Home » Жаңалықтар » Оқушылар «Шәкәрім. Жолсыз жаза» қойылымын тамашалады

Оқушылар «Шәкәрім. Жолсыз жаза» қойылымын тамашалады

Дүниеге келмей тұрып пешенесіне тағдырдың тәлкегі жазылған тау тұлғалардың бірі — Шәкәрім. Ойшылдың саналы ғұмырында тартқан азабы мен көрген қорлығы жайлы әдебиет беттері, түрлі басылымдар мен әлеуметтік желілерден оқып танысқанымызбен, көз алдымызға елестете алмағанымыз шындық. Ал Семейдегі «Дариға-ай» жастар театрының бел бүгілердей батпан жүкті арқалап алып, ақынның шырғалаңға толы өмірін шығармаға айналдырып, сахналанған «Шәкәрім. Жолсыз жаза» атты спектаклі әр адамды сол заманда өмір сүргендей күй кештіреді.

Шәкәрімнің «Мұтылғанның өмірі» поэмасы мен ұлы Ахаттың естеліктері желісінде жаңа форматта көрерменге жол тартқан қойылымды «Театр күні» аясында Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздары мен оқушылары арнайы барып тамашалады. Ғұламаның туғанына 160 жыл толу қарсаңында жерлес режиссер Жұлдызбек Жұманбай мен театр директоры Амангелді Бахтиновтың бірлескен еңбектерінің арқасында жарыққа шыққан пьеса бір жанның басындағы қым-қуыт оқиғаларды негізге ала отырып, адам бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттерді ашып көрсетеді.

— Театр — өмір айнасы. Қай қоғамның болмасын ащы шындығын бүкпесіз суреттейтін қойылымдардың адамды дұрыс жолға тәрбиелеуде септігі аз тимейді. Соның ішінде оң мен солын әлі толық тани білмеген мектеп оқушылары үшін таптырмас құрал. Шәкірттеріміз Шәкәрім аталарының қиындыққа толы аянышты өмірін көру арқылы бұрын оқыған білімдерін толықтырып қана қоймай, тағылымға толы тәрбиелік өсиет сөздерін естіді. Кез-келген адамның бойында кездесуі мүмкін жаман қасиеттердің ізгі амалдардан арасы жер мен көктей екендігіне көз жеткізді. Театр ұжымы қойылым арқылы көрерменге ой салу жағынан ұтса, біз оқушыларымызға рухани азық сыйлап, олардың ой-өрісінің кеңейіп, өсе түсуіне ықпал ете алдық деп ойлаймын, — дейді спектакль соңынан кейін  ойымен бөліскен мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Лариса Абылқасымова.

Ақылгөй пір тұтар ағасы Абайдан айырылып, айналасындағы ағайынға сөзін ұқтыра алмаған қамкөңіл қажының сырласары да мұңдасары қарт Шыңғыстың қатпар-қатпар тастары болғаны, жан жолдасы, серігі Әупішпен өз өтініші бойынша жолының екіге айырылуы, Қызыл Кеңестің қысымына шыдамай абақтының тар қапасында өзіне-өзі қол жұмсаған Ғафур, Баязиттай ұрпақтарының бірінің бассыз, бірінің мойына байланған арқанмен сахнаға шығуы көрген адамға толқынысқа толы әсер қалдырғаны анық.

Ал спекткльдің қажының шыр етіп дүниеге келуімен басталып,  қайғылы оқиға атылып, сүйегі құдыққа тасталуымен аяқталуы шыңына шыққан шығарманың соңғы нүктесін ғана қойып қана қоймай, бізді бір демде отырып тамашалауға мәжбүр етті.

Сүйсінгеніміз – әр рөлді жанын сала ойнаған Еркебұлан Нұғыманов, Естай Шәріпұлы, Ғалымбет Тасболатовтардың актерлік шеберліктерінде еді. Пьесаның өн бойында ақын қаламынан туған поэзия мен әндері де ерекше үйлесімділікпен орын тапқан.

Содан болса керек, оқушыларымыз қойылым аяқталысымен тік тұрып, театр ұжымына ұзақ қошемет көрсетуі олардың сахнадағы аға-әпкелеріне деген ыстық ықыластарын айтқызбай-ақ дәлелдеді.

Актерлармен бір мезет тілдесуге мүмкіндік берілген сәтте қойылым жайлы түрлі сауалдарын жолдаған шәкірттеріміз әр кейіпкермен жеке танысып, шығармаға арқау болған құнды дүниелердің жемісті еңбекке қалай айналғандығын да естіді.

— Оқығанымыз өз алдына, ал көру бір бөлек екендігіне тағы да көз жетті. Өмірі «мыңмен жалғыз алысқан» күреске толы күрделі тұлға Шәкәрімді сахналау оңай емес. Сонда да үлкен істі жауапкершілікпен атқара білген әртіс аға-әпкелеріміздің еңбегіне тәнтімін. Ерекше әсер, өзгеше көңіл-күй сыйлады. Шығармашылық табыс тілеймін, — дейді 10 сынып оқушысы Тұрар Кәметай.

Баланы этика, эстетикалық бағытта тәрбиелеуде осындай мәдени шаралардың маңызы зор. Ендеше, осы ұстанымды түзу бағытқа қоя білген мектеп ұжымы дұрыс жолда келе жатыр.

 

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы

 Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі  

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.