Қазіргі интернет әлеуметтік желілер компьютерлік ойындар тағы басқада жағдайлар оқушының сабаққа деген ынтасын өздеріне аударып жатқаны белгілі. Осындай кезде оқушыға білімнің керек екенін және маңызы зор екенін жеткізу өте қиын. Ата-аналар балаларының оқуға деген ынтасының жоқтығына қиналу үстінде. Бірақ қазір мүмкін емес дүние жоқ, әр проблеманы шешудің дұрыс жолын таңдау керек. Төменде баланың оқуға деген ынтасын арттырудың жолдарынан біраз мысал келтірілді, мүмкін сіздерге, ата-аналарға көмек болар.
- Жастайынан бастап, логикалық дамуына ықпал ететін тапсырмаларды орындауға, сол секілді ойындар ойнатуға тырысыңыз. Баланызға оқу процесінің қызықты, көңілді, тартымды екенін, ол арқылы қызықты мәлімет білетінін айтыңыз.
- Ешқашанда балаңызға сабақты оқытуда бұйрық беру арқылы оқытпаңыз. Бұл еш нәтиже бере алмайды. Солай жасасаңыз сіз балаңыздың жүрегіне оқуға деген құштарлықты жойып аласыз. Одан да балаңызбен дос ретінде қатынасып, мүмкін сізден оған көмек керек шығар. Кейбір пәндерді меңгеруде қиындық туып жүрсе көмектесіңіз. Ол сізге сенетіндей болсын.
- Баланы сабақтан кейінгі уақытын тиімді пайдалануға жоспарлауды үйретіңіз. Үй тапсырмасын орындауға, демалуға, компьютерге отыруға уақыттарды бөліңіздер. Бала кезінен уақытты үнемді пайдалануға үйретіңіз.
- Мектепте төмен баға алған жағдайда ұрысып, тіл тигізбеңіз. Керісінше оны қолдап, төмен баға уақытша екенін, әліде болса келесі сабақтардан жақсы баға алып, мұғалімдерді таң қалдырасың деп қолдап, қолпаштау керек.
- Балаңызды жиі мақтаңыз, азғантай ғана сәтсіздіктер үшінде. Оған, сіз онымен қалай мақтанатыныңызды, ол сізде еңбеққор, ақылды деген жылы сөздермен мақтап отырыңыз. Балаларды мақтап қолпаштау өте кіші жастан маңызды. Бала бекер еңбектеніп жатпағанын түсіну керек. Оның еңбегін ата-анасы біледі және оны мақтан етеді деген сенім болу керек.
- Баланың істеген ісі үшін марапаттай біліңіз. Істеген ісі, оқудағы жетістігі үшін әрқашан марапаттау керек. Балаңыздың нені қызықтайтының, оның арманын біліңіз. Сосын келісіме келіңіз, оқуда белгілі жетістікке жеткен жағдайда оған өзінің қалап жүрген дүниесін сыйлыққа алып беретінің ескертіңіз. Бастысы оқуға деген ынтасын арттыру.
- Өзіңіз балаға үлгі болуға лайықты болыңыз. Егер бала өзінің ата-анасының білімді, ақылды екенін көргенде мен неге әке-шешеме ұқсамаймын деген мотивациясы туындайды.
Бірақта бұл оқушының оқуға деген мотивациясын тудыратын кеңестердің барлығы емес. Алайда осы кеңестерді ұстанатын болсаңыз, балаңыздың аздаған уақыт ішінде нәтиже беретіні сөзсіз.
Исмагулова Айдана,
№19 орта мектебінің психологі
Қостанай облысы, Рудный қаласы