«Отбасы тұғыры тәрбие»- деп, халық даналығы бекер айтпаған.
Еңселі егеменді еліміздің қуатты тұтқасын, яғни саналы да, білімді болашағын қалыптастыру әрбір ата-ананың мерейлі міндеті, парасатты парызы.
Еліміздің болашағының тізгінін ұстар тұлғаның бойына білімнің нәрін, тәрбиенің иісін сіңіруіміз қажет.
Ата-бабамыздан қалған мөлдір бұлақтай ұлттық тәрбиемізге дақ түсірмеу үшін, барлық қажетті жауапкершілікті ата-ана өзіне алғаны жөн. Себебі бала-ата-ананың өмірінің жалғасы,жайылар жапырағы.
Бала-жас өсіп келе жатқан өркен сияқты.Қалай исең, соған бағытталып өркен жаяды. Сондықтан да жас ата-аналарға айтарым, жас өркенге дұрыс күтім жасаудың маңызы зор. «Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз». Отбасындағы тәрбие әрбір мүшенің өзін-өзі сақтау, ұрпақты жалғастыру және өзін-өзі сыйлау қажеттігінен туындайды.
«Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын»-деп, өткен ғасырдың ұлы тұлғасы А.Байтұрсынұлы бекер айтпаған. Бала әрқашанда ата-анадан жүрек жылуын, мейірімділікті қажет етеді, ата-ананы өмірдің тірегі санайды. Бала үшін ата-ана игілік жасаушы, үлгі-өнеге көрсетуші және ақыл кеңес айтушы болып табылады. Отбасы-адам баласының өсіп-өнер, қаз тұрып, қанат қағар ұясы, алтын бесігі.
Баланың болашағын ойлайтын отбасы мықты болса, елдің де болашағы зор болмақ. Ата-аналарымыз балабақшамен тығыз байланысып, бірлесіп жұмыс жасаса, тәрбие жүйесі жемісті болмақ. Алайда жұмысымыздың барысында байқап жүргеніміздей, ата-аналарымыздың бала тәрбиесі жайлы көзқарастарында елеулі қателіктердің барлығын көрудеміз. Кейбір отбасы «Баламды киіммен, тамақпен қамтамасыз еттім, ал тәрбие беру, оқыту –балабақшаның ісі»-деп ысыра салады. Баланы балабақшадан аларда баладан
«саған кім тиді, біреу ұрды ма? Апай саған сөйледі ма?-деп сұрайтын ата-аналар да кездеседі. Мұндай теріс ұғымдар баланың келешегіне зиян келтіреді. Сондықтан да жақсы ұрпақ тәрбиелегіміз келсе «ата-анамен балабақша қызметкерлері ынтымақтаса отырып, бірін-бірі түсінісіп , тың істі-игі бастаманы алға қою шарт.
Ата-аналарға кеңес:
1.Баланың әр күнді бастауы, қарсы алуы сәтті болу керек: ол үшін таңертең баланы оятқанда жайлы, баппен оятыңыз.
2.Балаға балабақша бара алдында сенімділік пен сәттілік тілеңіз.
3.Бала бірдеңе айтқысы келсе, қарсы болмай тыңдау керек.
4.Балаңызға қатты дауыс көтермеңіз.
- Үнемі тәрбиешіңізбен байланыста болу.
Текеева Рита Нурджанқызы
Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы,
Дәулет селосы №10
«Ақбота балабақшасы» МКҚК
педагог-психологы