Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында білім беру жүйесінің жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған рөлі атап көрсетілсе, осы заңның 41-бабында: «педагог қызметкерлер оқушылардың мемлекеттік білім беру стандартында көздеген деңгейден төмен емес білім, білік, дағды алуын қамтамасыз етуге, жеке шығармашылық қабілеттерінің көрінісін, артуы үшін жағдай жасауға міндетті»,-делінген.
Қазіргі таңда жалпы білім беретін мектептердің дамуында жағымды өзгерістер және оқыту мен тәрбиелеу ісінің ұтымды жақтары ашылып жатқанымен, оқушылардың жеке басының шығармашылық жақтарына терең үңіле бермейміз.
Әрбір жеке адамның шығармашылық қабілетінің артуының жоғары жетістігі, тек сол адамның ғана жеке басының даму көрсеткіші емес, бұл қоғам дамуында да, өркендеуіне де едәуір әсер етеді.
Шығармашылық – бұл адамның өмір шындығында өзін-өзі тануға ұмтылуы, ізденуі. Өмірде дұрыс жол табу үшін адам дұрыс ой түйіп, өздігінен сапалы, дәлелді шешімдер қабылдай білуге үйренуі қажет. Адам бойындағы қабілеттерін дамытып, олардың өшуіне жол бермеу, оның рухани күшін нығайтып, өмірден өз орнын табуға көмектеседі. Өйткені адам туынды ғана емес жаратушы да.
Бұл үлкен жауапкершілік артатын күрделі мақсат. Оны шешу үшін ең алдымен оқыту мазмұны жаңартылып, әдіс-тәсілдің озығы өмірге келуі, олар әрбір азаматтың жеке басының қасиеттерін, қабілеттерін дамытып, шығармашылығын, талантын ұштайтындай болып ұйымдастырылуы қажет. Сонда ғана мектептерден өз өміріне өзгеріс енгізе алатын, өз бетінше өмір сүру жолдарын таңдай алатын азаматтар тәрбиеленіп шығады.
Баланы бастауыш сыныптардан бастап шығармашылық ойлауға, қалыптан тыс шешімдер қабылдай алуға, практикалық әрекеттерге дайын болуға әкелудің жолдарын көрсету керек. Шығармашылық – бүкіл тірішіліктің көзі. Адам баласының сөйлей бастаған кезінен бастап, бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктері шығармашылықтың нәтижесі. Бұған бүкілхалықтық, жалпы және жеке адамның шығармашылығы арқылы келдік. Әр жаңа ұрпақ өзіне дейінгі ұрпақтың қол жеткен жетістіктерін меңгеріп қана қоймай, өз іс-әрекетінде сол жетістіктерді жаңа жағдайға бейімдей, жетілдіре отырып, барлық салада таңғажайып табыстарға қол жеткізеді.
Психологтар қабілеттердің екі түрлі деңгейінің болатындығын дәлелдейді.
Репродуктивті – іс-әрекетті, білімді берілген үлгі бойынша қабылдай алу деңгейі.
Шығармашылық – жаңалық ойлап табуға бағытталған қабілеттер деңгейі.
«Шығармашылық» сөзінің төркіні «шығару», «ойлап табу» дегенге келіп саяды. Демек жаңа нәрсе ойлап табу, сол арқылы жетістікке қол жеткізу деп түсіну керек. Философиялық сөздікте «шығармашылық қайталанбайтын тарихи-қоғамдық мәні бар, жоғары сападағы жаңалық ашатын іс-әрекет»,- деп түсіндіріледі. Ал көрнекті психолог Л.С. Выготский «шығармашылық деп жаңалық ашатын әрекетті атаған».
Шығармашылық — өте күрделі психологиялық процесс. Іс-әрекеттің түрі болғандықтан тек адамға ғана тән. Ұзақ жылдар бойы шығармашылық барлық адамның қолынан келе бермейді деп қарастырылып келсе, қазіргі ғылым жетістіктері қабілеттің мұндай дәрежесіне белгілі бір шарттар орындалған жағдайда кезкелген баланы көтеруге болатындығы жайлы көп айтуда.
Бастауыш сынып оқушыларының қабілеттері екі түрлі әрекетте дамиды. Біріншіден, кез келген бала оқу әрекетінде адамзат баласының осы кезге дейінгі жинақталған тәжірибесін меңгерсе екіншіден, кез келген оқушы шығармашылық әрекеттер орындау арқылы өзінің ішкі мүмкіндіктерін дамытады. Оқу әрекетінен шығармашылық әрекеттің айырмашылығы — ол баланың өзін-өзі қалыптастыруына өз идеясын жүзеге асыруына бағытталған жаңа әдіс-тәсілдерді іздейді. Проблеманы өзінше, жаңаша шешуге талпыныс жасайды. Біздің ойымызша, бүгінгі бастауыш сынып оқушыларының кез келгені шығармашылық тапсырмалар шешуді табыспен меңгере алады. Тек ол жұмысқа дұрыс басшылық, шебер ұйымдастырушылық қажет. Осыған орай, ғалымдар жүргізілген тәжірибе барысында, барлық пәндердегі білім мазмұнында оқушының шығармашылық қабілеттерінің дамуы басты нысана болып алынуымен байланысты, оқулықтарда берілген тапсырмалардан басқа өздігінен бақылау жүргізу, қарапайым тәжірибе, эксперимент қою, мәтінмен, сызбамен, суретпен, диаграммамен жұмыс істеу, жекеден жалпыны шығару, жалпыны жекелей қолдану т.б. сияқты оқушыны іскерлікке, дербестікке баулитын, ойына түрткі болып, шығармашылыққа жетелейтін, өздігінен ізденіске салатын, айналадағы дүниемен қарым-қатынысқа түсіретін, «жаңалық ашып», оның нәтижесінің «қызығына» бөлейтін әдіс-тәсілдер мен мазмұндық ойындар, қызықты тапсырмалар тұрақты жүргізіліп отырылуы біз көтеріп отырған мәселені нәтижелі ететіні нақтыланды.
Музыкалық, яғни, сазды-сахналық өнерге екінші кішкентайлар тобынан даярлық тобына дейінгі балдырғандарды қамту. Мұның барлығы балалардың шығармашылық қабілет-дарынын арттырып, оны қоршаған ортаның ерекшеліктеріне орай бейімдеп, сонымен тығыз байланыстыра отырып ұғындырып, олардың өмірді түсінуіне жағдай жасап, қиял армандарын жетілдіруге тырысу. Осы жұмыстарды педагогикалық талаптарға сай ешбір күштеп, зорлаусыз-ақ, өздерінің әдеттегі ойындарын қызықты да әсерлі етіп ұйымдастырған шақта балалар одан сайын ынталанып, оның жемісі де айтарлықтай болады.
Логикалық ойлаудың ерекшелігі – қорытындылардың қисындылығында, олардың шындыққа сай келуінде. Логикаға түскен құбылыс түсіндіріледі, себептері мен салдарлары қатесіз анықталады. Ұғымдар арасындағы байланыстар мен қатынастар логикалық ойлау жолымен ашылады. Бұл байланыстар мен қатынастардың дұрыстығын теріске шығаруға болмайтыны пікірлерде көрсетіледі.
Психолог – ғалымдар: Н.Н. Поспелов, Ю.А. Петров, А.Н. Леонтьев, «логикалық ойлау» ұғымына нақты анықтама берген. Олардың пікірінше «логикалық ойлау» дегеніміз логика заңдылықтарын пайдалана отырып ой-пікірлерді, тұжырымдарды қолдануға негізделген ойлаудың бір түрі.
Оқушылардың ойлауын дамытып, дұрыс ой түйіп, өздігінен сапалы, дәлелді шешімдер қабылдай білуге үйрету – математика сабағының міндеті.
Шығармашылық жаттығу – бұл нақты мәні берілмеген, есепті шартты математикалық заңдылықтар арқылы орындау.
Шығармашылық тапсырмалар оқушылардың жаңа бір нәрсені ашуы, яғни оқушы өзін белгілі бір жаңалықтардың авторы ретінде сезінеді. Бұл оған белгілі бір пән төңірегіндегі қызығушылығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Яғни, оқушыны өзіне тарта, баули түседі.
Оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытуға бағытталған стандартты емес тапсырмаларды шығармашылық жаттығулар деп атаймыз. Сондықтан шығармашылық жаттығуды ұдайы жүргізе отырып біз оқушылардың тек пәнге деген қызығушылығын ғана емес, логикалық ойлауын да дамытамыз.
Оқушылардың танымдық ізденімпаздығы қалыптастыруға бағытталған шақтар түрлері төртке бөлінеді: «танымдық, коммуникативтік, шығармашылық , әдіснамалық».
Оқушылардың танымдық ізденімпаздығы арттыруда шығармашылық сипаттағы сабақтар түрлерін өткізудің маңызы зор.
Мұндай түрдегі сабақтардағы түрлі оқу жұмыстары оқушының шындық белсенділігін арттырып, оқу мен ойлау әрекетінің тиімді амал-тәсілдерін, яғни материалының негізгі ұғымдары мен тұжырымдарын айыру, жаңа материалды өткен материалмен салыстыру, оларды белгілі жүйеге топтастырады және қортындылау жасау сияқты амалдарды дайындауға үйренеді.
Шығармашылық сабақтардың жоспарын жасауда оқушының шығармашылық әрекетінің бағдарына сәйкестендіріп, олардың қабілетері, ескерілуі тиіс. Оқушылардың шығармашылық әрекетін тудыратын сабақтарды өткізу жоспары мен кезеңдерін қарастырамыз.
Шығармашылық сипаттағы сабақтардың жоспарын жасау үшін
тақырыбы, мақсаты, әрекет түрі және нәтижелері бір-біріне жуық
байланысты сабақтарды топтастырып, таңдап алуға болады. Жалпы бағдарламада көрсетілген пәндік сабақтардың әр тарауында жететін жетістіктері негізінде оқушылар білім алуда нәтижеге жетеді.
Оқушылардың шығармашылық әлеуетін көтеруді мұғалім алдына
мақсат етіп қояды. Мұғалім оқушы күйіне кіріп, олардың тақырыпқа қатынас әрекетін ойлайды, өтілетін сабақтың проблемасына қажет жағдайда жоспарланған сабақ мазмұны мен оқыту әдістеріне түзетулер енгізеді.
Сабақ тақырыбы бойынша мұғалім оқулықтар, кітаптар, әдістемелік кітаптар, басқа да материалдармен танысады. Мұғалім өзіне, оқушыларға мықты болатын мәселелерді іздестіреді. Осы мәселелер жөнінде көптеген материалдарды қарастырып, мамандардың пікірлерін ескере отырып, табу қажет.
Әрбір мұғалімнің басты міндеті оқушының жеке басының қасиеттерін, қабілеттерін дамытып, талантын, шығармашылығын ашу. Ұлы ғалым Д.И.Менделеев мұғалімдердің ғылымның сарқылмас көзін ашудағы еңбектерін жоғары бағалаған. «Ғылымды сүйген және жақсы меңгере білген мұғалім ғана оқушыларына терең де мағыналы білім бере алады» деген. Болашақта өркениетті елдердің жоғары технологиясын меңгерту, дүниежүзілік білім кеңістігіне шығу – бүгінгі күннің мақсаты.
А.Б. Намазбай
Қарағанды қаласы, №23 ЖББОМнің
өзін-өзі тану мұғалімі және
педагог-ұйымдастырушы