Home » Балабақша » Отбасы мен балабақша бірлестігі

Отбасы мен балабақша бірлестігі

 

Отбасы – адам баласы үшін ең жақын әлеуметтік орта. Онда бала алғаш рет өмір жолымен танысады, моральдық нормаларды игереді. Сондықтан отбасылық өмір — жеке тұлғаның азамат болып өсуінің негізі.
Отбасы және мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдары – баланы әлеуметтендірудің маңызды екі мектебі. Мектепке дейінгі қызметкерлердің басты мақсаты — жеке тұлғаның қоғамдық өмірге қалыптастырып, баланың тіршілік әрекетін ұйымдастыру. Сондықтан оның іс-әрекеті отбасымен, балабақшамен тығыз байланысты. Бала тұлғасы, оның қызығушылығы, дамуы, тұлғалық әлеуетін ашу педагог пен отбасы арасындағы қатынас стратегиясының орталығы болып табылады. Ата-аналардың балаға деген қамқорлығы шексіз. Қамқорлық- мейірімділіктің қайнар көзі, сөнбес сәулесі екені баршамызға ақиқат. Дегенмен «Жақсылықтың өзі өлшеммен» деп бекер айтпаған. Сондықтан шектен тыс қамқорлықты жақсылықтың жолы деп қарауға болмайды. Әрине, әр ата-ана өз баласына қамқор болуға әрқашан дайын. Бірақ, сол қамқорлық ақыл- парасатқа негізделген, болашақ болмысын айқындайтын жақсылықтың жолы болуы керек.

Ата-аналардың педагогикалық және психологиялық білім жүйесін меңгеруіне, балалардың әлеуметтік ортадағы мінез-құлқын білуіне қарай ағартушылық көмек көрсету, яғни жеке әңгімелер жүргізу, психологиялық тестер өткізу, мамандармен пікірлесу де (логопед, психолог, диетбике, дәрігер) өз көмегін береді. Ата-аналарға тәрбие мәселелері бойынша әдістемелік көмек беру, ақпарат құралдарына балабақша өмірі, отбасы тәрбиесі мәселелеріне байланысты мақалаларды жариялау, балалардың (ашық есік күні) сабақтарына қатысу сияқты шараларда өткізіледі. Қазіргі жас отбасыларында, жас аналарға осындай көмек пен кеңестер өте қажет екендігін күнделікті өмір практикасында көрудеміз.

Тәрбиеші ата-аналармен қарым-қатынас жасаудың тиімді түрлерін қолданады. Мысалы: тренингтер, пікірталастар, әңгімелер, лекциялар, дөңгелек үстел, мерекелік іс-шаралар, сұрақ-жауап, сауалнамалар, кеңестер, отбасылық кеш, сайыс, т.б. Ата-ана сұранысымен талап-тілектерін қанағаттандыра отырып, білім мен тәрбиенің балаға берілген үрдісі жайында ата-анамен үнемі бірлескен ынтымақты негізде жұмыс жасау керек. Жас бала дегеніңіз ол — ұрығын жарып, жаңа көктеп келе жатқан жас шыбық сияқты да, ал тәрбиеші болса – жаңадан көктеп келе жатқан нәзік шыбықты күтуші бағбан іспетті. Бала тәрбиесі отбасынан басталып, балабақшадан жалғасын табады. Бала бойынан жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікке тәрбиелеуде отбасы мен балабақша шешуші роль атқарады. «Бала – балабақша – отбасы» үштік одағының өзара түсіністік негізіндегі ынтымақтастығы бала тәрбиесінде жақсы нәтижесін беру керек.

Қазіргі таңда ата-аналармен жұмыс істеу — барлық оқу тәрбие жұмысындағы ең күрделі мәселе. Барлық ата-ананың көңілінен толық шыға қою оңай емес. Қиындыққа қарамастан, ата-аналармен ортақ тіл табысып, шығармашылықпен жұмыс істеу керек. Қазіргі заманда ата мен әже тәрбиесінің аздығы көп жағдайда сезіліп тұрады. Сәбилердің әке-шешесінің қызметте болуына байланысты көп жағдайларда бала тәрбиесінің негізгі көп күші балабақшаға түсуде.

Өзім еңбек етіп жүрген мекемеде жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше топтарда жұмыс жасадым. Ата-аналардың жас ерекшелігі де, ұлты да, әдет-ғұрпы да, материалдық-тұрмыстық жағдайы да әр алуан. Сондықтан әр ата-ананың балабақшадағы болып жатқан  іс-шараларға деген қызығушылық білдіруі де әртүрлі.Дегенмен баласы үшін қолдарынан келгенін аямайтын ата-аналар да бар және олардың сенімі мен қолдауы қөптеген жұмыстардың жемісі мен жетістігін берді. Қала, аудан көлемінде балабақша тәрбиеленушілерінен үлкен конкурстарға балаларды қатыстыру, оларды сахна киімі мен музыкалық жазбалармен және жеткізу-әкелу көліктерімен қамтамасыз ету сияқты шараларды ата-аналардың көмегімен атқарылып отырылды. Балабақша бойынша барлық тақырыптық, мерекелік іс-шараларға көрмелер ұйымдастырылады, оған ата-аналар ат салысады. Салауатты өмір салтын насихаттауда отбасылық жарыстар, эстафеталар мен әр түрлі ұлттық ойындар да ұйымдастырылды. Тәжірибе алмасу практикум — семинарлары кезінде де ата-аналардың атқаратын жұмыстары бар. Осындай іс-шаралар, ортақ мақсат пен мүдде ата-ана мен балабақшаны жақындастырады және балабақша қызметкерлерінің еңбегін көрсетеді.

Осы мекемеден тәрбиеленіп шыққан қаншама балаларымыз еліміздің алдыңғы қатарлы білім ошақтарында білім алуда. Сол балалардың негізгі тәрбие мен білім фундаменті балабақшадан қаланғанын ескерсек, балабақша қызметкерлерінің еңбегінің еш кетпегені және сол еңбектің нәтижесі. Бала тәрбиесіне деген жауапкершілікті сезінген педагог пен баласының жақсы адам болып қалыптасуы үшін бәріне дайын ата-ана тілегі мен көмегі мектепке дейінгі мекеменің жұмысын нәтижелі етпек. Халық даналығы айтқандай: «Егер сен бір жылдық өміріңді ойласаң онда арпа ек, он жылдық өміріңді ойласаң онда ағаш ек, ал ғасырлық өміріңді ойласаң онда бала тәрбиеле». Балаға берілген тәрбие мен білім нәтижелі болу үшін ата-ана мен балабақша қызметкерлеріне балаға деген үлкен махаббат пен төзімділік және қажырлы еңбек керек екенін ұмытпайық.

 

Чубанова Ардак Мураткановна,
Алматы қаласы, Жетісу ауданы.
МКҚК № 162 бөбекжай-балабақшасының
І-санатты тәрбиешісі.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.