Home » Мақалалар » Оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру барысындағы сыныптан тыс жұмыстардың рөлі

Оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру барысындағы сыныптан тыс жұмыстардың рөлі

ХХІ ғасырды  бәсеке ғасыры десек,  сол бәсекеге қабілетті,  өзіндік пікірін нақты жеткізе білетін, терең білімді игеріп қана қоймай, сол білімін өмірде қолдана білетін жеке тұлға қалыптастыруда ұстаздар қауымына үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр.

Иә, оқушыларды оқу үрдісінде пәнге деген  қызығушылығын арттыра отырып, олардың белсенділігін, шығармашылық әрекетін дамыту бүгінгі күннің өзекті мәселесінің бірі болуда. Оқушылардың қызығушылығын дамыту- болашақта білімді өз бетінше жинай алу қабілеттерін дамытуға септігін тигізеді.

         Қазақстан Республикасының  «Білім туралы» Заңының 8- бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және  жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқыту және тәрбие берудегі жаңа технологиясын енгізу» делінгендей, мектеп оқушыларын тек сабақ үрдісінде  ғана  емес, сыныптан тыс жұмыстарда   оқыту мен тәрбиені де  қатар алу маңызды да қажет деп есептеймін.
Сондықтан да,  сыныптан тыс жұмыстарды дұрыс ұйымдастырған жағдайда оқушылардың бойында ұйымдастырушылық, белсенділік дамиды және  рухани құндылықтарға бағытталған қасиеттері қалыптасады. Ал мұғалімдер мен сынып жетекшілерінің педагогикалық шеберліктерін жетілдіруге, ұстаз бен  оқушылар арасындағы ынтымақтастықтың дамуына ықпал етеді.

Міне, осындай ауқымды жұмыстарды игеріп,  озық тәжірибесі мен ізгі қасиеттерін жас ұрпағының бойына қалыптастырып жүрген Алматы қаласы, Жетісу ауданына қарасты №177 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдерінің еңбегі орасан зор дер едім.
М. Дулатовтың:«Жалғыз құрғақ білім үйрету емес, біліммен бірге жақсы тәрбиені қоса беру»,- дегендей,  сыныптан тыс оқытуды жүйелі түрде ұйымдастырып, ұрпақ тәрбиесіне айтарлықтай үлес қосқан әріптестеріміздің іс –тәжірибесімен бөліскім келеді.

Соның ішінде « Өзге тілдің бәрін біл  -өз тіліңді құрметте!» атты он күндікте өткен сыныптан тыс   іс-шараларымен таныстырып өткенді жөн көріп отырмын.

2018- 2019 оқу жылының 17- 26 қыркүйек аралығында қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігінің Тілдер мерекесі қарсаңындағы «Өзге тілдің бәрін біл  — өз тіліңді құрметте!» атты апталықта өткізілген  сыныптан тыс жұмыстарда  ұстаздарымыз Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы қоғамды рухани жаңғыртудың ауқымды идеялары мен тұжырымдамалық тәсілдерін терең зерделей отырып,  қазақ тілі мен әдебиетін оқытуды ұлттық мәдениетке тәрбиелеу тұрғысында ұйымдастырды.

Елбасының бастамасымен «100 нақты қадам» атты Ұлт жоспарын іске асыру аясында адами капиталының сапасын көтеруге бағытталған білім беру саласындағы 5 қадам жоспарының 89- қадам бойынша «Нұрлы Болашақ» ұлттық жобасын әзірлеу мен  жүзеге асыру және  Білім берудің қолданыстағы оқу бағдарламаларын «Мәңгілік ел»  құндылықтарын енгізуді басшылыққа алды. Сыныптан тыс жұмыстарда «Мәңгілік Ел» — жалпы ұлттық  патриоттық идеясы құндылықтарын қоғамдық санада, білім беруде және тәрбие жүйесінде қамтамасыз ете отырып, оқушыларды ұлттық құндылықтар негізінде сын тұрғысынан ойлауға және танымдық шығармашылық қабілетін арттыруға бағыттау бойынша мақсат қоя отырып, төмендегідей міндеттерді басшылыққа алды. Олар:

  • «Туған жер» бағдарламасы аясында туған жер, оның мәдениеті, тарихы мен тарихи жәдігерледі тануға, қорғауға және салт – дәстүрін білуге үйрету;
  • Ұлттық мәдениет пен өнер негізінде жан-жақты эстетикалық тәрбие беру;
  • «Жаңа білімді , ақпараттық ресурстарға сүйене отырып, оқушыларды зияткерлік қажеттіліктерін меңгерту;
  • Пәнге деген қызығушылдығын арттыру
  • Ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу атты міндеттері қойылды

Апталықтың салтанатты ашылуы «Шолпан» би тобының өнерімен басталды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нарыбекова Фариза кішкентай тіл жанашырларымен бірге Мұхтар Шахановтың «Төрт ана» өлеңін оқып, оқушыларға ақын «Төрт ана» деп нені айтқысы келгенін ұғындырды.   Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Нарыбекова Фариза мен Сагындикова Райханның ұйымдастыруымен «Сөз маржанын білесің бе?» атты Сөздер жәрмеңкесін өткізді. Сөздер жәрмеңкесін ұйымдастырудағы басты мақсат- оқушыларға тұрақты тіркестерді сөздік қорларына енгізу, тіл байлықтарын дамыту, тұрақты сөз тіркесін сөйлеу дағдысына енгізу болды.

 Үзіліске шыққан балалар жәрмеңкеде сауда жасауға шақырылды. Жақындап келген балаларға жәрмеңкенің шарты түсіндірілді, қызыққан балалар стикерде жасырылған тұрақты тіркестердің мағынасын тауып, алдын — ала саудаға қойылған оқу -құралдарын дұрыс жауабымен сатып алды.
5 сыныптар аралығы бойынша Сакеева Гүлханның «Тапқырлар шоқ жұлдызы» атты Қызықты грамматика еліндегі сыныптан тыс сайыс сабағы өтілді. Сайыс сабағында оқушылар қызықты  грамматикалық сұрақтарға жауап беру арқылы тіл байлықтарының жетілуіне, өз ойларын нақты, терең мағыналы әрі көркем жеткізе білу дағдыларын дамытты.
Сайыс сабақ қызықты грамматикалық ойын ретінде өтті. Сабақтың барысында сұрақ-жауап,  ой қозғау, «Асауға тұсау» ойыны, «Мақалбай атайдың қоржыны» секілді ұлттық тағылыммен астасқан әдістер қолданылды. «Зымыран сұрақтар» арқылы миға шабуыл жасалынса,   «Жүйрік болсаң шауып көр» кезеңінде мақал ішіндегі сөздер беріліп, сол сөз бойынша мақалды құрастырып,  мағынасын түсіндірілді.

Қызықты грамматика еліндегі сайыс сабағына белсенді қатысқан оқушылар мақтау қағаздарымен марапатталып, жүлделі орындарға ие болды.

          5-11 сыныптар аралығында Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру аясында «Тілге құрмет- елге құрмет»  және «Туған жерім- атамекенім» атты  тақырыбындағы эссе жазу байқауы өтілді. Эссе жазу барысында  оқушыларды шығармашылық ойлауға бағыттауға, дүниетанымдық көзқарасын еркін ұштауға, өзіндік ой-пікірі мен көзқарасын терең пайымдап жаза білу  дағдыларын дамыту тұрғысында мақсаттар қойылды.

        5-6 сыныптар аралығында Еркінбек Меруерт пен Сагындикова Райханның «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ» зияткерлік сайысы өтілді. Бұл сайыстың мақсаты —  балалардың сөздік қорын молайту, төл мақал — мәтелдерімізді балалар жадында жаңғырту болды.

7-8 сыныптар аралығы бойынша қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Елшібаева Жазира  Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру аясында «Ұлы Дала Елінің даңқты тарихы мен дәстүрлері» атты сыныптан тыс саяхат- ойын сабағын өткізді.

Саяхат — ойын сабағы  Ұлы Дала Елінің даңқты тарихы мен дәстүрлерін тануға, құрметтеп қастерлеуге, өз  елінің  тарихын білуге , бай- қуатты ел екендігін мақтан етуге бағытталған сабақ болды.

7-11 сыныптар аралығында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Катифова Жанаттың  ұйымдастыруымен  Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру аясында және Бейімбет Майлиннің туғанына 125 жыл толуына орай «Бір  кітап – бір әлем, жүз кітап – жүз әлем» ұранымен «Көп оқып, көп білуге ұмтыл!» атты жазушы, драматург  Бейімбет Майлиннің шығармаларын оқуға байланысты оқырмандар сайысы өтті.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шолпанқұлова  Гүлжамал мектебіміздің  Абай бұрышында «Әдеби қонақ үй» атты Алаш қайраткері, ақын Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толуына орай «Мағжан – қазақ поэзиясының шолпан жұлдызы» атты 6 — 11 сынып оқушыларының аралығы бойынша сырласу кеші өтілді. Сырласу кешінің мақсаты  —   Жыр пырағы  болған Мағжанның   поэзия әлеміне үңілу. Рухани  жаңғыру тұсында  оқушы санасына  Мағжан  лирикалары арқылы  ой  салу болды.

 Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Хаутай Алтыншапақтың 9-11 сыныптар бойынша Рухани жаңғыру аясында «Тілдің мәртебесі – елдің мәртебесі» атты тақырыпта ақын, айтыскер, филология ғылымдарының магистрі «Ғайыптан тамған тамшы» жыр жинағының авторы Ретбек Мағазұлы мен ақын, айтыскер, «Әриям» жыр  жинағының авторы «Қазақфильм» киностудиясының актері Әрібибек Дауылмен кездесу  кеші болды. Кездесудің басты мақсаты — жас ұрпақты ұлттық мәдениетке тәрбиелей отырып, ой-өрісін кеңейту, өз ұлтын, туған тілін, тарихын құрметтеуге тәрбиелеу болды.              
Нарыбекова Фариза мен Қанатбекова Назеркенің ұйымдастыруымен  Мұхтар Әуезовтің туғанына 120 жыл толуына орай  және  Рухани жаңғыру аясында «Абай ауылының Әйгерімі» атты «Ана тілі аруы — 2018» қыз сыны байқауы  8-9-10 сынып оқушыларының  арасында өтілді. 5-ші рет дәстүрлі түрде өткен байқаудың басты мақсаты — Абай, Мұхтар  шығармаларынан нәр алу арқылы ертеңгі ұрпағымыздың саналы болуына үлес қосу,  ұлттық салт-дәстүрді жадына ұстайтын иманды, инабатты қыздарды тәрбиелеу және «Абай жолы» романы бойынша қазақ қыздары мен аналар бейнесін, яғни Абай ғашық болған Әйгерім мен Тоғжан және ел анасы болған Зере мен Ұлжан т.б. кейіпкерлер бейнесін сахнада сомдау.   «Абай ауылының Әйгерімі» атты «Ана тілі аруы – 2018» қыз сыны байқауында  салт-дәстүрді ұмытпауымыз керек екенін, ақын – жазушыларымыздың өшпестей  мұра етіп қалдырған   еңбектерін жадымызда сақтап, оны дәстүрге айналдыра отырып, жыл сайын осындай байқау өткізу керек екендігіне және   сыныптан тыс жұмыстарды дұрыс  ұйымдастыру үлкен нәтижелерге жетуге болатынына көзіміз жетті.

Қорыта келгенде, сыныптан тыс жұмыстар оқушылардың белсенділігін арттыруға, өзіндік көзқарасының қалыптасуына, білімінің жетілуіне, жеке тұлға ретінде қалыптасуына сыныптан тыс жұмыстардың рөлі өте жоғары екеніне көзіміз жетті.

Сакеева Гүлхан Жаманбайқызы
Алматы қаласы
№177 ЖББМ қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

  1. Қалиұлы Серғазы. Қазақ этнопедагогикасының  теориялық  негіздері  мен  тарихы.
    Алматы, 2003.
  2. Наурызбаев Ж. Ұлттық  мектептің  ұлы  мұраты. – Алматы.  1996.

3.Мектеп  оқушыларына  ұлттық  тәрбие  берудегі  халық  педагогикасының  маңызы.

Қоқымбаева Т. Мектептегі  психология.  2007 №1.

  1. Жарықбаев Қ. Б.,  Қазақтың  тәлім – тәрбиелік ой – пікір  антологиясы. – Алматы, 1998.

 

  

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.