NIS MASS MEDIA клубынында журналистика бағытына қызушылық танытқан оқушылар бас қосады. Телеарнада көрсетілетін жаңалықтар стилінде, телеарнаның теориялық ұғымдары мен заңдылықтарын да қарастырады. Тіл ұстарту, дикторлық сөйлеу мәнері, сөйлеу мәдениетін ұғады. Сонымен қатар, сюжет дайындау, сюжетке дыбыс жазу, материалдарды монтаждауда IT қызметкерлерінің бағыт-бағдарымен үйренеді.
Жобаның басты мақсаты:
— Оқушылардың сөйлеу мәнерін, эстетикалық танымын өсіру, заманауи медианы меңгертіп, «Халықаралық журналистика» бағытында ой-өрісін дамыту;
— Ақпарат таратуда ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, оқушылардың ізденушілік қасиетін қалыптастыру.
NIS MASS MEDIA клубы 2014 жылдың қазан айында өз жұмыс бастады. Қазіргі уақытта 18 оқушы клуб мүшесі, аптаның әр жұма күні сағат 16:00-де NIS телестудиясында өткізіледі. Барлық сюжеттерді YouTube желісі арқылы NIS MASS MEDIA арнасынан «Қорытынды жаңалықтар» топтамасын көруге болады. Сонымен қатар, клуб оқушылары репортерлік қызметпен де танысады. Репортерлік қызметтің қыр-сырын меңгерген оқушылар өз бетінше мақала жазуды үйреніп, мағынасын зерделеуде мол тәжірибе жинақтайды.
Нағыз репортерлік қызметті француздар дамытты. Олар алғашында қала көшелеріне жиналып, Париж жаңалықтарымен бөлісетін, кейіннен олардың арасынан жаңалық таратумен арнайы айналысатын адамдар бөлініп шыға бастады. Ең алғашқы «журналистерді» қалталы париждіктер арнайы шақыртып, ақпарат сұрайтын болған. Ал нағыз журналистика баспа үйлері ашылып, кітап басып шығару үрдісі дамығаннан кейін пайда болды. Алғашқы газеттерде саудагерлер және олардың тауарлары, сауда жолдары, тауар бағасы жазылатын болған.
Елімізде репортерлік қызмет жоғары дәрежеде дамыған. Заманауи телеарналар, мағыналы репортаждар оның айғағы. 2017 жылдың 14 наурыз күні білікті әрі танымал тележүргізуші, «Қазақстан» ұлттық Телерадиокорпорациясының белді журналисі Мейіржан Әлібекұлымен мектебіміздің оқушылары танымды әрі қызықты кездесу өткізді. Кездесу барысында оқушылар билікте жүрген саяси тұлғалармен, әсіресе 2012 жылы елдің саяси-экономикалық дамуы бағытында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен эксклюзивті сұхбат құрған таңдаулы тілшімен бетпе-бет отырып, көкейінде жүрген сауалдарын жолдады. Журналистік салаға қызығушылық танытып жүрген балаларды толғандырған сауалдар да сан алуан болды. NIS MASS MEDIA оқушылары сұхбат жасаған танымал жандар қатарында қоғам қайраткері – Мұхтар Шаханов, CIS Халықаралық мектептер Кеңесінің сарапшылары, сондай-ақ, эстрада жұлдызы Ернар Айдар тағы да басқа танымал жандар болған.
Зияткерлік мектептерде жүзеге асатын бұл жоба оқушылардың бойында жауапкершілік қасиетін дамытып, ақпарат тарату арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптейтін тұлға екенін сезінуді мақсат етеді.
Мадина Сарсенова Есенбайқызы
Шымкент қаласы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебі NIS MASS MEDIA клубының жетекшісі