Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз. Тәуелсіздіктің арқасында тарихымызды түгендеп, тілімізді, дінімізді және ділімізді қайта оралттық. Мемлекеттік рәміздеріміз қабылданып, ұлттық салт-дәстүрлерімізді жандандырдық. Осындай игі істердің қатарынан оқулық жазу саласы да қалыс қалған жоқ. Келешек ұрпақтың төл оқулығымыздан білім нәрімен сусындауын қалаған осы саланың мамандары бұл бағытта аянбай тер төкті.
Оқулық – ұстаздың да, оқушының да ақылшысы, сондықтан оны жазуға қойылатын талаптар өз алдына ғылым. Бүгінде істің байыбына бармай мектеп оқулықтарына сын айту үрдіске айналғандай. Олар белгілі бір нақты талдаулар мен зерттеулерге сүйенбей жасалады, кейде контекстен үзіп алынған фрагменттерге үстірт, пән бағдарламасын білместен, субъективті баға беріліп, ақ-қарасы анықталмаған негізсіз пікірлер ақпарат құралдарында да жариялануда.
Әлбетте, сын түзелмей, мін түзелмейді. Алайда, кейде оқулық шығаруда мүддесі ортақ жандардың жасаған қыруар еңбегі бір-ақ сәтте жоққа шығарылып жататыны өкінішті. Білім нәрінің көзі болып табылатын аталмыш құралдардың ұстаз бен оқушының алдына жетпес бұрын қаншалықты күрделі кезеңдерді өткеретінін жұрттың барлығы біле бермейді.
Кез келген сала даму кезеңінде ізденіс пен іркіліс жолдарынан өтеді. Сол сияқты қазақ елі де өзінің оқу-ағарту саласын дамыту барысында талай кезеңдерді артқа тастады. Мәселен, мектеп пен оқулық тарихына көз жүгіртсек, қазақ балаларына арналған еуропалық-ресейлік үлгідегі тұңғыш бастауыш мектеп негізі 1841 жылы қаланса, тұңғыш оқулық 1879 жылы жарыққа шықты. Бұл кириллицаға негізделіп жазылған Ыбырай Алтынсаринның «Қазақ хрестоматиясы» еді. Екі ғасыр тоғысында қазақ даласында ағартушылық идеялар өріс алып, оқуға ұмтылыс арта түскенмен, ұлт мектептерінің дамуы өте баяу болды. ХХ ғасырдың алғашқы 10-15 жылынан бастап оқулық жазу едәуір жандана түсті. Батыс Еуропаның қайта өрлеу дәуірін еске түсіретін қазақ топырағындағы ояну кезеңінің ең көрнекті кемел тұлғасы Ахмет Байтұрсынов болды. Терең де ауқымды ойлайтын көреген кісі Абай «шөлдеген» төте оқуға жол салып, орыстандыруға бастайтын орыс графикасын емес, «дінмен бірге келген жазуды», яғни ділімізге жақын жазуды реформалады. Оның емлесін – дұрыс жазу ережелерін жасады. Сөйтіп, жаңаша оқып, жазуға кең жол ашқан араб алфавиті негізіндегі төл жазуымызбен «Оқу құралы» 1912 жылы дүниеге келген болатын.
Бүкілресейлік атқару комитетінің 1919 жылғы сәуірдің 4-індегі қаулысымен алашшылдарға «кешірім» жасалып, Кеңес жұмысына қатысуға рұқсат етілгеннен кейін, байырғы қазақ оқығандары оқу-ағарту мен ғылым, мәдениет пен әдебиет ісіне қайта оралды. Олар ендігі елдікті сақтаудың жолын мектеппен байланыстырды. А.Байтұрсынов, М.Шоқаев, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ә.Ермеков, Ж.Күдериннің қазақ тілі мен әдебиеттану, психология мен педагогика, өсімдіктану мен тіршіліктану, математика пәндерінің сындарлы оқулығы әрі алғашқы зерттеулер болып табылатын еңбектері осы кезеңде жарық көрді. М.Дулатов, М.Тынышбаев, С.Асфендияров, Т.Рұсқұловтардың тарих саласындағы зерттеулері де сол шамада жазылды. Бұлар сол кезде жұмыс істей бастаған бірді-екілі халық ағарту институттары (Алматы мен Ташкентте), мұғалімдер даярлау курстары мен педучилищелерде оқу құралы ретінде пайдаланылды.
1925 жылы А. Байтұрсынов әдістемелік жаңалықтарды ескере отырып, қазақ бастауыш мектептеріне арналған жаңа әліппені ұсынды. Саяси себептердің салдарынан бұл әліппе 20-жылдардың аяғына дейін ғана қолданыста болды.
1926 жылы қабылданған еңбек мектебінің жарғысы бойынша Қазақстандағы білім беру жүйесі КСРО-лық ортақ жүйеге көшірілді. 1934 жылы қабылданған оқу әдебиеттерін бірегейлендіру туралы қаулысына сәйкес, «Әліппе» алғашқыда латын әліпбиімен, кейіннен кирилл әліпбиімен қайта жарық көреді. Ғасыр басынан бергі 40 жыл ішінде тәжірибелі де білімді, көрнекті қазақ оқығандары жазған оқулықтар мен оқу құралдары «зиянды дүниелер» ретінде кезек-кезегімен жинап алынып немесе жойылып жіберіліп отырды. Сөйтіп, қазақ оқулықтарын жасаудың жарты ғасырға жуық тәжірибесі де, мазмұндық-әдістемелік сабақтастығы да еленбей қала берді. Соның салдарынан қазақ тілінде оқулық түзудің біртұтас әдістемелік-дидактикалық ұстанымдары көпке дейін жасалмады, әр автор оқулықты өз білгенінше жазды.
Кеңес Одағы аумағында негізгі пәндер бойынша оқулықтың бір ғана нұсқасын қолдану міндетті болды. Қазақстандық баспалардың алғашқысы болып 1947 жылы 20 мамырда құрылған «Мектеп» баспасы «Просвещение» баспасынан шыққан оқулықтарды қазақ тіліне аударып басумен қатар, «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан тарихы» және «География» пәндерінен төл оқулықтарымызды жазумен айналысты.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдан бастап «Мектеп» («Рауан») баспасының алдына жаңа буын төл оқулықтарымызды басып шығару міндеті қойылды. Алғашқы уақытта әуелден бар оқулықтардағы ескірген идеологиялық көзқарастар алынып тасталып, бүгінгі идеологиямыз тұрғысынан түзетіліп өңделді. Оқулықтардың толықтырылған нұсқалары алдымен қазақ тілінде, содан соң орыс және басқа да тілдерге аударылып басылды. Сонымен қатар, жаңа пәндер бойынша бірнеше оқулық жазылып, басылып шықты. Тәуелсіздік алған соң араға бес жыл салып, бiлiм тұжырымдамаларын, оқу бағдарламаларын, оқулықтар, оқу-әдiстемелiк құралдар және тексеру тапсырмаларының жүйесiн жасау мақсатында жаңа бағдарлама қабылданды. Осының нәтижесінде 1997 жылы қазақстандық жаңа буын оқулықтарын шығару қолға алынды. Егемен, ешкімге жалтақтамайтын еркін ұландарды тәрбиелеуді көздеген жаңа мемлекеттік бағдарлама аясында республикамыздың 77 мектебі оқулықтарды сынақтан өткізуге қатысты. «Келісіп пішкен тон, келте болмас» демекші, осылайша білім академиясының, сондай-ақ, авторлардың, академия зертханаларының, сынақтан өткізген мектептер мен баспалардың жұмыстарын жақсарту мақсатында мұғалім-әдіскерлердің, авторлардың, рецензенттердің, оқулық редакторларының сын-пікірлерін топтастырып, қорытындылайтын Мониторинг орталығы құрылып, бірігіп маңызды шешімдер шығарылып отырғанын атап өтпеске болмайды. Баспаға оқулықтардың толық диагностикалық картасын ұсынып, сол бойынша оқулықтар өңделіп, толықтырылып отырды. Білім академиясының және баспа қызметкерлерінің қатысуымен сарапшы мен автор арасындағы даулы мәселелер талқыланып, бірізділікке келтірілді. Осының барлығы жаңа буын оқулықтарының сапасын жақсартуға өз үлесін қосты.
2005 жылы ғылыми және педагогикалық сараптама өткізудің нормативтік-құқықтық актілерін жасау, тәуелсіз сарапшылардың білікті базасын құру және оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді мемлекеттік сараптамадан өткізу сапасын жетілдіру мақсатында «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы құрылды.
Оқулық шығару ісінде жаңа ізденіске еркіндік берілген сәт 2000 жылдармен тұспа-тұс келді, себебі, осы кезде бір пәннен бірнеше нұсқада, балама оқулық шығару мүмкіндігі берілді. Білім саласында сапасы жақсы, тиімді деп тапқан оқулықтарды таңдау мүмкіндігі берілді. Нарықтағы монополия жойылды. Қазіргі кезде мектептердің Білім және ғылым министрлігі ұсынған оқулықтардың ішінен біреуін таңдап алу құқығы бар. Бұл баспалар арасындағы бәсекелестікті дамытып, оқулық сапасын арттыруға мүмкіндік туғызды. Балама оқулықтарды шығарумен айналысып жүрген баспалардың саны бүгінде 25-ке жетіп отыр.
Бүгінгі күн – білім беру мазмұнына, оқушы мен педагог тұлғасына және қызметіне деген көзқарастардың түбегейлі өзгеріске бет бұрып отырған кезеңі. Бұл жөнінде Елбасымыз «Біз қазір «білім-ғылым-инновация» атты үштік үстемдік құратын постиндустриялық әлемге қарай бағыт алып барамыз», деген еді. Қазақстанның әлемдік үрдістерге кірісуі, әлемдік саясат сахнасында өзінің басты рөлін алуы үшін білім беру жүйесін озық деңгейге жеткізуі аса қажет. Демек, еліміздің білім беру жүйесінде жасалып жатқан реформалар еркіндікке еті үйренген, болашаққа жасар қадамы нық, өзіне сенімді, дарынды ұрпақ қалыптастыруға бағытталған. Себебі, жаңа ақпараттық заман оқушыларға берілетін білімнің мазмұны мен сапасына жаңа талаптар қойып отыр. Бұл, әрине, оқу құралдарын әзірлеу ісінде де жаңа көзқарасты қажет етеді. Сондықтан, жалпы білім беретін орта мектептердің 1-сыныптарына арналған жаңартылған мазмұндағы оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешені түзіліп, 2015-2016 оқу жылында 30 қанатқақты мектепте сынақтан өтті.
2016-2017 оқу жылынан бастап бұл оқулықтар қолданысқа енгізіліп, 2-сынып оқулықтары сынақтан өтуде. Бұл оқулықтарды әзірлеуде педагогика, психология және оқулықтану ғылымындағы соңғы жетістіктер негізге алынды. Шындығына келер болсақ, бұрынғы оқулықтар оқушылардың шығармашылығын дамытуға, өзіндік ойлануына және ізденіс жасауына мүмкіндік туғыза бермеді. Онда көлемді теориялық материалдар көп беріліп, монологтік сипатқа ие болды да, көбіне қарапайым ақпарат көзі қызметін атқарды. Бүгінгі талаптарға сай баланың тұлғалық қасиеттерін қалыптастырып, тәжірибе жүзінде қолданып үйренуге дағдыландыру үшін бұл жеткіліксіз.
Қазір жасалып жатқан жаңа форматтағы оқулықтар білім алушының ынтасын арттыру және дамыту функцияларының күшеюімен, мәтіннен тыс ақпараттың кеңеюімен ерекшеленеді. Оқулықтың ішіндегі тапсырмалар ақпаратты өз бетінше іздеуге, түрлендіруге және қолдануға үйретеді. Оқу материалары сұхбаттастық, интерактивтілікке негізделген. Электронды, мультимедиялық қосымшалармен толықтырылған.
Әлбетте, «сырт көз – сыншы» демекші, оқулықтарды жасаушы ғана емес, пайдаланушы тараптың да, жалпы қоғамымыздың тарапынан айтылатын сын-ескертпелері де маңызды. Сол себептен, 2015 жылдан бастап сараптама үрдісінің сапасын арттыру мақсатында «Қоғамдық бағалау порталы» іске қосылды, сыртқы сарапшылардың жұмыс сапасына мониторинг жүргізу жүйесі әзірленді. Оқу басылымдарына авторлық құқық баспалардан Білім және ғылым министрлігіне берілді.
Жоғарыда айтылған мәліметтерден көріп отырғанымыздай, еліміздегі оқулықтардың шығу тарихы сан-түрлі кезеңдерді өткеріп, заман ағымына қарай талай қиындықтар мен өзгерістерді басынан кешіруде, ал төл оқу әдебиеттерін шығару саласының қалыптасу кезеңі ұзақ емес. Кейбір елдердің оқулық жазудағы дәстүрі мен тәжірибесі ғасырлап саналады. Айта кетер болсақ, осы күні Ресей елінің білім ордаларында негізгі оқулық ретінде пайдаланылып жүрген Н.Я.Виленкиннің 5-сыныпқа арналған «Математика» оқулығы 1968 жылы сынама оқулық ретінде жарық көріп, 2013 жылы 31-ші рет қайта басылған.
Ал егемендік алғаннан бері жарық көре бастаған төл оқулықтарымыз небәрі төртінші рет қайта басылып отыр. Әрине, бұл істің қыр-сырын біле бермейтін жандар аталмыш тақырып тізгінін ұстағанда, «баспа ісі бизнеске айналуда» деп бағалар, бірақ бір ғасырдан астам уақыт тәуелділік қамытын асынып, өзгенің мәжбүрлі түрде жүргізген идеологиясынан босаған соң, небәрі 25 жылда қазақ елі болашақ ұрпағын тек озық үлгілерге еліктіре отырып тәрбиелеу мақсатында батыл қадамдарға барып, өздігімен тәжірибе жинақтауға, оқу-ағартудың өзіндік үлгісін қалыптастыруға құқылы деп есептейміз. Тәуелсіздік алғаннан бері білім саласында жасалып жатқан күллі реформа, оқулық жасауда бастан өткерген тәжірибе мен алдағы ізденісіміз – кешегі Ахмет Байтұрсынов аталарымыз мұрындық болған бастамалардың бүгінгі заманға сай көрінісі.
«Оқулық» РҒПО директоры