Адамға ең бірінші білім емес, рухани тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі…”(Әл – Фараби) – дегендей балаға әуелі білімнен бұрын, тәрбие берілуі тиіс. Көшбасшымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты халықтан қызу қолдау тапқан кешегі тұғырнамасын ширек ғасырды артқа тастаған Тәуелсіз Қазақстанның жаһандану дәуіріндегі рухани кеңістігіміздің жаңа бастауы деп бағалауымыз керек. Сөз жоқ, «Ұлттың рухани коды» дейтін академиялық ұғым кешегі-бүгін ғана емес, Мемлекет басшысының ой-санасында әлденеше рет елекке түскен, таразыға тартылған, сан жылдардан бері сарапталып, пісіп-жетіліп, өзінің сын сағатын күтіп келген дүние екені даусыз.
Осы кезеңдерге дейін еліміздегі жүзеге асырылған ірі-ірі жобалар мен стратегиялық бағдарламалардың дені саяси-әлеуметтік, экономикалық ендіктерге құрылған болатын. Бәрі де рет-ретімен және өте сәтті жүзеге асырылып келді. «Ең бірінші экономика, содан кейін саясат» деген басқару жүйесін Елбасы тегін айтқан жоқ.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» – ұлттық идеологиялық бағытымыздың кепілі. Ұлттық дамуымыздың негізгі тірегі болар осы үш концепция сөзсіз бір-бірімен сабақтасып, тамырласып жатқан идеялар.Халқымыз ежелден бала тәрбиесіне көбірек көңіл бөлген. Өйткені саналы, тәрбиелі ұрпақ өсіру — әрбір ата-ананың міндеті. Баланы тәрбиелеудегі мақсат- оның қоғамға, еліне, жеріне пайдасы тиер азамат болып өсуі. Сол арқылы бала ата-анасының мақтанышына айнала алады. Ежелден қазақ халқы мақал-мәтелдер, аңыздар, жыр-термелер әртүрлі жұмбақтар мен жаңылтпаштар арқылы баланы кішкентайынан жақсылыққа баулып, тәрбиеге үлкен жауапкершілікпен қараған.
Мағжан Жұмабаев: «Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. … бала тар ойлы ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі, бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мылқау жынды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы», — деп айтып кеткен ғой. Біздің данагөй халқымыз ежелден-ақ бала тәрбиесін болашақ тәрбиесі деп түсінген. Сол себепті, жаман мінез, қылықтан сақтандыруда «ұлға – отыз үйден, қызға — қырық үйден тыю» салған. Бұл және де біздің қазақ ұлтында бала тәрбиесінің бүкіл әулеттің, бүкіл ауылдың асыл парызы болғанын, оған отбасы, туған-туыс, көрші-көлем, ағайын болып ат салысқанын танытады. Өйткені, ол бай іс-тәжірибені, жоғары адамгершілік қасиеттер мен ақыл-парасатты, білімділік пен даналықты талап етеді.
Ең бастысы, жаңа туған нәрестенің өзіне ата-анасының, туған-туыстарының күле қарауынан, жылы-жылы сөйлеп, жақсы көруінен, иіскеп, аялауынан бақытты сезінетіні, олардың қарым-қатынасты түсіну қабілетінің артатыны есіңізде болсын. Жыламайтын, мазасызданбайтын, ауырмайтын сәби жоқ. Әсіресе, жас нәресте жылаған кезде қолыңызға алып, құшағыңызға қыспасаңыз да, жанында отырып уатуға тырысыңыз. Мұндайда сәби ата-ана ықыласынан, назарынан тыс қалмасын. Сонда оның бойында сенімділік сезімі қалыптаса бастайды, жалғыздық, керексіздіктен туындайтын үрей, қорқыныш, жалтақтық бойын билемейді. Өмір тәжірибесі көрсеткеніндей, бала көбінесе, тісі өскенде, жүре бастағанында, сөйлеуге талпынғанында ерекше жылауық болып келеді. Бұл денелік, рухани қажеттіліктің салдары.
Қазіргі кезде бала тәрбиесінің нашарлап кеткендігін қоғамда орын алып жатқан көптеген жағымсыз оқиғалардан көре аламыз. Мәселе қайда жатыр? Баланы дүниеге әкелу бір басқа да, оны тәрбиелеп өсіріп, азамат етіп шығару бір басқа. Ол үлкен жауапкершілікті, төзімділікті, уақытты, шынайы махаббатты талап етеді. Ата-ана өзінің еккенін көріп отыр. Еккен ағашыңызды қалай мәпелеп, бақсаңыз, ол жайқалып кейін тәтті жеміс беретіні тәрізді балаңызда сізге өскенде аялап-мәпелегеніңізге байланысты өз жемісін береді. Мұндайда «мен баламның дегенінің бәрін жасадым, бетінен қақпай өсірдім»- дейтін ата-аналар бар. Жоқ, олай жасағаныңыз үлкен қателік. Егер солай еткен болсаңыз, онда сіз ерке, қырсық, өзімшіл бала өсіргеніңізге сене беріңіз. Тәрбие-баланың дегенін жасау, оған керек дегенін алып беру, қалағанын жегізіп, кигізу емес, онымен көбірек уақыт өткізу, көбірек сөйлесу, онымен ақылдасу, бірге ойнау, бірге серуендеу, пайдалы нәрсемен шұғылдандыру, іс-әрекеттерін үнемі қадағалап отыру, тамақ, ұйқы режимін бақылау, бойындағы өзгерістерді бақылап, басындағы проблемарымен бөлісіп, барынша қолдау көрсету, көмектесу, жылуыңызды бере білу. Балаңызға зор сенім білдіріңіз. Сол арқылы ол жоғары белестер мен алып шыңдарды бағындыра алады. Жақын адамының сенімі мен қолдап-қолпаштауы оның жігерленуіне таптырмас құрал. Балаңызды басқа балалармен салыстырмаңыз, оның жеккөрініштілік сезімін оятып аласыз.
Ата-аналарға бала тәрбиесінде қандай амалдар жасау қажет және қандай іс-әрекеттер жасамау керек?
• Балаңызға деген махаббатыңызды жасырудың қажеті жоқ. Ата-ананың махаббаты қандай жағдай болмасын оған көмектесіп, алға сүйрейтінін түсінуі қажет.
• Бірақ махаббат баланы бақыламау деген сөз емес. Шектеулер мен талаптар қойып отырған дұрыс.
• Балаңызды жазалауға асықпаңыз. Бәрін ақылмен шешкеніңіз жөн.
• Балаға көп нәрсені ойын арқылы түсіндіруге болады. Үлкендермен балалардың бір-бірін жақсы түсінуіне ойын жақсы септігін тигізері анық.
• Баланың әрбір қадамын бақылауда ұстап, әрбір шаруасына араласу дұрыс емес. Балаңызға дербестік беріңіз.
• Балаңыздың өзін емес, оның іс-әрекетін бағалаңыз. Көпшілігі осы мәселеде жиі қателікке ұшырап жатады. «Сен дұрыс жасамадың» деудің орнына «сен жаман баласың» дейді.
• Мәселені шешіп бермей, содан шығатын жолды көрсетіп бергеніңіз әлдеқайда дұрысырақ.
• Балаңыздың сізге айтар әңгімесін сабырлылықпен, сөзін үзбей тыңдау шарт.
• Балаңыздың жетістігіне қуана біліңіз, ал жеңілістеріне ашуланбаңыз.
• Баланы ұйқыдан дұрыс оята білу керек. Себебі, ол баланың күні бойғы психологиясына әсер етеді.
• Балаңызды «Бүгін немен айналыстыңдар?» «Қандай қызықтар болды?» деген сұрақтармен қарсы алғаныңыз жөн.
• Баланың үйде де өз міндеттері болуы қажет. Оны үй шаруашылығына үйреткеніңіз және істі соңына дейін бітіруді тапсырғаныңыз өте пайдалы. Жауапкершілікті сезінуге үлкен көмек.
Міне, осы жолдар арқылы сіз бала тәрбиесінде жетістікке жетесіз, жемісін де жейсіз. Саналы, тәрбиелі ұрпағымыз көп болғай!