Тәрбие – отбасынан басталады, болашақ ұрпақтың еліне, Отанына деген сүйіспеншілігі ең бірінші ата-ананың ықпалымен қалыптасады. Отбасы-адам баласының түп қазығы, алтын ұясы. Ал балабақша — балалардың бал мекені. Балабақшада балалар тәрбиеленіп, білімнің алғашқы буындарын меңгереді. Яғни, еліміздің болашақ ұрпағының тәрбиелі де білімді болуына тікелей ықпал ететін отбасы мен балабақша. Осы «бала – ата-ана – тәрбиеші» үштік пирамидасының ынтымақтастығын нығайту мақсатында Жамбыл облысы Тараз қаласының «Ер Төстік» балабақшасында ата-аналарға арналған «Ашық есік күні» өтті. Ата-аналар баласының, яғни еліміздің бүлдіршіндерінің балабақшада қандай тәрбие алып, қандай оқу қызметтерін өтетінін, қандай ас ішіп, қандай жерде ойнайтынын біліп, бір күндік күн тәртібімен танысып, балабақшаның ұжымының жұмысына ризашылықтарын білдіріп кетті.
«Ашық есік күні» есігімізді айқара ашып, ата-аналарды таңертең флешмобпен қарсы алдық. Әрбір ата-ана балабақшаның оқыту үрдісіне қатысып, тәрбиешілердің оқу қызметтерінде қолданып жүрген инновациялық технологияларды көріп, үлкен қызығушылық танытты. Балабақшаның танымдық орталықтарын аралап, лингафондық кабинет пен арт-терапия кабинеттерінің ерекшеліктерін көріп, балаларының жан-жақты тәрбие алып жатқандығына көздері жетті. «Ас – адамның арқауы» демекші, балабақшада дәруменге бай әзірленетін түрлі ботқалар мен тәтті бәліштердің дәмін татып, тамсанып кетті.
Ата-аналар балабақша педагогтарының ұйымдастырған «Бала – отбасының айнасы» атты дөңгелек үстелге қатысып, өз ойларымен бөлісті. Дөңгелек үстел барысында ата-аналарға кеңес берілді, сауалнама алынды. Ата-аналар құм және арома терапиясы арқылы релаксациялық жаттығулар жасап, балабақшада жүргізіліп жатқан жұмыстарды тәжірибе жүзінде көріп, шын жүректен алғыстарын білдірді.
«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген ата бабамыздан қалған асыл сөздің сырына үңілер болсақ, бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады. Сондықтан да заман талабы деп балаларымыздың қолына ұялы телефон мен планшет бермей, ата-бабамыздан қалған өсиетті айтып, бір сәт болса да көңіл бөлсек, болашақ ұрпағымыз ұлттық тәрбиені бойына сіңірген саналы ұрпақ болары сөзсіз. Сондықтан да ата-анамен балабақша тығыз байланыста болып, балаға бірдей талап қойып, тәлім-тәрбие берсек, тәуелсіз еліміздің ұл-қыздары жан-жақты дамыған азамат болып өсері анық.
Тараз қаласы №35 «Ер Төстік» балабақшасының әдіскері
Бейсенбекова Раушан Төлепбекқызы