Home » Мақалалар » Оқушылардың функционалды сауаттылығын дамыту негізі

Оқушылардың функционалды сауаттылығын дамыту негізі

«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап» деп,
Абай атамыз жырлағандай, расында да әр тұлға өзіндік ішкі уәжбен, ішкі ынтасының туындаған білімімен жұмыс жасаса, қазіргі қоғамға қажетті  азамат  ретінде қалыптаса алса, онда ол адам өмірде өз орнын таба алар еді.

«XXІ ғасыр – білім ғасыры» демекші, егеменді еліміздің  білім беру жүйесінің қазіргі кезеңін әлемдік деңгейдегі білім беру  саласынан бөліп қарауға болмайды.  Бұл әлемдік деңгейдегі қатынастың күшейе түсуімен тығыз  байланысты.

Функционалдық сауаттылық дегеніміз-адамдардың әлеуметтік , мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы, яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына, жасына қарамай ілесіп отыруы, адамның мамандығына , жасына қарамай үнемі білімін жетілдіріп отыруы.

Мұндағы басшылыққа алынатын сапалар:

-белсенділік

-шығармашылық тұрғыда ойлау

-шешім қабылдай алу

-өз кәсібін дұрыс таңдай алу

-өмір бойы білім алуға дайын тұруы болып табылады.

Бұл функционалдық дағдылар мектеп қабырғасында қалыптасады.

Функционалдық сауаттылықты дамытудың жалпы бағдары 2011-2020 жылының мемлекеттік бағдарламасында айқын көрсетілген.

Және де Елбасы 2012 жылғы 27 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдау -ында мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту мақса-тында бес жылдық ұлттық жоспар қабылданғаны баршамызға белгілі.

Ұлттық жоспардың мақсаты — Қазақстанда білім сапасын жетілдірудегі, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі атқарылатын іс-шаралардың жүйелілігі мен тұтастығын қамтамасыз ету болып табылады.

Осыған орай, Ұлттық жоспарда функционалдық сауаттылықтың төрт негізгі механизмін бөліп көрсетеді.

Оның бірінші механизмі-оқыту әдіснамасы мен мазмұнын түбегейлі жаңарту / МЖБС -мемлекеттік стандарт/ . Ол үшін мұғалім оқушының бойына әлеуметтік ортаға бейімделуіне, алған білімін практикалық жағдайда тиімді пайдалана алатындай негізгі құзыреттіліктерді сіңіруі керек.

Олар:

-басқарушылық /проблеманы шешу қабілеті/;

-ақпараттық /өз бетінше ақпараттар көздері арқылы үнемі білімін көтеріп отыруы, сол арқылы танымдық қабілетін ұштау/;

-коммуникативтік /қазақ, орыс, ағылшын тілінде ауызша ,жазбаша қарым-қатынас жасау;

-әлеуметтік /қоғамда, өз өмір сүрген ортада іс-әрекет жасай алу қабілеті/;

-тұлғалық / өзін жеке тұлға ретінде қалыптастыруға, қажетті білім, білік, дағдыларды игеру, болашақта өзі таңдаған кәсібін өзі анықтау, оның қиын-шылығы мен күрделілігіне төзімді болу/;

-азаматтық /қазақ халқының салт-дәстүрі,тарихы, мәдениеті, діні мен тілін терең меңгеріп, Қазақстанның өсіп өркендеуі жолындағы азаматтық парызын түсінуі/

-технологиялық / ақпараттық технологияларды, білім беру технологияларды сауатты пайдалану/;

Оқушы осы аталған негізгі құзыреттіліктермен қатар пәндік құзырет-тіліктерді /әр пәннің мазмұны арқылы/ меңгеруі тиіс.

Елбасы Н. Назарбаев оқулық мәселесіне де ерекше тоқталған болатын. Оқулықтың мақсаты, міндеті, мазмұны ,құрылымы функционалдық сауатты-лықтың құзыреттілігіне сай жазылуы тиіс.

Ұлттық жоспарда көрсетілген функционалдық сауаттылықтың екінші механизмі-оқу нәтижелерінің бағалау жүйесін өзгерту. /Қазіргі біз қолданып отырған жүйеде 5, 4 және 3 деген бағаларды не үшін қоюға болатыны нақты анықталмаған / Бағалау жүйесі функционалдық сауаттылықта сырттай бағалау және іштей бағалау болып бөлінеді. Іштей бағалау- оқу пәні бойынша оқыту сапасын диагностикалау. Ал сырттай бағалау- әрбір деңгейді аяқтау бойынша білім алушының оқу жетістіктерінің нәтижелері /ҰБТ,ОЖСБ-ВОУД/. Сондай-ақ халықаралық /TIMSS , PISA және PIRLS/ зерттеулерге қатысуы . Білім алушылардың өзін-өзі бағалауы өзін-өзі ұйымдастыру және өзін-өзі жетілдіру үшін жеке жетістіктерін бағалау арқылы жүзеге асырылады.Критериялық бағалау жүйесі енгізілетін болады.

Функционалдық сауаттылықтың үшінші механизмі-ата-аналардың балаларды оқыту мен тәрбиелеуге белсенді қатысуын қамтамасыз ету.Ата-ананың борышы бала бойына жас кезінен адами құндылықтарын дарытып, саналы өмір сүруге баулу. Ата-ана баласының функционалдық сауаттылығын дамыту үшін мұғалімдерімен тығыз байланыс жасау керек. Ата-ана баласының ерекше қасиетін тану, түсініп қол үшін беру, олардың қабілетін дамыту, бойына рухани құндылықтарды қалыптастыру, жағымсыз мінез-құлық, әдеттерден арылтуға көмек беруі керек. Ата-ананың бойында да фукционалдық сауаттылық болуы тиіс.

Төртінші механизм-қосымша білім беру жүйесін дамыту. Ұлттық жоспарда оқушылар сарайы,музыка мектептері,жас техниктер мен натура-листер станциялары жұмыстарын түбегейлі өзгерту қарастырылған. Қазақстанның тарихында алғаш рет аталған ұйымдардың материалдық техникалық базасы жаңартылатын болады.Оқытудың жаңа технологиялары мен интерактивтік, инновациялық формалары енгізілетін болады. Олар: балалар интерактивті парктері (ғылыми қалалар), технопарктер, балалар мұражайлары, ғылыми үйірмелер және т.б Бұл – шығармашылық пен инновацияға деген қызығушылықты арттырады. Мұндай оқыту жүйесі баланың санасына әлеуметтік тұрмысына, төңіректегі әлемге терең көзбен қарап үйреніп, жолығатын қиын мәселелерді оңай шешетін болады. Бұрынғыдай мектептен шыққан соң бала үйренген білімін ұмытып қалмайды, қайта өмірде пайдаланатын болады.

Жалпы білім беретін орта мектептердегі құзіретті тұлғаны қалыптастыруда тіл пәндерінің орны ерекше болып келеді. Бұл орыс мектептердегі «Қазақ тілі» пәніне де тікелей қатысты. Өйткені мемлекеттік тіл ретінде оқытылатын оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру ҚР «Білім туралы», «Тіл туралы» Заңдарының жүзеге асуының басты шарты болып саналады.

Қазақ тілі пәнінен оқушының функционалдық сауаттылығын дамыту мәселесіне мынандай тұжырымдаманы ұсынуға болады:

1.Оқушыларды бірінші сабақтан бастап сөйлесім әрекетінің түрлерін (айтылым, жазылым, тыңдалым, оқылым, тілдесім) меңгере білу

  1. Оқушылардың алған білімдерін өмірде, кез-келген жағдайда, әлеуметтік ортада қолдана алуға үйрету;

3.Мемлекеттік тілде ауызша,жазбаша қарым-қатынас жасау;

4.Әлеуметтік талаптарына сай келу үшін оқушының ақпараттық технологияларды қолдану және проблемалардың шешімін таба алуға үйрету;

  1. Оқушылардың өзгермелі өмірге бейімделуіне үйрету ;
  2. Оқушылардың жеке бас қабілеттерін дамытуы;

7.Оқушылардың әлеуметтік-мәдени дағдыларын дамытуы ;

  1. Қазақ халқының салт –дәстүрі, мәдениеті, тарихын түсіну және құрметтеуге баулу;

Осы функционалдық сауаттылықты арттыруда елімізде  әлемдік тәжірибе не­­гі­зінде   мемлекеттік білім  беру стан­дар­ты жүзеге асырылуда.   Сондай-ақ, білім мазмұнын да жаңа міндеттерге сәйкес педагогтарды даяр­лау мен біліктілігін арттыру бойынша Н.Назарбаев зияткерлік мектебінің жанынан ашылған педагогикалық шеберлік орталықтарында  мұғалімдердің  біліктіліктерін арттырып, сындарлы білім берудің әдістемелерін  жүйелі түрде  үйретуде. Оқытудың жаңа технологияларын енгі­зу,  оқу және жазу арқылы дамыта оқыту мен сыни тұрғыда ойлау технологияларының бағдарламаларын іске асыру жүйесі аталған міндетке қол жеткізуге тиімді.

Сонымен, функционалдық сауаттылық – оқу және жазу білігін күнделікті өмірде қолдану («мәтінмен жұмыстың әлеуметтік практикасы»). Басқаша айтқанда, бұл – адамның іс-әрекетін оның басылым сөзін тұрмыста қолдануымен анықтайтын сауаттылық деңгейі. А.А. Леонтьев өзінің бір еңбегінде функционалдық сауаттылыққа өте орынды және терең түсінік берді: «Егер формалды сауаттылық – оқу техникасының дағдылары мен біліктерін меңгеру болса, функционалдық сауаттылық – адамның осы дағдыларды нақты мәтіннен түсіну, қысқарту, тасымалдауға қажет ақпаратты алуда еркін қолдану қабілеті».

Мәселен, оқушының функционалдық  қасиеттерін қалыптастыруда жаратылыстану бағытында деңгейлеп оқыту жүйесі еуропалық стандарт талаптарына сай, әлемдік білім кеңістігіне шығу, қазіргі қоғам талабына сай алынған терең білім, білік, дағдылар мен тілдік құзіреттілікке ие бәсекеге қабілетті тұлғаны тәрбиелейді . Оқушының PISA зерттеулерінің әдісімен тест тапсырмаларын орындаудағы функционалдық сауаттылығы – оның берілген тапсырманы зейін қойып тыңдауы, берілген сызбаларды салыстыруы, өзінің ойындағы түсінік, болжам, пікірлерін жүйелі жеткізе білуі мен логикалық ойлана отырып, сыни көзқарас қалыптастыруына жетелейді.  Жаратылыстану бағытындағы PISA зерттеулерінің Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін орта мектебінің 8-9 сыныбында  оқушыларымыздың  дайындық деңгейлері әлемдік жетістіктерге сәйкес келетін, 6 деңгейлі құрылымын айқындайтын  оқушының білім, білік, дағдылары ерекшеліктеріне сәйкестендіріп тест тапсырмаларын құрастыру және шешу жолдарын ұсыну басты идеялардың бірі екенін атап өткен жөн.

Халықаралық зерттеулерге Қазақстанның қатысудағы мақсаты — оқушылардың оқу жетістіктерінің бақылау-бағалау жүйесін реформалау, халықаралық стандартқа сәйкес білім мазмұнын оңтайландыру, қазақстандық білім сапасын бағалау жүйесін құру болып табылады. Осы мақсатқа сәйкес жаратылыстану ғылыми сауаттылығының қалыптасуына құзыреттілік түрлерін қарастыруға болады:

-жаратылыстану ғылыми зерттеудің негізгі ерекшеліктерін түсіну (немесе жаратылыстану ғылыми әдістерін тану);

-бар ғылыми білімдер негізінде жаратылыстану ғылыми құбылыстарды түсіндіру және сипаттауды білу, сондай-ақ өзгерістерді болжай алу;

-ғылыми дәлелдемелерді қолдана білу және бар мәліметтерден қорытынды алу үшін, оларды талдау және  дәлелді бағалау.

Қазақстан күн сайын қарқынды дамып келеді және ұлттың зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға батыл қадам жасап отыр. Елдің білім беру жүйесі терең де сатылы стратегиялық жаңғырту кезеңін бастан өткеруде.

Оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру – білім беру процесінің негізі болып табылады. Қазақстанда кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістікте алғаш рет 2012-2016 жылдарға арналған функционалдық сауаттылықты дамытудың Ұлттық іс-қимыл жоспары дайындалды, онда оқушылардың құзыреттілік біліктерін, алған білімдерін шынайы өмірлік жағдаяттарда тиімді қолдана білу қабілеттерін дамыту көзделген.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» атты мақаласында стратегиялық жаңғырту барлық саланы, сонымен қатар, білімді де түрлендіруді қажет ететінін атап көрсетті. Осы орайда, өскелең ұрпақтың сапалы білім алуының маңызы зор.

Оқушылардың функционалдық сауаттылығын  арттыруда сындарлы білім берудің тиімді әдістерін  қолдану барысында оқушылардың  іс – әрекеттерін   зерттей келе, оқушылармен пікірлесудің мынадай артықшылықтарын байқадық:

  • Өзгелердің сөздерін құрметтейтіндігін, оларды тыңдап, пікірлерімен санасатындығын;
  • Мәселені шешуде олардың пікірлері есепке алынатындығына көз жеткізді;
  • Өзіндік білім алуы, бақылау деңгейі;
  • Бірлесіп талқылауға болатын сұрақтар ауқымын анықтай алуы;
  • Оқуды қалай жақсартуға болатыны туралы сенімінің нығаюы;
  • Мектеп пен оқуға деген жағымды қарым-қатынастың қалыптасу деңгейі.

Мәселен, мәтінмен жұмыс кезінде  СТО стратегияларын қолданғанда жұптық, топтық,  пікірталас, зерттеушілік әңгімеде, диалог кезінде оқушылардың бір-біріне деген ынтымақтастық сезімдері байқалды, сұрақтарға жауап беру белсенділіктері, бірін-бірі түсіну мүмкіндіктері байқалды. Оны мен оқушылардың іс –әрекеттерінен байқадым. Әсіресе, диалог барысында  оқушылар сабақ мақсатына, нәтижеге жету үшін күш жігерін жұмсайды және Мерсер сипаттағандай, білімді бірлесіп алуда немесе «пікіралмасуда»  тең құқылы серіктестер болып табылады.

Қорыта айтқанда PISA зерттеулерінің әдісімен тест тапсырмаларын құрастыруда мұғалімнен көп еңбек, терең білімділік, күш-жігер, жан-жақтылық, ізденімпаздық, жаңа ақпарат көздерін мейлінше тиімді қолдана алатын қажыр-қайрат талап етіледі. Осы аталған маңызды сипаттар мұғалімнің жан-жақты ізденістегі шығармашылық тұлғасында тоғысып және де оқу үрдісінде ұтымды қолданылған жағдайда құзыреттілік қалыптастырудың сапалы да өрелі мақсатына жетуге өрісті ықпал етпек. Сонда ғана өскелең ұрпаққа сапалы білім алуына дұрыс бағыт-бағдар беріліп, оқушылардың өмірде таңдайтын кәсіби бағытына жетуде адастырмайтын жол ашылады әрі елшілдік ұстанымдағы зияткерлік тұлғасын қалыптастыруға айқындауға жол ашылады деп білеміз.

«Ел  болам десең, бесігіңді түзе» деген М.Әуезовтің аталы сөзі ең алдымен ата-ана, ұстаз және қоғамға арнап айтылғандай.  Ертеңгі  ел болашағы білім ошағында  қалыптасады десек те, сапалы білім мен саналы тәрбиеге қосымша бағыт-бағдар, қоғамдық ықпалдың қажеттігін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Өйткені күн өткен сайын жас ұрпақтың талғамы өзгеріп, қоғаммен  бірге ілгері дамып келеді. Осыған сәйкес жасөспірім талабын қанағаттандыратын, қоғамның, ұлтымыздың ұстанған бағытымен сабақтас келетін сапалы білім мен саналы тәрбие жүйесін құру қажет деп санаймыз.

 

Бексултанова Нурсулу Еркиновна
Қарағанды қаласы, «Мұрагер» мектеп-интернаты
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.