Home » Мақалалар » Оқушының бойындағы зерттеушілік дағдыны дамыту

Оқушының бойындағы зерттеушілік дағдыны дамыту

«Елдің келешегі бүгінгі жастардың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздың қолында» деп Елбасы бізге үлкен міндет артып отыр. Қазіргі заман мектептерінің оқушыларына қойылатын талап та өте жоғары. Олар жоғары дәрежедегі құзіретке ие болу, өз бетімен өмір сүре алу және кәсіби қызметке шығармашылық тұрғыдан дайын болу керек. Мұндай тұлғаны тәрбиелеу үшін елдің білім беру жүйесінде білімді қолдану проблемасы үлкен мәселе болып тұр. Оқушыларды ғылыми-зерттеу және ғылыми практикалық қызметке қатысуын көздейтін бағыт барынша маңызды болуда. Қазіргі қоғамда оқушылар арасында ғылыми зерттеу конкурстары мысалы, Дарын, Зерде, т.б. ғылыми конкурстар көп. Міне осы конкурстарға оқушыларды қатыстыру жөнінде педагог кадрларға да өте үлкен талаптар қойылуда. Педагогтар арасында ғылыми зерттеу жұмысымен айналысатын оқушыны таңдау, зерттеу тақырыбын таңдау қиын мәселелердің бірі.

Ғылыми зерттеу жұмысымен айналысуға қабілетті оқушының бойында қандай қасиеттер болу керек?

Ғылыми зерттеу жұмысына тартуға болатын оқушының бойында келесі қасиеттер байқалса жеткілікті деп ойлаймын: қызығушылығы басым, білімі өте жақсы, білімге құмарлық, ынталы, өздігінен жұмыс жасай алатын, төзімді, ізденімпаз, қиял күші басымдау.

Мен 9-сынып оқушысы Мұса Даниярды жетекшілікке алып, ғылыми зерттеу жұмысымен айналыстым. Бұл оқушының бойында жоғарыда аталған қасиеттердің барлығы болды, сондықтан онымен жұмыс жасау маған аса қиындық туғызған жоқ. Екі жақтың белсенді еңбегінің арқасында Мұса Данияр Дарын республикалық ғылыми практикалық орталығы өткізген оқушылар арасындағы ғылыми-практикалық конференциядан жүлделі 1-орын алды. Жоғарыда аталғандар дарынды емес, оқуға қабілетті оқушылардың бойынан табылатын қасиеттер деп ойлаймын. Сондықтан ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысатын оқушыны таңдау барысында оқушы дарынды болу міндетті емес, ол оқуға қабілетті оқушы болса болса жеткілікті. Себебі біздің алдымызға келетін оқушылар көбінесе оқуға қабілетті оқушылар болып келеді, ал дарынды балалар өте сирек кездеседі.

Ғылыми жұмыс бастаудың өзекті мәселелерінің бірі тақырып таңдау.

Зерттеу объектіні немесе тақырыпты таңдау ережелері.

  • Тақырып оқушыға өте қызық болу керек.
  • Тақырып шешімін тез табатындай оқушыға пайдасы болатындай болу керек.
  • Тақырып бойынша жұмыста ерекше, қызықты элементтер болу керек.
  • Тақырып бойынша жұмыс тез орындалатындай болу керек.

Тақырып таңдау, зерттеудің формасы мен әдістері, оқушының жас ерекшелігіне, білім дәрежесіне сәйкес болу керек. Таңдалған тақырып бойынша зерттеудің күрделілік деңгейін аса оңайлатудың немесе аса қиындатудың қажеті жоқ. Жас зерттеушінің зерттеу жұмысының күрделілігін өз деңгейінде жасауға тырысу қажет. Осы жағдайда ғана оқушы жетекші педагогпен бірлесіп жұмыс жасау барысында жаңадан алған білімін, дағдысын тиімді қолданып, оларды ары қарай дамыта алады.

Мен ғылыми жұмыс тақырыбы ретінде «Криптография тарихы» деген тақырып таңдадым. Бұл тақырыпты таңдау себебім Криптография ғылымы зерттеуші оқушы үшін жаңа білім болғандықтан ең алдымен сол тақырыптың тарихына көп көңіл бөлуді дұрыс деп санадым. Себебі, шығу тарихын зерттеп алмай кез келген дүниенің сырын түсіну мүмкін емес. Осыдан кейін тақырып бойынша жан-жақты зерттеулер жүргіздік, барлық қыр-сырын ұғынуға тырыстық, ғалымдардың осы тақырып төңірінде жүргізген зерттеулерін талдадық. Сонымен қоса тақырыпқа сай қызықты деректер жинақтадық. Осы жұмыстарды жүргізіп болған соң өз тарапымыздан қандай жұмыс жасау керектігін айқындап алып, соған кірістік де нәтижесі бойынша талдау жасап, қорытынды шығардық.

Зерттелетін тақырып зерттеушінің болашағына үлкен жол ашуы мүмкін екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан таңдалатын тақырып оқушының табиғатына, болмысына жақын болғаны абзал.

Осы жұмыстардың барлығын орындау кезінде «зерттеуші» оқушының ата-анасымен тығыз байланыс жасадым.  Бұл да өте қажет, себебі ата-ананың қолдауы балаға өте қажет. Оқушыны сабақтан тыс уақытта жұмыс жасау уақытын ата-анасы білуі қажет.

Оқушы зерттеу жұмысымен айналысу үшін зерттеу объектісіне байланысты оның бойында қажетті білім, білік, дағды болу керек. Бұл қажетті білім, білік, дағдыны оқушы бойына сіңіруге көмектесетін бұл әрине жетекші педагог. Оқушының ғылыми зерттеу дағдысын дамытуда педагогтың атқаратын рөлі өте жоғары. Қай жұмысты болсын қызығушылықпен, ынтамен жасаса нәтиже шығатыны анық.

Оқушымен шығармашылық жұмыс бастамас бұрын мұғалім өзіне төмендегідей талап қойғаны дұрыс:

  1. Оқушыға псилогиялық көмек;
  2. Ата-анасымен тығыз байланыста болу;
  3. Зерттеуші оқушыға арнайы бағдарлама жасау және келісім шарт жасау;
  4. Жұмыс істеу үшін тақырыпқа байланысты жаңа, тың тапсырмалар беру, орындалуына талап қою;
  5. Тапсырманың орындалу нәтижесін қадағалау.
  6. Жұмысты қорғауға дайындау.

Жұмысты қорғауға дайындау пунктіне баса назар аудару керек.

Оқушыларды ғылыми жоба конкурстарына дайындауда мынадай мәселелерге ерекше көңіл бөлу қажет:

— Тақырыптың ғылыми құндылылығын аша білу;

— Таңдаған тақырыпты ашудағы оқушы өз еңбегінің сипаты, қосқан үлесін көрсете білу;

— Көрнекілігі мен ұсынылған материалдың сапалылығына қарау;

— Ойын ұтымды, жағымды жеткізе алуы, сөйлеу мәнері, өзін ұстауы, аудиторияны тартуы;

«Бұлақ көрсең, көзін аш» деген ұлағатты сөзге сүйеніп, бар мүмкіндікті пайдаланып, баланың қабілетін, дарынын ашу және әрбір оқушының өз мүмкіндіктерін, қабілет және икемділігін таныта білуіне жағдай жасау – мұғалімнің басты міндеттерінің бірі. Дарынды да, қабілетті оқушыларды ғылымға баулып, ғылым арқылы егемендігімізді нығайтуға үлес қосайық құрметті әріптестер!

Г.С. Спарханова

Шымкент қаласы,

 физика — математика бағытындағы

Назарбаев Зияткерлік мектебі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.