Қазіргі кезде, еліміздің білім беру жүйесіндегі реформалар мен саясаттар, өзгерістер мен жаңалықтар әрбір педагог қауымының ойлауына, өткені мен бүгіні, келешегі мен болашағы жайлы толғануына, жаңа идеялар мен жаңа жүйелермен жұмыс жасауына негіз болары анық.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында жалпы орта білім берудің ұлттық деңгейдегі басты мақсаты – еліміздің әлеуметтік, экономикалық және саяси өміріне белсенді қатысуға дайын, құзыретті тұлғаның қалыптасуына ықпал ету деп анық көрсетілген.
Құзіреттілік – жеке тұлғаның теориялық білімі мен практикалық тәжірибесін белгілі бір міндеттерді орындауға даярлығы мен қабілеті. Ол жансыз жаттанды білім түрінде емес жеке тұлғаның танымға, ойлауға қатысын және әрекетке, белгілі мәселелерді ұсынып, шешім жасауға, оның барысы мен нәтижелерін талдауға, ұдайы түрде ұтымды түзетулер енгізіп отыруға деген икемділігінің белсенділігінен көрінеді.
Сапалы білім беру арқылы оқушылардың алған теориялық білімін практикалық іспен байланыстыра отырып, олардың дүние танымын кеңейтіп, белгілі бір құзіреттіліктерді бойына сіңірген жеке тұлғаны қалыптастыра аламыз. Білімнің сапасын көтеруде қазіргі таңда қолданылып жатқан әдіс-амалдар өте көп, олар оқушылардың қызығушылығын арттыруда, жаңа технологиялар да жылдан-жылға көбею үстінде. Жаңа технология негізінде оқушы, біріншіден, таныс тәсілдер арқылы бұрыннан таныс үлгілер бойынша жұмысты іске асырады. Екіншіден, танымдық іс-әрекет арқылы білім мазмұнын нәтижеге бағдарлайды. Үшіншіден, шығармашылық іс-әрекет арқылы таныс емес жағдайдағы проблемалық жағдаяттардан шығу жолдарын қарастырады, жеке адамның тұлғалануымен ерекшеленеді. Оқушы шығармашылықты тапсырмаларды орындау барысында ақпараттық көздерінен алынған мәліметтерді пайдалана отырып өмірден көрген практикасымен байланыстыру арқылы сұрақтардың шешімін табуға жол ашады.
Ал қазіргі оқытушы оқушыларға дұрыс ұйымдастыра отырып, бағыт бағдар беру арқылы өздігінен жұмыс жасауға үйрету нәтижесінде, жаңа идеялар мен жаңалықтар, болжамдар мен нәтижелер әкелетіндей тұлға даярлап шығуды көздеуде. Оқытушы қауымнан оқушылар тек білімге ғана емес, өмірге де үйрететін қабілеттілікті қажет етіп отыр.
Осындай күрделі іс-әрекет түрлерімен қарым-қатынасқа түсе отырып, бүгінгі талапқа сай «құзіреттілік» негізінде өзінің әлеуетін көтеруді жүзеге асырады. Қазақстан республикасының «Білім туралы» Заңында оқыту реформасын, әдістерін, технологияларын таңдауда көп нұсқалылық қағидасы бекітілген, бұл мұғалімдерге кез келген үлгімен сабақ өтуге мүмкіндік береді. Осыдан келіп жаңа технологияларды тиімді түрде қолдану қажеттігі туындайды. Бұл әдістемелер жиынтығы оқушының өзін-өзі дамытуға, жан-жақты тануға, өзін-өзі өзектендіруге көмектеседі. Бұл орайда кез келген ізденіс – оқу ісіндегі субьектілер оқушы мен оқытушының өзара іс-әрекетіне, танымдық қызметіне бағытталуы тиіс.
Оқушының іс-әрекетін мақсатты түрде ұйымдастыру, оған басшылық жасау, білімді өз белсенділіктерімен алуға жағдай туғызу – жаңа педагогикалық технологиялардың басты белгілері болып табылады. Көп жылғы тәжірибеде В.Ф. Шаталовтың «Тірек сызбалар арқылы оқыту технологиясы», В.К. Дьяченконың «Ұжымдық оқыту тәсілі», Қ.А.Әбдіғалиевтің «Шоғырландырып-қарқынды оқыту», Ж.А. Қараевтың «Оқытудың үш өлшемді әдістемелік жүйесі» технологиясы, жаңашыл ұстаз Қанипа Бітібаеваның ізденуге негізделген озық технологияларын пайдаланып, тиімділігіне көз жеткіздік. Қазірде осы айтылған әдістемелерді жүйелі түрде қолдануға мүмкіндік беретін «Модульдік оқыту технологиясы» кеңінен қолданылуда.
Жаңа мазмұнда оқыту оқушы құзіреттілігін қалыптастыруға көмектеседі. Құзіреттіліктер бұл пәндер жиынтығы емес, ол оқушының білімі, білігі және дағдыларының үйлестірмелі сипаттарымен байланыстыратын жаңадан қалыптасқан сапа болып табылады.
Елжандылық рух беретін бірден бір пән – қазақ тілі мен әдебиетінен пәнінен күтілетін нәтиже имандылық, адамгершілік-эстетикалық қасиеттері қалыптасады. Мемлекеттік және басқа да тілдерді игеру негізінде коммунактивтік құзыреттілігі қалыптасады. Ұлттық және әлемдік әдебиеттердің құндылықтарын игерген тұлға қалыптасады. Салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды, ұлттық ерекшеліктерді тани біледі. Әрбір сабақтан кейін оқушылар өзінің ой-толғанысын әртүрлі сұрақтарға жауап беру арқылы білдіріп, бөлісіп отырғаны абзал. Осындай тәжірибелер арқылы, қазіргі оқытушы оқушылардың ішкі мүмкіндіктерін ашу арқылы, олардың шығармашылық қабілеттерін тани білуге жаңашыл іс-әрекет жасауға, білімге деген жетіспеушілігін сезіп білуіне, өмірде кездесетін көптеген жағдаяттарды шеше білуге, жаңаны танып білуге деген құлшынысын, қабілеттерін оята білуге болады.
Колледж оқушыларының кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруды мынадай әдістер көмегімен айқындауға болады:
1) арнайы өз бетімен орындауға арналған тапсырмалар жүйесі;
2) жобалау әдісі;
3) шағын топтағы диалогтық (Сократтық әдіс), проблемалық жағдаяттар.
Сократтық әдіс ерекшелігі – әдіс қарапайым өмірлік ситуациялар негізінде құрылады. Шындықты бірлесе іздеу – білім берудегі ең басты тәсіл. Сократтың оқушылармен әңгімесі дәстүрлі тақырыптардан басталған. Диалогты өрістете отырып, оны құрамдас бөліктерге ажырата отырып, оның әрбір талқылау тармақшасынан жаңа сұрақтар тудырып, өзімен бірге ойлануға дайын адамдардың ойын шындықты іздестірудің қиын жолына апарған. Ойдың туындауына көмектесе отырып, Сократ бірде бір көзқарасты назарынан тыс қалдырмаған, алдын ала ешбір көзқарасқа жақтаспай, әңгімелесушілерді өзін-өзі жоққа шығаруға қатыстырған, осылайша, беделге емес, тек дәйектерге сенуге үйреткен. Сократтың пайымдауынша, педагог ештеңені қалыптастыру керек емес, ол басқа адамдарда даналықтың туындауына жағдай жасауы керек.
Кәсіби құзыреттілік ең алдымен оқушылардың ақпаратты сауаттылығы мен кез-келген мәселені дұрыс шеше білу қасиетінен көрініс табады. Оқушы қоғам талабына сай өзін-өзі үздіксіз жетілдіріп отыратын, кәсіби білімді, жаңа технологияларды меңгерген, ортамен қарым-қатынасқа тез бейімделе алатын, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, тәжірибесі мол т.б. қасиеттерді жинақтағанда ғана кәсіби құзыретті маман бола алады.
Ташкулова Қарлығаш Еламанқызы
Шымкент қаласы, МКҚК № 5 колледжінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы