Қазіргі таңдағы әлеуметтік жағдайларды ескере отырып, жеке тұлғаны қалыптастыруда білім мен тәрбие ұштасқан тұста ғана оқу үрдісі нәтижелі болады.
Жас ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеуде ұлттық санасын оятып, тілін дамытып және білім беруді тиімді әдістемемен жандандыра түсіп дамыта оқу керектігі туындап отыр. Оқушының тілін дамыту – қазіргі кезде оқу-тәрбие ісіндегі басты мәселе.
Біздің елімізде қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Соған орай оқу орыс тілінде жүретін сыныптарда егемендік еліміздің мемлекеттік тілі – қазақ тілін оқыту өмірлік зор маңызға ие.
Орыс сыныптарындағы қазақ тілі сабағының білімдік дәрежесі бүтіндей басқа. Өйткені, орыс топтарындағы қазақ тілін оқытудың әдісі де, оған қойылатын талаптары да өзгеше. Мақсаты – оқушыларды қазақша сөйлей білуге үйрету болады да, сол сөздерден сөйлем құрау үшін грамматикалық ережелер, анықтамалар сөз үйретудің техникасы ретінде қарастырылады.
Тілдің құдіреті оның міндетті қызметінде «Тіл дамыту дегеніміз – тілдік норманың жетілу, ширау, даму дәрежесі» тіл ғылымдарының ғалымы М. Балақаев айтқандай, қазіргі таңдағы тіл саясатының басым бағыттарының бірі – мемлекеттік тілді дамыту мен оның қолданылу аясын кеңейту болса, оның кешенді тармағы – тәуелсіз мемлекетіміздің болашағына адал қызмет ететін мемлекеттік тілді жетік меңгерген оқушыларды тәрбиелеу болып табылады.
Оқушылардың ауызекі сөйлеу тілін мәтіндер арқылы дамытуды жүзеге асыру нәтижесінде олардың қазақ тілінен білімдері толықтырылып, мәтінмен жұмыс.Тілді үйретуде мәтіннің қатысым әрекетіндегі маңыздылығына сәйкес, оны іріктеп, таңдаудағы негізгі ұстанымдар төмендегідей жүйеленген: мәтін мазмұны толықтай аяқталып, белгілі бір логикалық жүйеге бағынуы; мәтін тақырыбы күнделікті өмір талабына сай, танымдық сапасы жоғары, тәрбиелік мәнінің зор болуы; мәтін мазмұны оқушылардың түсінісуіне қолайлы, даму деңгейлеріне сай болуы; мәтінді іріктеп, таңдауда фонетикалық, лексикалық, грамматикалық ерекшеліктердің ескерілуі; мәтін мазмұнының нақты, қызықты болуы.
Тілде қарым-қатынас жасау сөйлесім әрекетінің барлық түрлері тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым, тілдесім әрекеттерінің негізінде жүзеге асырылады.
Оқытудың қазіргі уақыт талаптарына сай әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, мәтіндермен жүйелі жұмыс жүргізу арқылы оқушылардың сөздік қорларын байытып, сөйлеу тілдерін дамытуға болады. Мәтіндермен жұмыс барысында оқушылардың өз бетінше ақпарат алып, онымен жұмыс істеу дағдылары дамытылып, қазақ тілі бойынша білімдері толыға түсері сөзсіз. Тілді оқытып, үйретудің сапасын арттыру әртүрлі жағдайларға байланысты.
Басты мақсатым – оқушыларға қазақ тілін меңгерту, сауатты жазуға үйрету, қазақ халқының әдет-ғұрпын, тілін құрметтеуге, Отанды сүюге баулу.
Сабақ өткізу, оқыту барысында өткізілетін ең күрделі жұмыс түрлерінің бірі – сабақта мәтінмен жұмысты ұтымды ұйымдастыру. Мәтінмен жұмыс – сабақта өтілетін әртүрлі жұмыстардың жиынтығынан құралады. Олар: дыбыстармен жұмыс; сөздіктермен жұмыс; сөздік қорларын жетілдіру; тіл дамыту; ережемен жұмыс; ауызша сөйлей білуге дағдыландыру;
Мәтін алдындағы жаттығулар мен соған сәйкес жұмыс түрлері мынадай бағытта жүргізіледі: тілдік тұлға мен сөйлем үлгілерін мәтінде танып, айыра білу және әртүрлі құрылымдық материалдарды (сөзжасам элементтері, етістіктің жақ, шақ түрлері, т.б.) меңгерту.
Келесі мәтінмен жұмыс кезеңі. Бұл кезеңде мәтіннің тілдік материалы мен құрылымы орындалады. Мәтін ішінен қажет мәліметті бөліп алу, айыра білуге машықтандыру жаттығуларын әртүрлі тәсілмен орындау. Мәтінмен жұмысты былайша ұйымдастырамын: оқығанның мазмұнын айту, мәтін бойынша сұраққа жауап беру, жоспар жасату, бірнеше бөлімге бөліп оқыту, негізгі жанама ойды таптыру, қорытынды жасату.
Шартты түрде алып отырған үшінші кезеңде мәтінді оқып, түсініп, негізгі ойды қазақ тілінде жеткізе білу. Мәтінді оқығаннан кейінгі жұмыстар: логикалық сұрақтар, сөздік жұмыстар, фонетикалық жаттығулар, сөйлем құру, мәтінге жоспар құру, аударма, мәтінге ат қою, диалог, ситуация құру, мәтіннің мазмұнын жоспар бойынша айту.
Осы аталған іс әрекеттерді жүзеге асыруда оқушылар өзара тілдік қарым қатынасқа түседі. Тілдік қарым қатынасқа түсу деген сөз — біз оқытудың коммуникативтік технологиясын да іске асыру. Мәтінді оқытудың мынадай түрлерін сабақ үстінде қолдану мұғалімнің жеке зерттеушілік жұмыстары үшін өте пайдалы: Дауыстап оқыту арқылы — оқушының сөйлеу элементтерін меңгергендерін байқауға болады, тағы да бір тиімділігі – оқушылар бірінің қатесін бірі естіп және түзетіп отырады. Іштей оқу – бұл жұмыстың мақсаты оқушылардың шапшаң оқу дәрежесін анықтау. Мысалы: оқушыларға іштей шапшаң оқу үшін бір мәтін беріліп, қай жерге дейін оқу керектігін белгіленеді. Әркім белгілеген жерге келгенде кітаптарын жауып, бітіргенін байқатады. Осылайша оқушылардың оқу шапшандықтарының мөлшерін мұғалім өзі белгілеп отырады.
Тіл дамыту жұмысы – күрделі де шығармашылық процесс. Тіл байлығының мол болуы бір жағынан балада жаңа құбылыс, көрініс, ұғымдар мен түсініктердің көбеюіне, ал екінші жағынан, тілді жан-жақты меңгеруіне байланысты. Тілдің жақсы дамуының құралы тілдік қор болып табылады. Тіл дамытудың негізгі мақсаттары: өз ойын жүйелі түрде еркін жеткізе білу; байланысты сөйлей білу; мазмұндылығы; анықтығы, мәнерлілігі; грамматикалық, орфографиялық қатесіздігі.
Тіл дамытудың негізгі мақсаттарын жүзеге асыру үшін, оқудың алғашқы аптасында мына мәселелерді анықтап алдым:сыныптағы әрбір баланың жалпы сөздік қоры;сөздің дыбыстық жағын меңгеру дәрежесі;байланыстырып сөйлеу дәрежесі.Сөзді, сөйлемді, сөз тіркестерін тақтадан, кітаптан, дәптерден дұрыс оқыта білу – қазақ тілін меңгертіп, сөздік қорларын молайтуға септігін тигізеді. Мәтінмен жұмыстың негізгі міндеттері: қазақ тіліне тән дыбыстарды дұрыс айтуға, сөйлемді дұрыс құрай білуге, байланыстырып сөйлеуге, еркін оқуға үйрету.
Сөйлеу және оқуды меңгерген соң, жазу тілі қалыптастырылады. Сөз – тілдің негізгі өлшемі. Мәтінмен жұмыс тіл дамытудың басқа түрлері сияқты сөздік жұмысы оқу-тәрбие жұмысының барлық саласында жүргізіледі. Балалар сөзді ұғу арқылы сөйлеу үстінде тілін дамытады. Сөздік жұмысы оқушының ойын дамытумен тығыз байланысты. Тіл дамыту жұмыстарында жаңа сөздермен жұмыс ерекше орын алады. Тақырыпқа байланысты сөйлем және сурет бойынша әр түрлі мәтін құрастыру, жаттығу жұмыстарын жазу, кешендік талдау жасау.
Жазу арқылы жүйелі сөйлеуді, сөйлеу стилін үйрету және ауызекі сөйлеуге жұмыс жасатуға болады. Ауызекі сөйлеу әдісінің бірі – диалог арқылы дамыту. Диалог құру үшін белгілі бір тақырыпта оқуға байланысты оқушының сөздік қорын дамыту, жаңа сөздер үйретіп, мағынасын ұқтыра отырып, оларды жасайтын формаларды меңгертіп, сөйлем құрауға үйрету, сөз бен сөзді байланыстыруға, ауызша ойларын жүйелі айтуға, әңгімелеуге жаттықтыру керек. Сонда оқушы диалог құру кезінде сауатты сөйлеуге, қазақ тілінің грамматикасын ескере отырып диалог дұрыс құруға тырысады. Бұл оқушының тілін дамытады.
Жоғарыда аталған әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, мұғалім өз жұмысына талдау жасап, қызметіндегі артықшылықтары мен кемшіліктерін көре алады. Мұғалім әр сабақта оқушыға жағдай жасап, түрлі технологияларды жүйелі қолданып, оларды шығармашылықпен пайдалана білсе, жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болады; қазақ тіліне қызығушылық көтеріледі, ауызекі сөйлеуі дамиды, коммуникативтік дағдылар қалыптастырылады.
Функционалдық сауаттылық дегеніміз не?
Бұл сұраққа мынандай деректер келтіруге болады.
Ресми дерек бойынша, мектеп жасындағы балалардың 40 пайызы әдеби мәтінді түсінуге қиналатындығы дәлелденген. Бұлар мектептен білім алса да, қызмет жасауға келгенде қарапайым жазу үлгісін білмейтіндігін көрсеткен. Тіпті олар әр түрлі жағдайда кездескен бланкіні толтыра алмай, ондағы ақпараттың мәнісін түсіне алмапты. Бір қызығы, олар теледидарда не айтылып жатқанын, жалпы айтқанда, күнделікті өмірдің есебін білмейтін болып шыққан. Соның салдарынан жұмыссыздық, өндірістегі апат, жазатайым оқиғалар, жарақат алулар көбейіп кеткен. Жалпы, барлық зерттеушілердің болжамы бойынша адамдардың сауатсыздық деңгейінің төмендеуі, оларға дұрыс білім беріп, тиянақты оқытпаудан, оқырман болуға үйретпеуден болған көрінеді. Сақтанбау, ұқыпсыздық, байқаусыздық, апаттар: мұның бәрі ережені дұрыс оқымағандықтан, түсінбегендіктен, санаға сіңірмегендіктен орын алып отыр. Функционалдық сауаттылығы дегеніміз – адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы, яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына, жасына қарамай ілесіп отыруы, адамның мамандығына, жасына қарамай үнемі білімін жетілдіріп отыруы. Ондағы басты мақсат: жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру, оның әлемде әлеуметтік бейімделуі болып табылады.
Мұндағы басшылыққа алынатын сапалар: белсенділік, шығармашылық тұрғыда ойлау, шешім қабылдай алу, өз кәсібін дұрыс таңдай білу, өмір бойы білім алуға дайын тұруы болып табылады. Бұл функционалдық дағдылар мектеп қабырғасында қалыптасады.
Орыс тілінде білім беретін мектептегі қазақ тілі мен әдебиет пәндерінің алатын орны ерекше. Сондықтан, оқушыға халықтың қоғамдық өмірін, арман-мүддесін танытуда, оларға идеялық-саяси, рухани-адамгершілік, этикалық-эстетикалық т.б. тәрбие беру, тіліміздің өзіндік қалыптасқан ережелерін, жалпы айтқанда грамматикасын үйрету – қазақ тілінің басты міндеті болып танылады.
Қорыта айтқанда, оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын аттыру үшін мұғалім шебер болуы керек. Ол баланы қалай оқыту, оның сабаққа деген ынтасын қалай ашуға болады деген сұрақтар төңірегінде жұмыс жасауы тиіс. Жалпы адам баласы есту, көру, ұстап көру, сезу және иіскеу арқылы есте сақтайды. Кейбір оқушылар жазбашаға, кейбірі ауызшаға қабілетті болып келеді. Интербелсенді оқыту барысында оқушылар өзіндік пікір қалыптастырып, өз ойларын дұрыс жеткізе білуге, өз қөзқарасын дәлелдеуге, пікірталас жүргізуге, басқаларды тыңдауға, өзге пікірді сыйлауға және онымен санасуға үйренеді.Оқушылардың функционалдық оқу сауаттылығын дамыту жолдары түсіндіріліп, ағымдағы оқу жылында мәселені бірлесіп шешу енгізілді. Сондықтан, оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру Қазақстан мектебі мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін дамытудың басты ұстанымы болуы шарт. Осы ретте, қазақ тілі пәнін дұрыс жүргізе білудің маңызы зор.
Нугумарова Динара Қабылбекқызы
№ 29 ЖОББМ,
Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі,
Семей қаласы