Оралда алғаш рет оқушылар арасында Біріккен Ұлттар Ұйымы моделі конференциясы өтті. Оны Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебі ұйымдастырды. Аталмыш білім ордасының баспасөз хатшысы А.Жұмаеваның айтуынша, бұл шараға Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің, облысымыздағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 қазақ мектеп-интернат кешенінің, дарынды балаларға арналған мамандандырылған №8 облыстық мектептің, №7 жалпы орта білім беретін мектептің, Білім-Инновация лицейінің және зияткерлік білім ошағының оқушылары қатысқан. – Басты мақсат – әлемдік мәселелерді зерттеу арқылы оқушылардың танымдық дағдысын дамытып, академиялық білімін тереңдету, ынтымақтастық және келіссөздер жүргізу қабілеттерін шыңдау, маңызды мәселелерді шешу жолдарын таба білуге баулу. Конференция барысында оқушылар екі топқа бөліп, 24 елдің өкілдері ретінде жұмыс жасады. Олар «Балаламалы энергия көздері» және «Жер бетінен жойылып бара жатқан жануарларды сақтау және қорғау» мәселелерін талқылады. Қатысушылар аталған мәселелерді талқылап қана қоймай, БҰҰ моделінің форматына сәйкес өзара серіктестік құрып, мүдделес мемлекеттер ретінде бірігіп, мәселелердің шешу жолдарын ұсынды, – дейді Ақмоншақ Мақсотқызы.
Конференция ұйымдастырушыларының айтуынша, бұл форматтағы шаралар оқушылардың бойындағы қазіргі таңда жастарға қажетті дағдыларды дамытады. Оқушылар арасында рөлдік ойын ретінде өтетін бұл конференция барысында олар жаһандық мәселелерді шешуге өз үлестерін қосуды көздейді, жұмыстану барысында ізденеді, түрлі дереккөздермен жұмыс жасайды. Тағы бір айта кетерлігі, конференция ағылшын тілінде өткен. Бұл өз кезегінде біздің мектеп жасындағы ұл-қыздардың тілдік қабілеті, бәсекелік әлеуеті жоғары екендігін көрсетеді.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«Білім айнасы»,
Орал