Home » Баяндамалар » Оқусыз білім жоқ…

Оқусыз білім жоқ…

Білім беру деңгейі – экономикалық және ғылыми-техникалық прогрестің бастау көзі, мемлекет пен қоғамның табысты дамуының кепілі. Сондықтан да білім беруді дамыту – жалпы ұлт үшін аса маңызды міндет болып табылады. Білім – болашақ бағдары. Кез-келген маман даярлайтын оқу орнының басты міндеттерінің бірі — жеке тұлғаның құзыреттілігін дамыту.
Олай болса, педагог, бұл, қай кезде де кәсіби деңгейі жоғары интеллектуалдық, шығармашылық әлеуеті мол, оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастырылуына кешенді тұрғыда қарайтын, теория мен практика іс-әрекетін біріктіре білетін, парасатты мінез-құлық қасиеттерді бойына сіңірген тұлға болуы шарт.
Еліміздің болашағы, көркейіп өркениетті елдер қатарына қосылуы бүгінгі ұрпақ бейнесінен көрінеді. Қазіргі білім беру саласындағы проблема – әлеуметтік педагогикалық және ұйымдастыру тұрғысынан, білім мазмұнына жаңалық енгізудің тиімді, жаңа әдістерін іздестіру, оларды жүзеге асыра алатын мұғалімдерді даярлау сондықтан үлкен бол, кіші бол, барлық адамның міндеті оқу. Басқа елмен біліміміз бен тереземіз теңесу үшін, білім жолына өте көп назар аударылып жатқаны рас.
Ұрпағымызды көшбасшылыққа ойын ашық айтуға, еліміздің туын көкке желбіретіп, оның өсіп өнуіне ықпалын тигізетін ұрпақ тәрбиелеу – біздің міндетіміз. Ал ұрпақты тәрбиелейтін ұстаз. Сол мақсатта қазіргі заман талабына сай жаңа білім беру мазмұнындағы оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін үйреніп, өз сабағымда қолдануға Астана қаласындағы курсқа келдім. Алғашқы күннен әріптестеріммен танысып, топтың ережесін құрдық. Әр күніміз психологиялық тренингтен басталып, көтеріңкі көңіл-күймен топтарға бөлініп, тақырыптарды талқылаудан бастау алды.

Ең бірінші «Бетпе-бет» оқыту кезеңінде Бағдарламаның сындарлы оқытуға негізделген мақсатымен танысқанда курстан алатыным көп екенін түсіндім. Жалпы бағдарламаның жеті модуль идеясымен таныса келе, менде өзгерістер болды. Мен, бұл өзгерістер мұғалім мен оқушыға оң әсер беруі тиіс деп ойладым. Оқытудағы өзім түсінбей жүрген жаңа тәсілдердің түйіні шешілгендей болды. Мысалы: «Сын тұрғысынан ойлауға үйрету», «Оқу үшін бағалау және оқуды бағалау», «Диалогтік оқыту» «Талантты және дарынды балаларды оқыту», «АКТ» т.б модульдар шеңберінде тереңірек түсінуіме маған әріптестерімнің ойлары да көп әсер етті. Дәстүрлі оқытудағы тәжірибемді көз алдыма елестете отырып, жаңартылған білім мазмұнының ерекшеліктеріндегі оқу үдерісін ұзақ мерзімді, орта мерзімді және қысқа мерзімді жоспар арқылы ұйымдастыру оқушының құзіреттілігін дамытуда оң нәтиже беретінін түсіндім.

Бүгінгі мұғалімнің алдындағы міндет пен жауапкершіліктің бар екенін және оны бағдарлама арқылы шешуге болатынын білдім.«Оқу үшін бағалау және оқуды бағалау» модулінің идеясы оқушыларды өз-өзін, басқаны, топты бағалауды үйрететін болса, бағалау – білімді тексерудегі күтілетін нәтиже. Оқушының нені білетінін, қандай қиындық болуы мүмкін екенін бақылау керектігін, бағалауды мұғалімнің өзі жүргізуі дұрыс емес екенін түсіндім. Басқа тапсырмаларға қарағанда осы жауап алу үдерісін бағалау және жалпы бағалау тақырыптарында ешқандай қиындық тумайды деп пайымдаған едім, бірақ ең қиыны, бағалау тәрізді. Менің ұққаным, бағалаудың күрделілігі, тіпті тапсырмалардың ішінде ең маңыздысы деп ой түйдім. Өйткені бағалау оқушылардың ынтасын арттыруға, ойын қорытындылауға, оқушылармен жақсы қарым-қатынас орнатудағы шешуші фактор екенін түсіндім. Курс барысында әріптестерімнің ойларын, идеяларын, тәжірибелерін көріп, естіп, өзіме көп мағлұматтар алдым. Колледжге келгенде оқушыларым, әріптестерім қалай қабылдайды екен деген ойда болдым. Қазір мен өзін — өзі танудан сабақ беретін МДБ-39 тобында 19 оқушы бар.

Топпен жұмыс жүргізу барысында оқушылардың танымдық қызығушылығы артты. Көп жағдайда өздерінің ойларын ашық айтудан бас тартатын оқушылардың бойындағы өзгерістерді көріп қуандым. Оқушылар топпен жұмыс жасау арқылы «Диалогтік оқыту» әдісін, «Ақылдың алты қалпағы», «Ыстық орындық», «автор орындығы» әдістерін қолдану арқылы, өз ойларын еркін айтуға, басқа оқушылардың пікірін тыңдауға, жоғары деңгейлі сұрақтар қоюға, жұппен жұмыс жасауға, формативті бағалай алатын дәрежеге жетті.
Сабақта оқушыларды формативті бағалау түрлерімен бағалау кезінде, оқушыларға өте қызықты болады. Жеті модульдің тиімділігі, тізбектелген сабақтар жоспарындағы жаңа әдіс-тәсілдер пайдалану арқылы оқу үдерісінің айырмашылығын және оқушының білім-білік дағдыларына, ойлау қабілеттерінде, мысалдарды қандай деңгейде меңгере алатындығын, сабаққа деген қызығушылығы қалай артатыны жайлы өзгерістерді байқадым. Күнделікті сабақ беру кезеңінде түрлі тренингтер орындаймыз.
Тренинг арқылы топтағы психологиялық ахуал өзгеріп, оқушылардың оқуға деген ынтасы артады. Оқушылардың назарын сабаққа аудару үшін ынтымақтастық атмосфераны қалыптастыруда тренингтің маңызы зор. Топқа бөлуде, оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін гүлдердің түстерімен, мақал-мәтелдер жалғасын табу, суреттер арқылы, сандық реттер негізінде топқа біріктіріп отырамын. Оқушылар топтық жұмыс жасау кезінде, жауапкершілікті сезінеді, постер құрып, оны қорғай біледі.
Топбасшының белсенділігі артып, оның ұйымдастырушылық қабілеті арқылы оқушылардың да белсенділігі артты. Топтық әдіс оқушылардың бірлесіп жұмыс жасауына, сыйластығын, жауапкершілігін сезуге ықпал етеді.
Жалпы менің түйгенім: оқушыларды қалай оқытуды үйрендім. Нәтижесінде, өзіндік ойларын сенімді, еркін жеткізе білетін, жан-жақты дамыған көшбасшылық дағдылары қалыптасқан оқушы тәрбиелеуді үйрендім.
Қорыта келгенде: Болашақ жастардың білімін кеңейтіп, елу елдің қатарына ену арқылы елімізді жоғары деңгейден көру. Қазіргі сабақ барысында заманауи технологияны қолданып, білім нәрімен сусындатсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Осы жолды таңдағаннан кейін тынбай еңбек ету – менің мақсатым мен парызым деп түсінемін.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. «Әлемдегі және Қазақстандағы білім берудің сапасы» А. Құсайынов Алматы -2013
  2. Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» халыққа Жолдауы.
    3. «Кәсіптік білім беру жүйесіндегі педагогтарды даярлау : бағдарлар мен үрдістер» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары 2013.
    4. Жаңа педагогикалық технологиялар. Д.Ж. Кішібаева.
    5. Білімдегі жаңалықтар ақпаратты-әдістемелік журнал 2014.

Серікбаева Гүлнар Қартабайқызы,
Жезқазған гуманитарлық колледжі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.