Home » Оқу-әдістемелік материалдар » Оқушының өзіндік «мен» тұжырымдамасын қалай дамытамыз?

Оқушының өзіндік «мен» тұжырымдамасын қалай дамытамыз?

«Мен» тұжырымдамасы – бізді алға жылжытатын және біздің мінез-құлықтарымызды бағыттайтын, өзін-өзі өзгертуге жетелейтін әлеуметтік стимул және шынайы әлем жағдайында шеберлікке ұмтылатын құзіреттіліктің белсенді компоненті. Әрбір балаға жеке тұлға ретінде қарап, оның өзіне тән санасы, еркі, өзіндік әрекет жасай алатын ортасы бар екенін ескеріп, оқушының білімге, ғылымға деген ынтасын арттыру үшін алдымен қоғамдағы педагогтардың санасы өзгеруі тиіс екендігі айдан анық.

Қазіргі заманда болып жатқан өзгерістер әлемдік білім беру жүйесін қайта қарау керек екендігін паш етті. Оқу саласындағы ең басты маңызды мәселе «XXI ғасырда нені оқыту керек?» және де екіншісі «мұғалімдер оқушыларды XXI ғасырға қалай дайындайды?». Қарқынды өзгеріп жатқан әлемде бәсекеге қабілетті ұрпақ даярлау – әрбір жанашыр ұстаздың міндеті. Бүгінгі білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті, өзіндік «мені» бар, ойын еркін жеткізе алатын ұрпақ тәрбиелеу. Мектеп – үйрететін орта, оның жүрегі – мұғалім. Ізденімпаз мұғалімнің шығармашылығындағы ерекше тұс – оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білуі. Олардың ақыл-ой қабілетін, дүниетанымын, өмірлік мақсат-мүддесін айқындауға, жеке басының қасиеттерін дамытып, оны қоғам талабына сай іске асыруға көмектесу – мектеп өміріндегі үздіксіз оқу-тәрбие процесінің ғана жемісі болып табылады.

Біліктілігімді арттырып жатқан «Педагогикалық қоғамдастықтағы мұғалім көшбасшылығы» бағдарламасының мақсаты – сапалы білімді және саналы тәрбиелі ұрпақ дайындайтын, кәсіби біліктілігі жоғары, әріптестерін дамудың даңғыл жолына жетелей білетін тұлғаның үздіксіз кәсіби дамуына ықпал ету болып табылады. Алға қойылған нақты мақсаттарды негізге ала отырып мектептегі тәжірибемнің жоспарын оқушылар мен мұғалімдердің қажеттіліктеріне қарай жоспарладым.

Өзім еңбек етіп жүрген Тұрар Рысқұлов атындағы №24 жалпы орта мектебінде қараша айының үшінші жұлдызында жоспарымның маңызды бөлігі коучинг сабағымды өттім. Кәсіби қоғамдастықтың білім және инновациялар алмасу үдерісінде маңызды екенін ескере отырып, қоғамдастықтағы мектеп педагогтарымен бірлесіп «оқушының өзіндік «мен» тұжырымдамасын қалай дамытамын?» проблемалық тақырыбы төңірегінде коучинг сабағымды өрбіттім. Біз үшін оқушы үні қаншалықты маңызды? Қазақ мектептеріндегі оқушының өзіндік «мен» тұжырымдамасы жеткілікті дәрежеде қалыптасқан ба? Бұл проблема көптеген орта білім беру мекемелерінде кездесетін болғандықтан, осы тақырыпты өзекті деп таптым. Мектептегі оқушылардың оқуға деген мотивациясын анықтау мақсатында бірінші, тоғызыншы, он бірінші сынып оқушыларынан сауалнама алдым. Сауалнаманың қорытындысы бойынша бастауыш сыныптардағы оқушылардың оқу мотивациясы 57%-ды құраса, орта буын оқушыларының оқу мотивациясы 35%, ал жоғарғы сыныптардағы оқушылардың оқу мотивациясы 20%-ды құрады. Неге оқушылар есейген сайын олардың оқуға деген уәжі төмендейді? Бұл сауалдың жауабын тауып, проблеманы шешудің жолдарын қатысушылармен бірлесе отырып іздестірдік.

Қатысушы мұғалімдердің бір-бірінің бойынан жақсы қасиеттерін көре білуге дағдыландыру үшін «сатамын, сатып аламын» сергіту сәтін жүргіздім. Мұндағы түпкі мақсат мұғалімдерге кез-келген баланың бойынан жақсылықты байқауға баулу. «Көртышқан мен жұмыртқа» тәмсілін ұсыну арқылы мұғалімдерге сабақта оқушы үнін іске асыруға, әр баланың ойын тыңдай білуге түрткі болу еді. Мұны қатысушылар талқылап, өз тәжірибелерінде болдырмаудың жолдарын ұсынды. Коучингтің негізгі ой қорытуға түрткі болатын тәмсілі «Анатолидің кішкене қазаны» қатысушыларға қатты әсер етті. Коучингке қатысып отырған ұстаздар кейде ата-ана мен ұстаздар тарапынан баланың ішкі уәжімен санаспау, оқушы үнін тыңдамау сияқты әрекеттердің салдарынан оқушының өзіндік «мені» әлсірейтіндігін айтып, өз тәжірибелерінде тәмсілдегі жағдай бола қалса қалай әрекет ету керектігін талқылады. Яғни оқуға деген ішкі уәжі төмен, «мен» тұжырымдамасы әлсіз оқушыларды қолдаудың оқушы үшін қаншалықты маңызды екендігін айтып, өз ойларымен бөлісті. Қатысушы педагогтарға «сіз баланың ішкі уәжін арттыру және өзіндік «мен» ұғымын қалыптастыру үшін қандай әрекеттер жасайтын едіңіз?» деген сұрағыма ұстаздар қауымы «эссе», «дебат», «тұжырымдамалық карта» тапсырмалары арқылы жауап берді. Тәжірибесі мол мұғалімдер мен жаңашыл жастардың ойы бір жерге ұштасып, проблемалық сұрақтың шешімін әр топ ерекше идеялар арқылы ұсынды. Топтық жұмыста дебаттан үзінді көрсету сәтінде биология пәнінің мұғалімі Б. Бөрібайқызы: «Оқушының өзіндік «мен» тұжырымдамасы жүре пайда болады, оны балаға түрлі тәсілдермен әсер ету арқылы дамытамыз» — десе, тарих пәнінің мұғалімі Ж.Тулеева: «Баланың бойында атаның қанымен, ананың сүтімен дарыған қабілеттер болады, өзіндік «мен» тұжырымдамасы әлсіз және күшті болуы адамның туа біткен қасиеті» — деген қарсы пікірлер айтысып, коучингті жандандырды. Сабақтың соңында Грузияның педагог психологі Ш.А. Амонашвилидің «қанаттар» тәмсілін көрсетіп, ондағы «баланы өз тәрбиемізге алсақ оған қанат бітіріп, оны білім нәрімен сусындатып, қанаттандыруымыз керек» деген тәмсілдің идеясын әріптестеріме ұсыну арқылы, осы пікірдің маңыздылығын талқылып, келешекте өз тәжірибелерінде назарға алуына ықпал жасау болды. Ш.А. Амонашвиллидің: «Балалар бізден жанды білім күтеді. Жанды білім – биікке самғайтын қанаттар. Жансыз білім – аяқтағы кісендер. Зияткерлік (сыртқы) білім санадан орын алады (жұмысқа тұру үшін). Рухани-адамгершілік (ішкі) білім жүректен орын алады (бақытты болу үшін). Білім берудің екі қыры өмір үндестігін құрып диалектикалық бірлікте болуы тиіс» — сөзімен коучинг сабағымды аяқтадым. Осындай коучингтердің қоғамдастықтағы мектептер арасында проблемаларды шешу мақсатында жұмысы жандана түссе, ұстаздарымыздың бәсекеге қабілетті, ақылды, өмірде өз орнын таба алатын, саналы ұрпақ тәрбиелеп шығаратындығына кәміл сенемін.

Нұртаева Қарлығаш,

Т.Рысқұлов атындағы жалпы орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі,

ОҚО, Кентау қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.