Home » Мақалалар » Оқушыны ортаға бейімдеудегі психологияның маңызы

Оқушыны ортаға бейімдеудегі психологияның маңызы

Адам өзінің даму кезеңінде оның мінез–құлқына, өмірлік мақсаттарына, құндылықтарына, өмір сүруіне бағыт-бағдар беріп отыратын белгілі әлеуметтік ортада өмір сүріп, іс-әрекет жасайды. Сондықтан да оқушыны тұлға ретінде қалыптастыру, жеке басын жан-жақты дамыту және әлеуметтік ортаға, өмірге бейімдеу білім беру саласының қазіргі таңдағы басты мақсаты болып отыр.

Әлеуметтік орта ретінде білім беру мекемелерінің барлық деңгейлері өскелең ұрпақ бойына ғылым негіздерін сіңіре отырып, әрбір жеке тұлғаны әлеуметтік ортаға бейімдеуге, оларды қоғамды ізгілікті-адамгершілік тұрғыда жаңартудың әлеуметтік-экономикалық міндеттерін іс-жүзіне асыруға қабілетті, өзін-өзі қоғамдық талаптар мен сұраныстарға сай іскерлік пен шығармашыл әрекеттерге бейімдеуге икемді, әлеуметтік қатынастарға тән мінез-құлықты қалыптастыра алатын, рухани-адамгершілігі жоғары, саналы азамат етіп қалыптастыруға жағдай жасауы керек. Жеке адам тек білімділігімен ғана емес, жан-жақтылығымен, бүкіл адами қасиеттерінің жиынтығымен ерекшеленеді. Мектепке оқуға келген бала өзіне тән даралық сапаларымен таныла отырып, бір ортаға бейімделіп, төселу кезеңін бастан кешіреді. Бұл қиындықтар барлық бейімделу сатыларындағы қиындықтармен пара-пар, яғни баланың өз қатарымен қарым-қатынасы, мұғаліммен қарым-қатынасы, сыныбымен қатынасы, сабаққа қатынасы, өзіндік сана-сезімі, тіл табысуы, сөйлеу ерекшелігі, түсіну, ұғыну деңгейі – осының бәрі оқушы психикасына күш түсіреді. Оқушының өзіне деген сенімін қалыптастыру, өзіндік «Менін» ашу, сол «Менді» шығармашыл тұлғаға жетелеу, өмірден лайықты өз орнын тапқыза білу, бір сөзбен айтқанда әлеуметтендіру өте күрделі мәселе болып отыр. Өзін-өзі таба алмай, өз мүмкіндіктерін дұрыс пайдалана алмау, өмір бойы өкінішпен өзін-өзі тұншықтырып өмір сүру, немесе басқа жолға түсіп адасушылықтың басты себебі – бір кездегі ұстаздарының, білім беру мекемелерінің әлеуметтік бейімделуде жіберген қателігі екені анық. Сондықтан да тұлғаны әлеуметтік бейімдеу үрдісінің педагогикалық-психологиялық мәнін және қазіргі таңдағы ерекшеліктерін зерделеу білім беру жүйесі қызметкерлерінің   басты міндеті.

Әлеуметтену – өмір бойы жүретін үздіксіз үрдіс. Әлеуметтену арқылы қоғам әлеуметтік жүйесін жаңғыртады, орнықтырады, өзінің әлеуметтік құрылымын құрайды, сақтайды,әлеуметтік эталондарды, стереотиптерді және стандарттарды, рөлдік үлгілерді қалыптастырады. Әлеуметтену жеке тұлғаның әлеуметтік типін жүзеге асырады, адамды қоғамға тұтастай, сонымен қатар жеке топтарға тән әлеуметтік тәжірибені, құндылықтарды, нормаларын, белгіленген тәртіптерін меңгерте отырып ортаға бейімдейді және кіріктіреді. Әлеуметтік бейімделу – тұлғаның қоғамда қабылданған мақсаттарды, құндылық нормаларын және тәртіп стилін қабылдау және меңгеру жолымен әлеуметтік орта жағдайына белсенді түрде икемделу үдерісі.

Жалпы «бейімделу» ұғымы XIX ғасырда пайда болған және биология ғылымында кең тараған, яғни тірі ағзаның қоршаған ортамен қарым-қатынасы нәтижесінде олардың өмірге және іс-әрекетке оңтайлану үдерісі ретінде қарастырылған. Бейімделу ұғымы кейіннен тек тірі ағзаларға   ғана емес, сонымен бірге жеке адам мен ұжымның тәртібіне қатысты да қолданыла бастады. Психология ғылымының бейімделу теориялық сипаттамасында адам кез-келген жағдайда өзін жақсы сезіну үшін әр түрлі жағдайларға икемделе, бейімделе алуы өте маңызды екендігі көрсетілген. Латын тілінен аударғанда «бейімделу» — икемделу, үйлесу деген мағынаны білдіреді. Бейімделу үдерісі динамикалы және оның жетістігі обьективті, субьективті оқиғаларға, әлеуметтік тәжірибеге, жағдайларға, өмірлік бағдарға т.б. байланысты бола тұра, осы бейімделу үдерісінің нәтижесінде «адам-орта» деген жүйеде адам ағзасы қалыпты қызметін атқара алады.

Тірі ағзаны тұтастық жүйе ретінде алғаш рет француз физиологы К.Бернар қарастырды. Ол өзінің ішкі ортаның тұрақтылық гипотезасында-кез-келген тірі ағза сонымен қоса адам өзінің өмірін ішкі ағзасындағы тепе-теңдіктің сақталуының арқасында жалғайды, яғни ағзадағы тепе-теңдік сақталғанға дейін адам өмір сүреді, тіршілігін сақтайды, -деп көрсетті.

Қазіргі заманғы бейімделу түсінігі И.П.Павлов, И.М.Сеченов, П.К.Онохин, Г.Селье және т.б.ғалымдардың еңбектеріне сүйенеді.

Бейімделу үдерісіне зерттеушілер нәтижелеріне байланысты әртүрлі анықтама-түсінік береді. Солардың ішінен мына анықтама-түсініктерді атап айтуға болады:

-бейімделу – ағза ерекшелігі;

-ағза мен ортаның тепе-теңдігін сақтау мақсатындағы адам ағзасының қоршаған орта өзгерістеріне бейімделу ерекшелігі;

-адам–орта жүйесінің өзара қатынасы;

-адам ағзасы ұмтылатын мақсат;

-бейімделу екі жақтың да обьективті және субьективті сипаты, өзгеретін субьектінің жаңа әлеуметтік ортамен өзара әрекеттесу үдерісі;

-тиімді қоғамдықдамуды қамтамасыз ететін және жеке тұлға қажеттіліктері мен қабілеттерін жүзеге асыратын жеке адамның жаңа ортаға белсенді ену үдерісі;

Қазіргі кезде бейімделудің екі түрі белгілі:

-биофизиологиялық

-әлеуметтік-психологиялық

Биофизиологиялық бейімделу деп қоршаған ортаның тұрақты және өзгермелі жағдайларына (температура, атмосфералық қысым, ылғалдылық, жарық, т.б.) және өзінде жүретін өзгерістерге ағзаның икемделуін айтады.

Әлеуметтік-психологиялық бейімделу – бұл жеке адамның белгілі бір жаңа ортаның жағдайына, ұжымның қатынас жүйесіне белсенді үйлесу үрдісі және соның нәтижесі.

Тұлғаның әлеуметтік-психологиялық бейімделу мәселесі психология ғылымындағы күрделі мәселенің бірі болып есептеледі. Әлеуметтік–психологиялық бейімделу мәселелерімен М.Андреев, А.Бозалев, Б.Грумен, В.Поршнев, А.Мудрик, М.Рожков, А.Реан т.б. айналысып, әлеуметтендіруді адамның әлеуметтік қатынастар жүйесіне, әлеуметтік қауымдастықтың түрлі типтеріне кірігуі деп түсіндіреді. Осы жағдайда ғалымдар әлеуметтенуді жеке тұлғаның қалыптасуына негіз болатын мәдени, әлеуметтік нормалар мен құндылықтардың элементтерін игеру ретінде қарастырып:

-әлеуметтену мәні адамның нақты қоғам жағдайында үйлесуі мен ерекшеленуінің үндесуі ;

-бұл үрдіс және индивидтің әлеуметтік тәжірибені меңгеруінің және ары қарай белсенді жаңғыртуының нәтижесі деп көрсетеді.

Әлеуметтік–психологиялық бейімделуді зерттеуші А.А.Налчаджян төмендегідей жіктейдіі:

  1. Қалыпты
  2. Девиантты
  3. Патологиялық

Тұлғаның белсенділігі жүретін әлеуметтік ортаның қалыптасқан нормаларын өзгертпей және проблемалық жағдайда патологиялық өзгеріссіз тұлғаның тұрақты бейімделуіне әкелетін үрдісті қалыпты бейімделу деп атайды.

Девиантты (ауытқушылық) бейімделу деп белгілі бір әлеуметтік ортада тұлға қажеттіліктерінің қанағаттандырылуын, бірақ бұл қарым-қатынас, тәртіптің әлеуметтік үрдістің басқа мүшелері күтетін нәтижеге сай келмеуін айтады.

Патологиялық бейімделу деп құрамына невротикалық және психопатиялық синдромдар кіретін патологиялық мінез-құлық жиынтығының пайда болуына әкелетін толық немесе жекелеген патологиялық механизмдер мен тәртіп түрлері арқылы жүретін бейімделу үрдісін айтады.

Сонымен, бейімделу үдерісінің түрлері – адамның ақыл-ойында, оның психофизиологиялық жүйесінің тепе-теңдігінде өзгерістер болатындығын дәлелдейді. Адам ортаға тек бейімделіп қана қоймайды, ол өзі бейімделетін жағдайды құруға белсенді қатысушы да болады. Жаңа әлеуметтік жағдай бейімделушінің жеке басына көптеген талаптар қояды, соған байланысты ортаға сәтті, жекелеген түрде сәтті және сәтсіз ену мүмкіндігі туындайды. Адамның жаңа орта нормаларын, дәстүрлерін, тәртіптерін меңгеру қабілетінің болмауы «бейімделу синдромы» деп аталады.

Зерттеуші А. Реан «бейімделу синдромының» даму негізінде кез-келген бейімделу үдерісіне тән үш сатыны бөліп көрсетеді:

  • «Мазасыздану» сатысы – бірнеше сағаттан бірнеше тәулікке созылып, ағзаның қорғаныс реакциясын жұмылдыру жүреді;
  • «Қарсыласу» сатысы – ағзаның түрлі әсерлерге тұрақтылығының жоғарылауы жүзеге асады;
  • «Әлсіреу» сатысы – титықтау немесе ағзаның тіршілігін тоқтатуына әкелуі мүмкін саты деп есептеледі.

Жаңа әлеуметтік ортаға тұлғаның төмендегідей бейімделу деңгейлерін анықтауға болады:

-мақсатты бағытталған конформизм, бейімделетін адам қалай әрекет ететінін, өзін-өзі қалай ұстайтынын нақты біледі, бірақ әлеуметтік орта талабымен келісе отырып өз құндылықтарының жүйесін ұстануын жалғастыра береді;

-өзара төзімділік, өзара әрекеттесуші субьектілер бір-бірінің құндылықтарына және тәртіп нормаларына, оның түрлеріне шыдамдылық танытады;

-аккомозация – әлеуметтік бейімделудің кең тараған түрі, төзімділік негізінде пайда болады және өзара келісушілікке әкеледі, яғни адамның жеке қабілетін ортаның қабылдауы деп түсінуге болады;

-ассимиляция немесе толығымен бейімделу, адам толықтай бұрынғы құндылықтарынан бас тартады және жаңа ортаның құндылықтар жүйесін қабылдайды.

Сонымен, оқушының жаңа әлеуметтік ортаға бейімделуі мектептегі мақсатты бағытталған педагогикалық-психологиялық оқу-тәрбие іс-шараларының ата-анамен тығыз байланысы арқылы немесе бей-берекет   жүзеге асуы да мүмкін екен.

Бейімделу үдерісін жетілдіру жолы ретінде, бала–мұғалім-орта-қоғам жүйесіндегі қатынасты жетілдіруді және баланы мектептің немесе келген ортасының ерекшеліктерімен, ережелерімен таныстыра отырып, бейімделіп отырған жеке тұлғаның жақсы жаққа өзгеруін бақылау жұмыстарын жолға қоюды айтуға болады.

Мектеп – оқушының әлеуметтік бейімделу ортасы. Педагог кадрлар мен психологтар оқушы жай-күйін бағдарлап, жаңа ортаға абайлап бейімдеу үшін, алдындағы баланың психологиялық ерекшеліктері туралы деректер жинақтауы қажет. Оқушының оқуға қажетті психологиялық даярлық   деңгейін психолог маманмен бірлесе отырып өткізілген әртүрлі іс-шаралар негізінде жинақтауға болады. Психолог баланың іс-әрекетін меңгеру арқылы барлық тәжірибені меңгеруіне және балаға әлемді, қоршаған ортаны қабылдауын сезінуі кезінде өзіндік концепциясын құруға көмектеседі. Бұл жерде психологтың мақсаты — оқушының жеке тұлға ретінде қалыптасуына, олардың шығармашылық мүмкіндіктерінің ашылуына, қабілеттері мен бейімділіктерінің дамуына көмектесу. Психолог баланың ортаға бейімделуін, бала бойындағы үлгермеушілік, кері тартпалық, агрессиялық мінез-құлықтың болу себептерін анықтай отырып, оқушының ата-анасымен де жұмыс жүргізеді. Мұғалім, ата-ана, психолог бірлесе отырып, табысты түзету жұмыстарының нәтижесінде баланың ортаға бейімделуіне, өзін-өзі ұстауына, сабақ үлгеріміне оң әсерін тигізеді. Мектептегі осы бағыттағы психологиялық қызметтің ойдағыдай нәтиже беруі төмендегі мәселелерге:

-мектеп психологы мен педагогикалық ұжымның бірлесіп әрекет жасай білуіне, оқушылармен қарым-қатынас жасауда, оқу- тәрбиеүдерісінің күрделі мәселесін шешуде бірлесіп жұмыс жасау мүмкіндіктеріне;

-психологиялық қызмет өз жұмысын ата-аналармен немесе олардың орнындағы адамдармен, балаларды қамқорлыққа алған мекемелермен, жасы толмағандар мен жеткіншектер инспекциясы және дәрігерлік мекемелермен бірлесіп жүргізгенде;

-психологиялық қызметті арнаулы психолог мамандар немесе қайтадан психологиялық даярлықтан өткен адамдар жүргізгенде;

-мектеп психологының психология ғылымдарының барлық салалары бойынша теориялық білім түрлерін меңгеріп, оны күнделікті өз тәжірибесінде дұрыс қолдана алған жағдайында;

-мектептегі психологиялық қызметтіңөз деңгейіне сай жүргізілуі үшін психологтар өз міндеттері мен құқықтарын жақсы білуіне тікелей байланысты болады.

Адамның іс-әрекетінің өнімділігі, өмірден рахат алу қабілеті және оның психикалық теңдігі бұзылыссыз болған жағдайдағы бейімделу үдерісін — адамның әлеуметтік ортаға жақсы бейімделгендігі деп айтуға болады.

Сонымен оқушыны әлеуметтік-психологиялық тұрғыда ортаға сәтті бейімдеу тұлғаның өзіндік танымын, өзін-өзі жетілдіруін, өмірден өз орнын қателеспей табуын және жан-жақты табысты дамуын жүзеге асыратын күрделі үдеріс болғандықтан осы бағыттағы педагогикалық-психологиялық жұмыстарды жүйелі жүргізу және жағдай жасау – бүгінгі таңдағы білім беру саласының маңызды мәселесі болып отыр.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. «Қазақстан мектебі» республикалық ғылыми-практикалық журнал 2008-2013 ж.
  2. «Оқушы тәрбиесі»   республикалық ғылыми- әдістемелік журнал   2010-2013 ж.
  3. Бабаев С.Б. «Жантану негіздері»   Алматы. 2007 ж.
  4. Абрамова Г.С. Возрастная психология. М. Просвещение, 2008
  5. Социальная психология: учебное пособие для вузов /Под ред.Журавлева А.Л./М. 2002

Торебекова Эльмира Абсематовна

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы

Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институттың

«Тұлғаны тәрбиелеу және әлеуметтендіру» кафедрасының аға оқытушысы,

қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының магистрі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.