Home » Жаңалықтар » Оқушылардың ғылыми жобаларының байқауы

Оқушылардың ғылыми жобаларының байқауы

2017 жылы 28 сәуірде Елбасы Кітапханасы музейінде «Әлемді өзгертетін идеялар» /«Идеи, меняющие мир» атты оқушылардың ғылыми жобалары байқауының финалы мен жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі болып өтті.

Байқауды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейі мен «Астана дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырды.

Байқаудың негізгі мақсаттары мен міндеттері:

– «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының аясында қоғамдағы өзекті мәселелерді танып білуге және шешу жолдарына бағытталған оқушылардың ғылыми-зерттеушілік және оқу-танымдық қабілетін ынталандыру;

– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы
Н. Ә. Назарбаевтың идеялары мен бастамаларын кеңінен насихаттау және жүзеге асырудағы оқушылардың ғылыми жұмыстарының деңгейі мен негізгі үрдістерін зерттеу;

– мейілінше дарынды да талантты жас зерттеушілерді анықтау мен қолдау;

– Қазақстан Республикасының зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға ықпал ету.

Байқау жеңімпаздарын марапаттау салтанаты рәсімін аша отырып, әділқазы төрайымы, тарих ғылымдарының кандидаты Ботагөз Қайыпова: «Тұңғыш Президент Кітапханасының музейі мен «Астана дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығының көп жылдық серіктестігі аясында астаналық мектептердің 8-10 сыныбы оқушылары арасында «Әлемді өзгертетін идеялар» қалалық байқауы үшінші жыл өткізілуде. Байқау өткізу идеясы Елбасы Кітапханасында 2014 жылы 30 қыркүйекте өткізілген дөңгелек үстел барысында туындағандығын атап өту қажет.

Егер «Әлемді өзгертетін идеялар» әлеуметтік жобасының жүзеге асырылуы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасында екі күндік семинар-тренингтер циклы аясында өткізілсе, Кітапхана музейінде «Астана дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығымен бірге оқушылардың ғылыми жобаларының жыл сайынғы қалалық байқаулары өткізіледі.

Өткен жылы байқау Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған болатын. Биылғы жылы байқау ЭКСПО-2017 көрмесіне арналды. Іріктеу турының қорытындысы бойынша финалға қазақ, орыс тілдерінде ұсынылған 31 ғылыми жоба өтті. Байқаудың негізгі тақырыптары – бәрінен бұрын қазіргі жаһандану әлемі жағдайында аса маңызды «жасыл экономика» жобалары. Ұсынылған жобалардың макеттері ерекше қызығушылық туғызады. Құрамына Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ доценті, саяси ғылымдарының кандидаты Имақова Ғазизат, Н. Гумилев атындағы ЕҰУ доценті, физика-математика ғылымдарының кандидаты Жүсіпбек Сәлиқожа кірген әділқазы мүшелеріне, барлық ғылыми жобалар өте жоғары деңгейде дайындалғандықтан жеңімпаздарды анықтау қиын болды» деп атап өтті.

Әділқазылардың шешімі бойынша Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері екі бағыт: гуманитарлық және политехникалық бағыттары бойынша анықталды.

Жобалардың көп бөлігі қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жоғары технологияларға арналды. Осы жұмыстардың ішінде келесі ғылыми жобалардың тақырыптарын: «ЭКСПО-2017 көрмесі: SMART киіз үй – жаңа ұлттық келбет», «Қазақстанда Жел энергетикасын дамыту», «Күн сәулесі арқылы жеміс-жидектерді кептіру», «ЭКСПО-2017 көрмесі: мәңгі жасыл жылыжайдағы күн энергиясы», «Құлап аққан судың энергиясымен жарықтанатын болашақтың үйі» және тағы басқа тақырыптарды атап өтуге болады.

Гуманитарлық бағыттағы жұмыстардың ішінде тәуелсіз мемлекет құндылықтарының нығаюына ықпал етуші адами капиталдың дамуына арналған келесі ғылыми жобаларды атап өтуге болады: «Мәңгілік Ел» идеясы және тарихи тұлға. Ұқсастықтар мен жаңалықтар», «Толеранттылықтың Қазақстандық үлгісі
Ғ. Қайырбеков атындағы № 2 мектеп-гимназиясы тәжірибесінде», «Н. Ә. Назарбаев шығармалары арқылы патриоттыққа тәрбиелеу», «Үш тұғырлы тіл идеясы: қазақ, орыс, ағылшын», «Астана қ. ономастикасының өзекті мәселелері» және т.б.

Жүлделі орындар финалға қатысушылар арасында келесідегідей болып бөлінді:

І дәрежелі дипломмен Верхозина А., Красильников К. МЛ № 62; Жаксылык А., Кульмаганбет А. ОМ № 36 марапатталды;

ІІ дәрежелі дипломмен Ефименко Н., Калмуратова Р. ОМ № 36; Бухатов Б. МЛ № 71; Куракбаев А. МГ № 74; Матаева А., Жумабек А. ЛМ №82 «Дарын» марапатталды;

ІІІ дәрежелі дипломмен Маканова А. МГ №2; Ли Т. МГ №5; Капенова Т., Кадырбекова К. МГ № 81 «Astana English Scool»; Гой П. МГ № 30; Оразбай Ш., Есен Ш. МГ № 52; Лобурец В. МЛ №84 марапатталды.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.