Қостанай қаласы «Ғ.Қайырбеков атындағы №9 орта мектебі»
тарих пәнінің мұғалімі Ильясова Ж.А.
ОТБАСЫ – ОТАНЫМЫЗДЫҢ ОШАҒЫ
Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім – жақындарына, туған- туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады.
Н.Ә. Назарбаев
«Мәңгілік ел» ұлттық идеясының негізінде біздің қоғамымыздағы ұлттық бірлікті, татулық пен келісімді қалыптастыруға бағытталған, адамзаттың басты құндылықтарын, жақсы тұлғалық, ұлтжандылық сезімдерін тұрақты қалыптастыру ойы жатыр. Тұлға рухының күші де осында! Ал отбасы – әр бала үшін негізгі іргетас, өмірлік өнеге. Сондықтан да туған үйдің жылуы – баланың көкірігінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді. Ақын сөзімен айтқанда: «Отбасы – табиғат сыйлаған кереметтердің бірі», — десек артық емес. Жеке адамның бойындағы ар ұяты, ақыл бойы, адамгершілігі, басқа адамдармен қарым-қатынаста, мәдениеттілікті тәрбиелеуде отбасы алғашқы қадам. Сондықтан отбасы өте қажетті, басқадай ешнәрсемен өзгертуге (ауыстыруға) болмайтын баспалдақ. Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта. Отбасы — бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Отбасының басты қазығы, алтын тіреу деңгегі – бала. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Отбасының әрбір мүшесі, өзара сөйлесіп, не болмаса ата-ананың, баланың міндетін атқару ғана емеc, береке-бірлік, сүйіспеншілікпен араласса, босағасы берік, шаңырағы биік отбасына айналары сөзсіз.
Ата мен ана – бала тәрбиесінің қамқоршысы, өнегесі. Ата – асқар тау, Ана бауырдағы бұлақ, Бала жағасындағы құрақ — деп ата-ана мен баланы табиғаттың тамаша құбылыстарына теңеген халық мақалына қайран қаларсың.
Отбасы – адам ғұмырының тірегі ғана емес, қоғамның да басты негізі. Сол себепті қазіргі заманғы ахуалда, яғни қоғамдағы теріс пиғылды діни ағымардың көбейген кезінде, біздің балаларымыздың осы діни ағымдардың жетегіне еріп кетпеуінде отбасының алар орны зор.
Қазақстан қоғамының рухани жаңаруында дәстүрлі діндердің алатын орыны ерекше. Ислам, христиан діндерінің жалпыадамзаттық және рухани құндылықтары қоғамдағы келісім мен татулықты тұрақтандырудағы маңызы ерекше. Олар қоғамымыздағы тұрақтылықты нығайтуға қызмет етеді.
Қазақстанда діни ахуал тұрақты. Қолайлы мемлекеттік саясат көп дінді қоғам жағдайында діни тұрғыдағы араздықты туғызбауға мүмкіндік берді. Бұған дәстүрлі қазақ қоғамының басқа діндерге кеңпейілділікпен қарайтын қасиеті оң әсер етті.
Қазақстанда конфессияаралық сұхбатты ынталандыру бойынша жақсы жұмыстар атқарылып жатыр. Қазақстанның бұл тәжіриебесін әлемдік діндердің көшбасшылары мойындап, қолдау көрсетті. Мұның нәтижесінде Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бірнеше съезінің өткізілуі болды.
Қазақстан қоғамының осы үлгісі мен тәжірибесі дінаралық жанжалдарға қазірде де, болашақта да жол бермеуге болатының тағы бір дәлелі. Мемлекеттік – конфессиялық саясаттың дұрыс болуы дін аласындағы проблемалардыүнемі жіті қадағалауға тікелей байланысты.
Алайда еліміздегі діни жағдайдың ерекшелігі – діни ағымдардың әртүрлілігі. Бұл елімізде ғана емес, жалпы әлемде байқалып отырған құбылыс. 1960-1980 жылдарда АҚШ-та, Батыс Еуропада, Азияның кейбір елдерінде, Ресейде пайда болған топтар мен құбылыстарды жаңа діни ағымдар деп атайды. Бұл діни ағымдардың «жаңа» деп аталатын себебі олардың көпшілігі соңғы жылдары пайда болған. Жаңа діни ағымдардың дәстүрлі діни сенімдерден айырмашылығы әлемдік тарихи діндердің ұстанымдарынан басқа жаңа бір діни танымдық жаңалықтар енгізулерінде.
Дүниежүзінің көптеген елдерінде түрлі діни ағымдардың саны өсіп келеді. Мысалы исламдық жаңа діни бағыттар «Хизб-ут-Тахрир» «Уаххабшылдық» немесе «ваххабизм», «Таблиғи Жамағат», «Имсаилиттер», «Ахмадие» және тағы басқаларды атауға болады. Яғни бұларды теріс пиғылды діни ағымдар деп атаумызға болады. Бұлар қоғам тыныштығына қатер төндіретін теріс пиғылды діни ұйымдар мен лаңкестік топтар.
Ондай діни ұйымдардың миссионерлері баратын елдің тілін, тарихын, әдет-ғұрыпын, мінез-құлқын, психологиясын зерттеп, өз істерін табысты атқаруда белсенді жұмыс жүргізеді. Адам мен қоғам өміріне қауіпті діни сарындағы ұйымдардың арбауына түспеу үшін әркімнің дәстүрлі діндер негізін жақсы білгені жөн. Өйткені мұндай ұйымдар өз істерін жоспарлы, ұзақ мерзімдік үдеріске сай ұйымдастырып жүргізеді. Мұндай діни ағымдардың ілімдері көбіне адамды өзгелерден дара, пәк, артық сезінуге әкеледі. Нәтижесінде ондай ілім ұстанушы психологиялық ауытқуларға, рухани мерездерге ұрындырып, қоғамнан, ортасынан ажырауға, тіпті өзінің жанұясынан, туған-туысынан алыстауына әкеп соғады. Бұл жағдайда тек ол адам ғана емес, оның отбасы, жолдастары, ата-анасы, тіпті қоғам зардап тартады.
Осы тектес діни ағымды ұстанушылар, көбінесе, отбасынан бөлек, арнайы үйлерде тұрады, туыстарынан және басқа да жақын адамдарынан байланысын үзеді. Сыртқы әлемнен оқаушаланып, ұйым мүшелерімен ғана қарым-қатынасқа түседі.
Теріс пиғылды діни ағымдардың қатарына жаңадан келген адамның санасына ықпал жасау үшін әртүрлі психологиялық тәсілдер де пайдаланылады. Бұлардың ішінде гипноз арқылы, медитация, бір сарынды құлшылық ету, тағыда басқа тәсілдер кездеседі. Кейде адам санасына бақылау жасауда тыйым салынған түрлі психотехнологияларды да қолданады.
Осындай топтар көбінесе лаңкестік жасауға бейім болады. Ғылыми әдебиеттерде лаңкестік «терроризм» латынның үрей деген сөзінен шыққан екен, яғни лаңкестіктің мақсаты күш көрсету арқылы өз ойлағандарын жүзеге асыру болып табылады. Зорлық арқылы жасалатын қылмыс (өлтіру, кепілдікке алу, жарылыс ұйымдастыру, қарулы күшпен басып алу) төңкерістік немесе лаңкестік сипатта болады. Оның мақсаты қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін бұзу. Лаңкестік ұйымдасқан топ, партия немесе саяси күш өзінің алдына қойған мақстаттарын зорлық көрсету арқылы ғана жүзеге асыруды мақсат етеді. Негізінен исламды өз мүдделеріне қолданушы лаңкестік топтарға дін тек құрал ретінде ғана қажет болып саналады. Ал кейбір жастар сол ұранға сеніп, олардың жетегінде кетіп, экстремистік психологиядағы топтарға қосылып, қор болып жатады.
Ал негізінде ислам «бейбітшілік» деген мағына береді, яғни бейбітшілік діні болып саналады.
Діни экстремизмге қарсы ең басты құрал – азаматтардың діни сауттылығы. Діни сауттылық дегеніміз – ұлттық тарих, дәстүр. Діни таным мен қатар әлемдік өзгерістерден хабардар болу, өз Отанын, елін, мәдениетін сүю, әдет-ғұрыппен діни танымды құрметеу, тарихы мен тілін құрметтеу, қастерлеу. Өйткені қазақ тарихын қастерлеген әрбір азамат қазақ халқының төзімділігін, қонақжайлығын, кеңпейілдігін, өзге ұлт пен дін өкілдеріне деген құрметі мен махаббатын таниды. Сондай-ақ қазақ мәдениетінің мазмұнындағы исламның озық құндылықтарын табады. Сондықтан діни сауаттылық адамзаттың жалпы сауаттылығының құрамдас бөлігі.
Қорытыдылай келгенде, отбасында діни тәрбие оң нәтижесін беру үшін отбасы мүшелері діни сауатты болуы қажет. Отбасы мүшелерінің, әсіресе балалардың немесе жасөспірімдердің теріс пиғылды діни ағымдарға түсіп кетпеуі үшін ата-ана күнделікті өмірде баланың әр уақытын назарда ұстауы қажет. Бос уақытын тиімді пайдануын қадағалау қажет. Бала үнемі ата-ананың бақылауында болуы қажет деп ойлаймын.