Home » Баяндамалар » ОҚУШЫЛАРДЫ БАҒАЛАУДЫҢ ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒЫ ЖҮЙЕСІ: ЖАҢА ТӘСІЛДЕР, ЖАҢА ШЕШІМДЕР

ОҚУШЫЛАРДЫ БАҒАЛАУДЫҢ ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒЫ ЖҮЙЕСІ: ЖАҢА ТӘСІЛДЕР, ЖАҢА ШЕШІМДЕР

Бүгінгі мұғалімдердің басты міндеттердің бірі – білім беру жүйесін жаңарту болып саналады. Бастауыш сынып оқушылары үшін ең беделді адам-ол өзінің ұстазы. Оқушылар әр пәннен алатын білімдерін мұғалім арқылы қабылдайды. Бастауыш мектепте оқыту мазмұнын жаңарту жұмыстары бағдарламаға сай жүргізіліп, оқыту, тәрбиелеу, дамытудың жаңа мүмкіндіктері ашылды. Оқыту туралы сындарлы түсінік оқушыға нақты білім беруді мақсат тұтқан мұғалімнің өз сабақтарын оқушының идеясы мен білім-біліктілігін дамытуға ықпал ететін міндеттерге сай ұйымдастыруын талап етеді. Бұндай міндеттер оқушылардың оқыған тақырып бойынша білімдерін өз деңгейінде көрсетіп, кейбір болжамдар бойынша күмәнді ойларын білдіре алатындай, пікір көзқарастарын нақтылап, жаңа ұғым-түсініктерін өрістете алатындай етіп орайластырылып құрылады. [1,10-бет] Осыған байланысты оқушылар арасында өзара  түсіністік және ұжымдық қарым-қатынасты орнатып, оқушылардың сенімсіздіктерін жойып,  мүмкіндіктерін арттыруға жол ашатын критериалды бағалау болып табылады. Кез-келген мұғалім критериалдық бағалауды қолданбас бұрын оның өзіне тән терминологиясын толық меңгерген жөн. Сондықтан біз критерий деген сөздің мағынасын өзіміз түсінуіміз қажет.

Критериалды бағалау — бұл білім берудің мақсаты мен мазмұнына негізделген оқушының оқу- танымдық құзырлығын қалыптастыруда алдын-ала белгіленген жетістіктермен салыстыру үрдісі. [2, 84-бет] Критериалды бағалау жүйесінің негізгі мақсаты бағалау критерийлерінің негізінде білім алушылардың оқу жетістіктері туралы шынайы ақпарат алу және оқу үдерісін жетілдіре түсу үшін оны барлық қатысушыларға ұсыну. [3, 4-бет]

Қай уақытта болмасын бағалау өте кезекті мәселе болып табылады. Оқу мотивациаларындағы бұрмалаушылықтан оқушы жетістігінің динамикасын қадағалаудың объективтілігіне деген күдіктен, оқушының мұғаліммен, ата-анамен, өзімен өзінің қарым-қатынасының бұрмалануынан баланың жүйке жүйесінің жұқаруынан және мазасыздануынан жиі байқалатын дәстүрлі бес балдық бағаның зиян келтіретін нәтижесін болдырмау үшін жаңа жолдары қарастырылуда.

Оқушы мүмкіндіктерінің шекарасын, оқушылардың не білетінін, не істей алатынын, оларға қай жерде көмек, қолдау көрсету керек екенін мұғалім үнемі анықтап отыруы тиіс.

1-сынып оқушысында алғашқы 1-2 оқу апталығында –ақ бақылау-бағалау әрекеттері қалыптаса бастайды. Сабақ үстінде-ақ мұғалім оөушылармен бірлесіп кез келген әрекетті бағалау критерийлерін анықтайды. Оқушының өзін-өзі бағлауынан кейін оның әрекетін мұғалім сол критерий бойынша бағалайды. Бұдан барлық адамдардың бағалауы бір-бірімен үнемі сәйкес келе бермейтінін оқушылар түсіне бастайды және олар әр түрлі көзқарастарды ескере білуге үйренеді. Одан кейін бақылау мен бағалаудың тәсілдерін, техникаларын әрбір оқушы меңгеретіндей жұмыстар жүргізіледі. Оқушылар берілген алгоритммен, жекелеген тапсырмаларды орындауда бағалау критерийлерін бөліп көрсетумен, өзара бақылаумен және бағалаумен, сынып бойынша оқушылардың әрқайсысының жетістіктерін және қиындықтарын бөліп көрсету бірліктерімен жұмыс жасайды. Өзінің жетістігін көрсетіп отыру және оған бсқалардың көңілін аударта алу оқушы үшін ең маңызды болып табылады.

Бағалаудың әр түрлілігі оқу мотивациясын көтеретіні белгілі және сонымен бірге оның жағымсыз психологиялық әсері де болмайды. Сонымен қоса бағалау деңгейіне ықпал ететін жұмыс түрлері жөнінде балалармен келісім жасай отырып, ұсынылатын жұмыстың сапасын қандай критериймен бағалайтынын алдын-ала нықтап алуға болады. Әр түрлі бағалау түрлерін енгізу оқушыларға өзінің еңбегімен тиісті бағаларын алуға, ал мұғалімге оларды бағалау мен бақылау дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік туғызылады. Бастауыш сынып оқушыларының білімін мұндай бағалау бастапқы кезде аздап қиындық туғызады. Бірақ келе-келе баланы қалыптастыруға болады. Бастауыш сынып оқушыларын критериалды бағалау жүйесінің жеңіл түрі алынады. Мұндай бағалау жүйесінде біз балаларды оқытуда жеке жұмыс, топтық жұмыс, ой қозғау, ББҮ кестесі (INSERT), топтастыру, рефлексия сияқты бірнеше әдістерді қолдана аламыз.

Қорыта айтқанда, бүгінгі оқушының білім сапасын критериалды бағалау жүйесі арқылы жетілдіруге болатынына күнделікті оқу үдерісінде қолдануымыздан көз жеткізуге болады. Критериалды бағалау жүйесі оқушының белсенділігін арттыруды, оқу үдерісінде жарыса, бәсекелесе білім алуға қол жеткізеді. Заманауи тәсілдің ең негізгі ерекшелігі оқушылардың алған білімдерін жай ғана иеленіп қоймай, оларды орынды жерде қолдана білуіне басты назар аудару болып табылады, ал ХХІ ғасырда талап етілетін дағдылардың мәні осында. Ұлы ағартушы Ы.Алтынсарин: «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені жақсы мұғалім — мектептің жүрегі» деген екен. Онда «мектептің жүрегі» болумен қатар, жаңа егемен еліміздің ұрпағын жаңа білім нәрін сусындатып, саналы тәрбие, сапалы білім беретін білімді, білікті ұстаз болайық.

Пайдаланған әдебиеттер

1. http://www.google.kz К.Құдайбергенова. Құзырлылық – тұлға дамуының сапалық критериі // «Білім сапасын бағалаудың мәселелері: әдіснамалық негізі және практикалық нәтижесі» атты халықаралық ғылыми–практикалық конференцияның материалдары. 2008.

2. Мұғалімдерге арналған нұсқаулық. ІІІ деңгей 10-бет

3. Мұғалімдерге  арналған нұсқаулық. ІІІ деңгей 84- бет

4. Бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған критериалды бағалау бойынша нұсқаулық. 4-бет

  1. http://moodle.nis.edu.kz

ЖАКЫПЖАНОВА Р.Ж.,
Қарағанды қаласы,
КММ «№59 ЖББОМ»

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.