамыту мақсатында саралап оқыту мен диалогтік оқытудың элементтерін, алға жылжуларын анықтауда құрылымдық кері байланысты, бағалау критерийлері бойынша бағалау түрлерін жоспарладық. «Нысаналы» екі оқушымыздың оқуларын зерттеуде А деңгейлі ретінде Н.А., В деңгейлі А.Т., ал С деңгейліге Е.Е. есімді оқушыларды алдық. Бірінші сабағымды «Қысқаша көбейту формулалары» тақырыбымен 2018-ші жылдың 13-ші ақпанында өттім, күтілетін нәтиже оқу жоспарына сәйкес оқу мақсаты: 7.2.1.22.Тиімді және ауызша есептеу үшін қысқаша көбейту формулаларын қолдану болды, ал сабақ мақсаттары деңгейлеп-саралап оқытуды кіріктіру арқылы жүзеге асырылды: яғни оқушылардың барлығынан деңгейлік тапсырмаларды орындау барысында қысқаша көбейту формулаларын қолдану, көпшілігінен берілген тапсырманы тиімді тәсілмен орындай алу, ал кейбірінен қысқаша көбейту формулалары көмегімен мәтін түрінде берілген қолданбалы есептерді шығару күтілді. Сабақты балалардың көңіл-күйлерін сұраудан бастадым, сөйтіп жағымды психологиялық ахуал орнатып, «Шаттық шеңберінде» «екіге саналу» арқылы жұптарға бөлдім. Оқушыларды өтілетін тақырыппен, оқу мақсаттарымен және бағалау критерийлерімен таныстырдым. Жаңа білімді меңгеру барысында физика пәнін кіріктіру арқылы ауызша есепті бергенімде, А.Т. оқушым жолды есептеу формуласына қатысты есепті қысқаша көбейту формуласын қолдана отырып дұрыс шығара білді, ал Е.Е. оқушыма тиімді тәсілмен есептеуде Н.А. көмектесті. Жұппен жұмыста «Goto «Қазақстанның ең биік ғимараттары»» стратегиясының көмегімен деңгейлік тапсырмаларды орындады. Бөлменің қабырғаларына станцияның аттары жазылған қағаздар ілінді, әр станцияда күрделілігі оңай: орыс тіліндегі, тиімді тәсілмен есептеуге берілген сандық өрнектерді есептеу; орта деңгей: ағылшын тіліндегі құрамында әріптері бар өрнекті тиімді тәсілмен есептеп, ықшамдау; жоғары деңгейлі тапсырма: қазақ тіліндегі геометрия пәнімен байланысты, тік төртбұрыштың боялған бөлігінің ауданын табуға берілген есеп болды. Бұл кезеңді бақылау барысында: Н.А. жұбымен шапшаң есептеп тапсырманы дұрыс орындады, кейбір жұптарға көмектесті; А.Т. жұбымен жұмыста бәсеңдеу болды, күрделілігі оңай, орташа деңгейлі тапсырмаларды өзара ақылдасып шешкенімен, күрделілігі жоғары деңгейлі тапсырманы орындауда жиі-жиі мұғалімнің кері байланысын қажет етті; Е.Е. күрделілігі оңай тапсырманы өз жұбымен шығарғанымен, орташа және күрделі деңгейлі тапсырмаларды кейбір жұптардан ауызша немесе жазбаша түрдегі кері байланыстар ала отырып, орындады. Сөйтіп, оқушылар жауапкершілікпен ортақ нәтижеге жетті. Тапсырмаларды орындаумен қатар, Қазақстандағы ең биік ғимараттар жайлы ақпараттармен танысып отырды.
Балалар қабырғадағы станцияға сәйкес тапсырманы орындауда үймелеп, бір-бірін күтіп, кедергі келтіріп, ыңғайсыздау болды. Жауаптарын таныстырылымдағы көрсетілген циклдік айналыммен тексеріп, бірін-бірі бағалады. Жеке жұмыс кезінде тұжырымдарды дәлелдеу мен тиімді тәсілдермен есептеуге берілген төрт бөлімнен тұратын деңгейлік есептерді шығаруда Н.А. барлық есептерді дұрыс шығарып, бірінші болып аяқтады; А.Т. оқушым тұжырымдарды дәлелдеуге берілген екінші бөлімнің есебін шығаруда мұғалім тарапынан жазбаша кері байланысты қажет етті; Е.Е. тынымсыздау болып көрінді, «дұрыс» деп есептеп, барлығын орындап болдым дегенімен, кейбір тапсырмаларға сәйкес кері байланысын алды, сөйтіп мағынасын ұғынды. Рефлексияға Ж.Ә. есімді әріптесім ұсынған «Аяқталмаған сөйлемдер» стратегиясын қолданғанымда, сабаққа қатысқан он оқушының жетеуі бағалау критерийлеріне, қорытындылауға берілген тапсырмалардың барлығын дұрыс белгіледі. Бұл, сабақтың оқу мақсаттары жүзеге асырылғанын көрсетеді. Соңында «Бас бармақ» әдісін қолданып, оқушылардың көңіл-күйлерінің керемет екенін анықтадым. Үйге берілген тапсырма логикалық ойлау мен қабілеттерін дамытуға бағытталып берілген тапсырмалар болды.
Өткізілген бірінші сабақтан кейін әріптестерімнің: А.Т. жұппен, жеке жұмыстарда «тұйықталып», мұғалімнің тарапынан көбірек қолдау қажет етті, өзін сәйкес деңгейде көрсете алмады, сол себепті келесі сабаққа психологтың қатысуы, сынып кураторымен сұхбаттасу қажет; жұппен жұмыста «Goto…» стратегиясын қолданғанда станцияларға ілінетін тапсырмалар санын жұптар санымен бірдей етіп ілсе, әр жұп өз тапсырмасын алып орындай беретін еді; Е.Е.-нің топ мүшелерімен қарым-қатынасындағы оқу іс-әрекеттерін бақылау үшін, топтық жұмыс жоспарланса деген ұсыныстары болды.
Екінші зерттеу сабағымды 2018 жылдың 1-ші наурызында өткіздім. Тақырыбы: «Үшбұрыш теңсіздігі», күтілетін нәтиже оқу жоспарына сәйкес оқу мақсаты: 7.3.2.9үшбұрыш теңсіздігін біледі, қолданады. Оқу мақсаттары барлығынан үшбұрыш теңсіздігін білу және қарапайым жағдайларда қолдану; көбінен берілген тапсырмаларды үшбұрыш теңсіздігін қолданып орындау; кейбірінен мәтін немесе дайын сызба түрінде берілген үшбұрыштың бір қабырғасын қалған екеуі арқылы бағалауда үшбұрыш теңсіздігінің теоремасын қолданып шығару күтілді.
Оқушылармен амандасып, психологиялық жағымды ахуал орнатқаннан кейін, бір жағында рим цифрлары, станция аттары жазылған «екеуі біреуінде» стратегиясы бойынша үш топқа бөлдім. Үйге берілген тапсырмаларды тексеру кезінде А.Т. мен Е.Е. есептерді қасындағы оқушылармен талқылап, бір-бірлерінің дәптерлерін шығарылу жолдары интербелсенді тақтада көрсетілген жауаптармен және дескрипторлармен сәйкестендіре отырып тексергендерін байқадым, осылайша оқушылар бірін-бірі бағалады. «Сиқырлы қаламмен» шолу сұрақтарын қою арқылы «мұғалім-оқушы» байланысы жүзеге асырылды және Н.А. сұрақтардың барлығы қойылғанда, үнемі қолын көтеріп, өзінің «өте жақсы» дайындықпен келгенін аңғартты; А.Т. қойылған сұраққа толық жауап берді, Е.Е. көмек қажет еткенімен, өз мысалын келтіре алды. Тілдік мақсаттарды жүзеге асыруда әріптесім ұсынған топтық жұмысқа Tarsia-ны ұйымдастырдым. Себебі, сабақтың өн бойындағы қалыптастырушы бағалау тапсырмаларын орындау кезінде ағылшын тіліндегі есептердің шарттарын түсінулері үшін терминдерді ағылшынша білулері тиіс еді.
Топпен жұмыс кезінде А.Т. өз тобымен бірінші боп, тапсырманы дұрыс орындады; Е.Е. тобымен пікір алмасып, ортақ нәтижеге келуде тапсырманы екінші болып дұрыс аяқтады. Екі топ бірлесіп үшінші топқа көмектесіп, өзара ынтымақтастықтың арқасында дұрыс нәтижеге жетті. Алдыңғы сабақтың қорытындысы
бойынша ұсынысты ескеріп, «Go to: «Алғыс айту күні»» стратегиясын қолдандым. Бөлменің қабырғаларына «Қазақстандықтар», «Ағылшындар», «Жапондықтар» деген станция аттары
жазылған әр түрлі деңгейдегі тапсырмалар ілінді. Әріптесімнің ұсынысымен, әр станцияға бес тапсырмадан ілгенімде, шынымен де жұптар үймелемей, тапсырмаларын алып шығарып, келесі станцияға көшіп отырды. Сонымен қатар, қазақстандықтар, ағылшындар, жапондықтардың алғыс айту күндері ақпараттарымен
танысты. Н.А. жұбымен тапсырмаларын орындап болып, мұғалімнен жазбаша кері байланыс алғаннан кейін, басқа жұптарды бағыттап отырды; А.Т. көршілес қабырғалардың қосындысы арқылы үшбұрыштың ең кіші қабырғасын табуға берілген орыс тіліндегі, ағылшын тіліндегі қабырғалары белгілі төртбұрыштың диагональдарінің қосындысын анықтау есебін жұбымен дұрыс орындады, ал шарты қазақ тілінде берілген күрделілігі жоғары: төртбұрыштың үш қабырғасы бойынша диагоналінің, бір қабырғасының қабылдайтын мүмкін мәндерін табу есебін орындауда мұғалім тарапынан кері байланысты қажет етті; Е.Е. күрделілігі оңай тапсырманы өз жұбымен, ал күрделілігі орташа есепті Н.А. мен А.Т.-ның көмектерімен, ал күрделілігі жоғары тапсырманы орындағанда мұғалімнің қолдауын қажет етті.
Жеке жұмысқа ZipGrade қосымшасының көмегімен жауап-парақтарды сканерлеп, орындау деңгейлерін анықтап, әрқайсысына бірден кері байланыс бердім. Нәтижесінде Н.А. барлығын дұрыс орындап, кері байланысты қажет етпеді, А.Т.-ға бір тапсырма бойынша мұғалімнің бағыттауы керек болды, ал Е.Е.-ге бір
тапсырмаға жазбаша кері байланыс берілді. Рефлексияда «Қажеттінің астын сыз» стратегиясын қолданғанымда, балалар бағалау критерийлеріне сәйкес құрастырылған дайын сөз тіркестерін оқып, түсініп, «қалың» сөз тіркестерінің астын сызып көрсетті. Сосын, әрқайсысы «Жетістік баспалдағындағы» өзінің орналасу сатысын анықтады: сабақтағы тоғыз оқушының сегізі жоғарғысын, тек біреуі ортаңғы сатыны таңдады. Бұдан, сабақ мақсаттарының толығымен жүзеге асырылғандығын аңғаруға болады. Ортаңғыны таңдаған оқушымның рефлексиясы бойынша, күрделілігі жоғары тапсырмалар дайындап, жеке қосымша сабақтар ұйымдастыруым керек деп, тұжырымдадым.
«Сабақты зерттеу» тобымен анықтаған мәселелер өз шешімін тапты деп ойлаймын: А.Т.-дағы негізгі проблема, қазақша айтылған пәндік ақпараттарды орысшаға аудару арқылы орысша ойлап, қазақша жеткізуінде қиындықтар туындауы барысында уақытты көп жоғалтып, содан сырт көзге «көмек қажет ететін оқушы» болып көрінеді екен. Ол өз бетінше жұмыс жасай алатын, қалғандарына да көмектесе білетін А деңгейлі оқушыларымның қатарынан табылды. Ал, Е.Е. оқушым мұғалім тарапынан кері байланыстар ала отырып, міндетті және орта деңгейлі тапсырмаларды орындауда оқушыларға көмектесе білетін, В деңгейлі балаларыма қосылды. Әріптестермен бірге анықтаған ортақ мәселе бойынша, сабақтарды бақылау барысында «нысаналы» екі оқушының оқуын жақсартуға бағытталған оқытудың белсенді әдістері мен формалары, деңгейлеп-саралап оқыту, кері байланыстардың берілуі арқылы дескрипторлар бойынша деңгейлік тапсырмалар орындау, мұғалім тарапынан қолдау көрсету, стратегиялар, топтағы басқа оқушылардың да оқуының жақсартқанын көрсетті.
«Елді түзету ісін бала оқыту ісін түзетуден бастау керек» деп, қазақтың ақыны, педагог, әрі ағартушы Ахмет Байтұрсынов айтқандай, болашақтың кілтін ұстайтын білімді ұрпақты тәрбиелеу әрбір мұғалімнің міндеті болып табылады. Ал, ол істің нәтижелі жүзеге асырылуы үшін, сапалы білімнің белесіне жету мақсатында мұғалімдер өзара бірлесіп, сабақты сапалы түрде жоспарлау арқылы шыңдала түседі деп ойлаймын. Себебі, осы зерттеу сабақтарында «бірлесе көтерген жүгіміздің жеңіл» болатынына көзім жетті. Яғни, анықталған проблеманың шешімін табуда практикалық сабақтарымызды зерттеу кезеңдерінде бірлесе талдап, талқылау нәтижесіндегі жұмысымыздың жемісті болуының да бірден-бір себебі, ол – Lesson Study зерттеу үдерісі барысында әріптестермен бірігіп отырып, тиімді оқу іс-әрекеттерін жоспарлап, ұйымдастыруда болды. Болашақта педагогикалық тәжірибемізді жетілдіру мақсатында бұл бірлескен зерттеу жұмысымыз өз жалғасын табады деген ойдамын.
Қолданылған әдебиеттер:
- El.kz/news, Елбасының Жастарға арнап айтқан 1000 сөзі, 06.09.2012 жыл.
- Пит Дадли, Lesson Study: Нұсқаулық.
- Мұғалімге арналған нұсқаулық, II (орта) деңгей, бірінші басылым, 2012ж.
- Қабілеттілік, ru.wikipedia.org.
Аннотация
Мақалада әріптестермен бірлесе жүргізген Lesson Study сабақты зерттеу әдісінің тек «нысаналы» оқушылардың ғана емес, сыныптың да оқу жетістіктері мен мұғалімнің кәсіби шеберлігін дамытудағы маңыздылығы баяндалған.
Сыздыкова Гульмира Камбаровна,
Алматы қаласы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің математика пәні мұғалімі