Home » Жаңалықтар » Оқушылар «IT әлемінде» тың жобаларын ұсынды

Оқушылар «IT әлемінде» тың жобаларын ұсынды

Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде қалалық әкімдік пен білім беру бөлімінің қолдауымен алғаш рет Ақпараттық технологиялар саласындағы «ІТ әлемінде» атты жобалар байқауы ұйымдастырылды. Білім және шығармашылық сайысқа шаһарымыздағы жалпы орта мектептерде білім алатын 30-ға жуық оқушы қатысып, бақтарын сынады. Мақсат — жалпы білім беретін мектеп оқушыларының ІТ және кәсіптік бейімділіктерін дамытуға көмек беру. Қазақстан қоғамында білім, денсаулық, бейбітшілік, қоршаған орта, инженерлік салаларда әлеуметтік мәні бар қолданбалы бағдарламалар жасау және қолдану.

Байқау 5 бағыт бойынша өткізілді: бағдарламалау, компьютерлік өнер, мобильдік бағдарлама, 3 минуттан аспайтын қысқаметражды фильм /еркін тақырыпта/ және  робототехника.

Шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Арысбекқызы байқаудың маңыздылығына ерекше тоқталды. «Бүгінде өркениетті елдерді ақпараттық технологиясыз елестету мүмкін емес. Әлемді билейтін де солар. Ал болашағымыз білімді, IT саласын меңгерген жастардың қолында. Бұл байқау — осы саланы дамытуға арналған қадамның бірі болмақ. Сонымен қатар жалпы білім ошақтарының Зияткер мектептерден үйренері көп. Тәжірибе алмасуда көптеген жұмыстар атқарудамыз. Болашақта оқушылардың қатысуымен ортақ жоба жасауға дайынбыз»,- деп нақтылады.

Ал мектебіміздің директоры Қаракөз Ізбасарқызы талантты, қабілетті оқушылардың басын қосқан байқаудың  жеңімпаздарын алда үлкен мүмкіндіктердің күтіп тұрғанын жеткізді. «Шараны өткізуге себепші болған мектеп оқушылары. Өйткені жақында ғана оқушыларымыз  халықаралық «Infomatrix» ақпараттық жобалар байқауына қатысып, 1 алтын, 2 күміс, 2 қола медальға қол жеткізген еді. Содан дәл осындай жарыстарға өзге мектеп оқушылары да қатысуға мүмкіндік алса деген ой келіпті. Содан біз қала әкіміне хатпен шығып, бірден қолдау білдірді. Сонымен қатар Елбасымыз жалпы білім беретін мектеп Зияткер мектептермен теңесуі керек деп атап өткен. Сондықтан біз іс-тәжіибемізді таратуға дайынбыз».

Байқауға қатысқан жұмыстардың ішінде «Бағдарламалау » секциясы бойынша №41 мектеп-лицейдің оқушысы Абдуллаев Бекболаттың «Электронды кітапхана», №7 Қ.Спатаев атындағы мектеп-лицей оқушысы Кенжеев Нұртілеудің «LI-FI шамынан алатын интернет» атты жобаларын қазылар алқасы ерекше бағалады. Ал  «Қысқаметражды фильм» секциясында №65 мектеп-гимназияның оқушысы Есболған Нұрдаулет Нұғманұлы таныстырған «Мен өз Отанымның патриотымын», №15 мектеп-лицей оқушысы Манарбекқызы Зарема және Мейірбек Аңсар дайындаған «Canopus Edius» бағдарламасында видеоны өңдеу» атты фильмдер келушілердің қызығушылығын тудырды. Ал «Робототехника» секциясынан «Күн батарейкалы қашықтықтан басқарылатын қайық» атты жұмысын акелген №25 мектеп-гимназия оқушысы Мусабеков Мадияр мен Қалдарбеков Нұрғиса, «Ультрадыбысты сенсорлы робот «Walker turtLe»  «күн батареясы» жобасын жасаған №65 мектеп-гимназияның оқушысы Егембердиев Шерзод Бахрамұлы көпшілікке ой салғаны анық. Ал «Компьютерлік өнер» секциясында №1 мектеп-гимназия оқушысы Габидулина Злата түсірген «Әлеуметтік жарнамасының» өзектілігі ескеріліп, жоғары бағасын алды.

Сонымен қатар, Шымкент қаласы физика-математика бағытындағы НЗМ оқушыларының жасаған робототехникалық, бағдарламалау жұмыстарының көрсетілімі болды.

Байқауға қатысқан жұмыстарды бағалауда қазылар алқасы әр жобаның өзектілігене, әсіресе жаңашылдығына  мән берді.  Тақырыптың маңыздылығы, мәселені зерттеу тереңдігі  мен берілген шешімнің ерекше болуы, жобаны қорғап, қойылған сұрақтарға толыққанды жауап беруі де ескерілді. Жарыстың нәтижесі бойынша әр секцияның I, II, III иегерлері анықталып, арнайы граматолармен марапатталды. Сонымен қатар «Ең үздік жаңашыл жоба» номинациясының иегері «Сайтты қорғау. Жүйелік қауіпсіздік» атты жобаның авторы Диас Маккамбаев деп танылып, 50 мың теңге көлемінде сыйақыға ие болды. Ал «Ең креативті жоба» номинациясына жол-көлік оқиғаларының алдын алуға арналған жүмыстың авторы Шерзод Егембердиев лайық деп танылды. «Әлеуметтік жарнама» жұмысын ұсынған Злата Габидуллина «Үздік әлеуметтік жоба» номинациясының жеңімпазы деп танылып, қаржылай сыйлыққа ие болды.

Махаббат Абдешова

Шымкент қаласы, физика-математика бағытындағы

Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.