Home » Мақалалар » Оқушылардың тілдік қорын дамытудың жолдары

Оқушылардың тілдік қорын дамытудың жолдары

      Қазіргі жаһандану заманында барлық экономика мен мәдениет салаларында жаңаша үрдіс пайда болды. Соған орай білім беру үдерісіне де жаңалық енді.Заман талабы – жан-жақты дамыған, функционалды сауатты тұлға тәрбиелеу. Ол үшін оқу жоспары мен оқыту әдістеріне өзеріс енгізуге тура келді. Бүкіл әлемде білім беру жүйелерінің келешек ұрпаққа қандай білім беретіні туралы мәселе қайта қаралуда. Осы мәселе аясында «Балалар ХХІ ғасырда табысты болу үшін нені үйренуі керек?» және «Оқытудың тиімді әдістері қандай?» деген сияқты негізгі сауалдар туындайды.
Бұл сауалдар оқу бағдарламасымен және оқу бағдарламасын жүзеге асыруда қолданылатын педагогикалық тәсілдермен тығыз байланысты. Педагогиканың барлық осы аспектілері сындарлы оқыту теориясымен үйлеседі. Яғни, 2011 жылы сындарлы оқыту тәсілдері білім берудің «дәстүрлі» әдістерімен салыстырғанда, оқыту кезінде жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді,- деді ғалым Хэтти. Сындарлы оқыту тәсілдері оқушылардың жаңа білімді алдыңғы білімдерімен ұштастыра отырып игеруін көздейтін тұжырымдамаға негізделеді. Бұл жерде ең маңыздысы: оқушылардың алдыңғы алған дағдылары жаңа дағдыларды меңгеруге үлкен ықпалын тигізеді, ал егер ол ескерілмесе, онда білім тереңге бармай, үстірт меңгерілген таяз білім болмақ. Мұндай үстірт білім оқушыға қазіргі әлемде жетістікке жету үшін қажетті жоғарыда аталған сын тұрғысынан ойлау, рефлексия және басқа да аспектілерді, алған білімді қолдануына кері әсерін тигізеді. Оқушылар білімді толықтай меңгеру үшін ақпаратты енжар қабылдамай, сабаққа белсенді қатысуы керек. Осы ретте оқушылардың алған білімдерімен жұмыс істеуге, оны әрі қарай өңдеп, өз дағдыларын арттыруға септігін тигізетін жаттығулармен айналысуға мүмкіндік берілуі аса маңызды болып табылады.
Орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілінің оқу бағдарламасында оқушылардың тыңдалым дағдыларын дамытуға ерекше мән берілген, бұны оқу жоспарындағы оқушыларға телехабар, кинофильм, ән және ересек адамдарды тыңдау және оларға жауап беруді көздейтін жаттығулардан көруге болады. Аталған жаттығулар тізбектелген сабақтар топтамасында қамтыла отырып, сабақтың басында қолданылатын ынталандырушы материал ретінде немесе басқа дағдыларды шыңдардың алдында идея жинақтауға арналған мүмкіндік ретінде ұсынылады. Осылайша, оқылым, жазылым, тыңдалым және айтылым дағдыларының әрқайсысын жеке шыңдай отырып, оларды бір-бірімен өзара тығыз байланыста кешенді түрде оқытылады.
Тіл – мәдениеттің бастауы десек, еліміздің өркендеуі үшін Қазақстан жерінде тұратын әр азамат еліміздің тілін біліп және оны құрметтеуі тиіс. Алдымен, тілді үйреніп, сол тілде ойлап, сол тілде сөйлейтін азамат даярлау басты мақсат. Биылғы жылғы оқу жоспарына енген жаңартылған білім берум мазмұнында лексикалық тақырыптар әлеуметтік-тұрмыстық, оқу-еңбек, әлеуметтік-мәдени аялар арқылы оқушыны әлеуметтендіруге бағытталады. Қазақ тілін деңгейлеп меңгерту сөйлесім әрекетінің тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым, тілдесім бес түрі бойынша кешенді жүргізіледі. Осындай жұмыстардың үнемі, жүйелі түрде жүргізілуі негізінде оқушылардың тілдік қарым-қатынасқа түсу аясы кеңіп, оқушылардың функционалдық сауаттылығы артады.
Сонымен қатар, қазақ тілі пәнінің мұғалімдеріне тілді меңгертудің тиімділігін арттыру мақсатында оқу материалдары қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді болып жіктеліп ұсынылған. Оқулықтар төрт дағдыны дамытуға арналып жасалуда, мұғалім кітабында тақырыптар толық талданып, сабақтар бойынша жүргізілетін оқу-әдістемелік жұмыстар нақты көрсетіліп берілген. Сабақ тақырыптан бастап, әр тапсырманы түсіндіре отырып, сатылап берілген. Онда қызығушылықты ояту, мағынаны тану, ойтолғаныс, бекіту, бағалау, үйге тапсырма, рефлексия бөліктері таратылып түсіндіріледі. Сонымен қоса, дидактикалық тапсырмалар жинағы да берілген.

Оқулықтағы әр тақырып, әр тапсырманы оқушы үлкен ықыласпен, қызығушылықпен орындайды, себебі оқушылар оқу дағдыларын жетік меңгеріп қана қоймай, өз бетінше жұмыс істеуге төселеді.  Тіпті, қиын деген тақырыптардың өзі оқушының білем деген талпынысына кедергі бола алмайды, өйткені берілген тапсырмалардың бір жүйеге тоғыстырылып, бір мақсатқа көздегенінің арқасында оқушы өз ойын айту, өз жобасын қорғау, өзі оқып қана қоймай өзгеге үйрету сияқты жұмыстарды қызыға орындайды.
Орта білім мазмұнын жаңарту аясында әзірленген оқу бағдарламалары оқушылардың бір сыныптан екінші сыныпқа өтуі кезінде білімі мен дағдылары қайталанып, одан әрі дамытылып отыратын спиральді оқу бағдарламасы моделіне негізделген. Оқу үдерісінің алға ілгерілеуі айқын көрінуі үшін, оқу мақсаттары өзара тоғысқан бөлімдер мен бөлімшелерге топтастырылған. Оқушылардың сыныптан сыныпқа көшу барысында алға ілгерілеуіне орай, олар өздерінің дағдыларды меңгеріп, түсінуіне анағұрлым сенімді бола түседі.Яғни,  әр деңгейге сатыға жоғарылаған сайын, жеңілден ауырға, қарапайымнан күрделіге ауысудың бір көрінісі байқалады. Тілдік дағдылар да шиыршық әдісімен берілген. Берілген сөздер мен сөз тіркестері бір жылда бернеше рет қайталанып келіп, оқушының сөздік қорын дамытады, әрі білімін нығайтады. Ал сыныптан сыныпқа өскен сайын тақырыптардың да спиральді өсуі байқалады. Оқушының деңгейінің жоғарылағанына байланысты тілдік мақсат та күрделене түседі.
Міне, осыдан көретініміз тақырыптар қарапайымнан күрделіге ауысуы арқылы бір тақырыптың бірнеше модульге кеңейтілуі оқушының тақырыпты толық меңгеріп, түсініп, ойын еркін жеткізе алуына мүмкіндік туғызады. Осы орайда айта кететін жайт, бұл оқулықтардағы тақырып бойынша жағдаяттық тапсырмаларды орындай отырып, оқушылар функциональдық тұрғыдан сауатты тұлғаға айналады. Жас ерекшеліктеріне сай келетін сөйлемдерді пайдалана отырып, оқушы тілдік қарым-қатынас құра алады.

 

Гүлхан Сабырханқызы АМАНОВА
«Өрлеу» БАҰО АҚ біліктілікті
арттыру институтының тренері

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.