Home » Білім және өнер » Оқушыларға адамгершілік тәрбие беруде ата-ана мен мектептің рөлі

Оқушыларға адамгершілік тәрбие беруде ата-ана мен мектептің рөлі

 

2016 жылғы қараша айының 28 жұлдызында ОҚО әдістемелік кабинетінің өзін-өзі тану және тәрбие әдіскерінің жылдық жоспарына сәйкес №65 мектеп-гимназиясында «Оқушыларға адамгершілік тәрбие беруде ата-ана мен мектептің рөлі» тақырыбында облыстық семинар болып өтті. Мақсаты: оқушы – мектеп – ата-ана арасындағы тәрбиені нығайту, отбасы тәрбиесіндегі ата-ананың балаға ықпалын арттыру. Аталмыш семинарға ауданнан 18 әдіскер қатысты.

Семинар барысы. Семинар жұмысы Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназия оқушыларының «Рухани байлық-игілік көзі» атты әдеби-музыкалық қойылымымен басталды. Қатысушыларды әдіскер Р.Басқараева «Бала тәрбиесіндегі ата-ана мен мектептің атқаратын рөлі» тақырыбында баяндама оқып, тәрбие мәселесі ешқашан маңыздылығын жоймайтын күрделі де өзекті мәселе болып келгеніне, қала беретініне тоқталды. «Бақыт жолы білімнен басталады» деген А.Игүнекидің сөзін мысалға ала отырып, бүгінгі таңда әр отбасының шамшырағы дұрыс жануына мектеп пен ата-ана байланысының маңыздылығына тоқталды. Үштік байланыстың, бестік одақтың жұмысын жетілдіру арқылы тәрбие саласындағы жұмыстарды жетілдіру жолдарын көрсетіп, оны практикаға ендіру жолдарын айқындап берді.

Әдіскер Б.Қоймолдаева «Рухани адамгершілікке өзін-өзі тәрбиелеудегі пән оқытушысының рөлі» тақырыбында баяндама оқып, пәннің бүгінгі таңдағы маңыздылығына тоқталды.

А.Керімбаева – Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназия директоры орынбасары «Оқырмандықты дамыту – ХХІ ғасырда табысты тұлға тәрбиелеудің дара жолы» тақырыбында баяндама оқып, вариативтік компонент есебінен бөлінген «Оқу мен оқырмандықты дамыту» сағаттарын енгізудің мақсаты мен қажеттілігін ұғындырды. Оқырмандықты дамыту арқылы білім сапасын арттыруға болатындығын мектеп тәжірибесі арқылы дәлелдеп көрсетті. Кітап оқу мәселесін қоғамға барып құр даурығудан шеше алмайтынымызды айта келіп, ол әр отбасында кітап оқу арқылы тәрбиелеу маңыздылығын, отбасылық оқудың мектеп – ата-ана байланысын арттырудағы орнын мұғалімдер тәжірибесіне сүйене отырып, мұғалімдердің тәжірибесін практика жүзінде көрсете отырып дәлелдеп көрсетті.

Т.Алибекова № 65 мектеп-гимназиясының психологы. Ол:

1. «Мандарин» тренингі арқылы қатысушылар арасында жағымды көңіл-күй сыйлап, ынтымақтасқан атмосфера орнатты.

2. Биопоэма таратылды. Онда әр қатысушыға өзін 3 сөзбен сипаттауды, балаға ренжігенде айтатын «3» сөзді, балаңызға қуанғанда айтатын «3» сөзді, баламен қарым-қатынаста ұстанатын «3» негізгі шартты, өмірдегі ең маңызды нәрсені, жақсы ата-анаға қажет «3» қасиетті жазуға тапсырма берілді. Биопоэма бойынша қатысушылар арасында үлкен пікірталас туындап, өзара пікір алмасты.

Семинарға қатысушылар 2 топқа бөлініп сабақтарға енді.

1-топқа өзін-өзі тану мұғалімі А.Жунисова 10 «В» сыныбында «Жарасымды қарым-қатынас» тақырыбында сабақ көрсетті. Мұндағы негізгі құндылық дұрыс әрекет, қасиет, адамгершілік, түсінік, әдепті сөйлеу болды. Сабаққа мақсат пен міндет дұрыс қойылған. Ұйымдастыру кезеңі тыныштық сәттен басталып, үй жұмысын тексеруде мәтін талданды, олар үйде жазып келген эсселерін оқып, салған суреттерін жариялады.

Бүгінгі сабаққа «Пендеміз ғой» жобасының «Перзент парызы» бағдарламасы көрсетілді. Балаларға «Қарттар үйінің болғанын қалайсыз ба?» деген сұрақ берілді. Шығармашылық жұмыс барысында «АКТ қарым-қатынастағы рөлі» тақырыбында жұмыс жүргізді. Сабақ өз мақсатына жетті.

2-топқа өзін-өзі тану сабағын А.Науатова өткізді. 3 «Б» сабағындағы сабақ тақырыбы «Шаңырақ жарастығы». Мұндағы құндылық сүйіспеншілік, қасиет, жауапкершілік, мейірімділік, татулық болды. Сабақ мақсаты мен міндеті дұрыс қойылған. Сабақ тыныштық сәтінен басталып, үйге берілген тапсырмасы «Сүйіспеншілік» әңгімесі талданды, балалар өз түсінгендерін сахналық қойылым ретінде жеткізді. Жаңа сабақ «Шаңырақ сәні – сыйластық» деген дәйексөзді талдаудан басталып, мұғалім сыйы «Бақытты адамның көйлегі» ертегісін ұсынды. Ой қозғау үшін сұрақтар берілді. Шығармашылық жұмыс жасап, 1-топ сурет, 2-топ мақала, 3-топ эссе жазу тапсырмасын орындады. Сабақ өз мақсатына жетті.

Қатысушылар «Оқу мен оқырмандықты дамыту» жобасы бойынша енгізілген сабақтарға енді.

1-топ 3 «Е» сыныбында бастауыш сынып мұғалімі Ж.Қырықбаеваның іс-тәжірбиесімен бөлісті. Ол «Сауаттылық әлемі: мектеп және отбасында» тақырыбында сабағы арқылы табысты азамат қалыптастыру жолдарын, отбасылық оқудың нақты мақсатын көрсетті. Сабаққа ата-аналар қатысып, отбасылық оқудың жанды көрінісін дәлелдеп, оқудың қажеттілігін өз тәжірибелері арқылы көрсетті.

2-топқа 8 «Ж» сыныбында қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі А.Ешманова «Адам болам десеңіз…» тақырыбында Қ.Қазиевтің «Ағайын арасы» шығармасы бойынша оқу сабағын өткізіп, «болжау» стратегиясы арқылы оқушы тапсырмасын алып, мәтінге талдау жасады. Жеке, жұптық,

топтық жұмыс үлгілері арқылы жұмыс жасап, мәтіндегі өзекті ойды анықтады. «Баршылық не дегізбейді, жоқшылық не жегізбейді» тақырыбында ой толғау жазды. Қатысушылар сабақтарды «жоғары» бағалады.

Семинар жұмысын әдіскер Б.Қоймолдаева қорытындылады. Семинар жұмысы туралы қатысушылардан «кері байланыс» алынды. Қатысушылар семинар туралы өз ойларын білдірді.

Р.Мырзалы:

– Семинарды ұйымдастырған ОҚО білім басқармасының әдістемелік кабинетіне үлкен алғыс білдіреміз. Семинар жұмысы жоғары деңгейде өтті. Мұғалімдердің іс-тәжірибесін өз жұмысымызда пайдаға асырамыз. «Оқу мен оқырмандықты дамыту» жобасы өзінің қажеттілігімен, маңыздылығымен құнды.

Н.Жұман – Шардара АББ әдіскері:

– Семинар жұмысы тәрбие саласындағы өзекті мәселені көтерумен құнды. №65 мектеп-гимназия мұғалімдерінің оқырмандықты дамыту сағаттарын өз тәжірибемізге енгізуге болады деген ойдамын.

Ж.Оспанова – Шымкент ҚББ әдіскері.

– Семинар жұмысы әдістемелік кабинет жұмыс жоспарына сай өтілуде. Семинар жұмысы жоспарға сай, «жоғары» деңгейде өткізілді. Мұндай семинарлар әр аудан, қалада ұйымдастырылып, өз тәжірибелерімізді бөлісіп отырсақ, №65 мектептің семинар жұмысын өткізуге атсалысқан мұғалімдерді облыстық білім басқармасы әдістемелік кабинет директорының «Алғыс хатымен» марапатталса, — деген ұсыныс білдірді.

Семинар жұмысын қорытындылай келе, қатысушылар семинарға оң бағасын беріп, әрқашан осы ата-ана, бала, мектеп арасындағы тығыз қарым-қатынас жеке тұлға тәрбиелеуде аса маңызды екендігіне тоқталды. Сонымен қатар бәсекеге қабілетті «Мәңгілік Ел» ұрпағының рухани-адамгершілік, халықтық тағылым, білім мен рухтың бірлігі т.б. құндылықтарды терең түсіне білуіне осындай тағылымы мол шаралар ұйымдастыру жиі болса екен деген ұсыныстар болды.

 

Р.Т.Басқараева

Оңтүстік Қазақстан облысы білім басқармасы

әдістемелік кабинетінің тәрбие әдіскері

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.