Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің Оқушылар Парламенті Павлодар облысы әкімінің орынбасары Бегентаев Мейрам Мұхамметрахымұлымен кездесті.
Қашан да жастарға деген ықыласы бөлек Мейрам Мұхамметрахымұлы әр оқушымен жіті танысып, ашық әңгіме өрбітті. Алдымен сөз алған мектеп президенті, 11 «С» сынып оқушысы Олжас Амангелді көшбасшы оқушылардан құралған Оқушылар Парламентінің жұмыс барысымен таныстырды. Сонымен қатар, бүгінгі таңға дейін атқарылған шаралар, жоспарларымен бөлісті. Әсіресе, мектеп қабырғасындағы ғана емес, аймақ көлемінде ұйымдастырылатын шараларға тоқталды. Олардың қатарында «BookCrossing», «Wikipedia» сынды игі жобалар бар.
Мейрам Мұхамметрахымұлы облыстағы денсаулық сақтау, білім беру, тұрғындарды жұмыспен қамту мен әлеуметтік қорғау, тілдерді дамыту, мәдениет және мұрағаттар, ішкі саясат, дін, спорт сынды әлеуметтік салалардың дамуын қадағалап, осы бағытта жұмыс атқаратындықтан, кездесу барысында жоғарыда аталған тақырыптар аясында сөз қозғалды. Мәселен, спорт саласы бойынша мектеп көшбасшысы Нурмаканов Темірлан қаладағы кейбір шағын аудандарда футбол алаңдарының жетіспеушілігі байқалатынын бүгіп қалмады. Сондай-ақ, Баянауылда ұлттық туризмді дамытуға қатысты ойларымен бөлісті.
Кездесу соңында Мейрам Бегентаев Темірланға спорттық алаңдарды орнату бойынша сызылған жоспар картасын сыйға тартты. Осындай жүздесу дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын болды.
Мирас Оразбай, «Самұрық» шаңырағының көшбасшысы:
— Кездесуден ерекше әсер алдым. Мейрам Мұхамметрахымұлы атқаратын жұмысы келелі әрі ауқымды болғанына қарамастан, жас буынға уақыт бөліп, ой-пікірлерін ортаға салғанына ризамыз. Бізді тек оқушы ретінде емес, болашақта ел тізгінін ұстар жастар, ел азаматтары ретінде қабылдап, әрқайсымыздың ойымызды тыңдап, ұсыныстарымызды назарға алды.
Облыстың әр тұрғыны туған жердің өркендеуі үшін әл де болса үлесін қосып, «мен мемлекетке не бере аламын?» деген сауал төңірегінде ойлана білсе, көптеген мәселе оң шешімін табар еді. Сондықтан, біз қала мектептерінен құралған оқушылар парламентін құру идеясын ұсындық. Облыс әкімінің орынбасары бұл ұсынымызды құптады. Осындай зор қолдау өскелең ұрпаққа күш-қайрат пен жігер беріп, рухтандырады. Алдағы уақытта мұндай кездесу игі жалғасын табары қуантады.