Home » Мақалалар » Отбасы бірлігіне бағытталған жоба жемісті өтті

Отбасы бірлігіне бағытталған жоба жемісті өтті

Біріккен ұлттар ұйымы мен Ұлыбританияның Оксфорд университеті профессорлары әзірлеген «Берік отбасы» бағдарламасы Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өтеді дегенді естіп, қатысуға ниет білдірдім. Куратор, психологтар бірлесе ұйымдастырған тренингтерге осы мектептің 7 сыныбында оқитын қызым Аружан Әукенова екеуміз бірге қатыстық. Бірден байқағаным -мектеп ұстаздарының өз ісіне берілгендігі, бала тәрбиесіне қатысты мәселелерді тыңдаушыға соншалықты қызықты жеткізе алуы, кәсіби деңгейлерінің жоғарылығы, шеберлігі тәнті етті. Жасөспірім кезеңдегі балаларымыздың мінездері құбылып, өзгерістер барын байқаймыз. Осындай жауапты кезде олармен қалай еркін тіл табысып, қоғамдағы жат әдеттерден сақтандыра білу маңызды. Көкейімізде жүрген көптеген сауалдарға осы тренингтер арқылы жауап алдық деп ойлаймын. Тақырыптар отбасылық ойындар, пікірталастар, талқылаулар арқылы оп-оңай игеріліп жатты. Балалар да шешіліп сөйлеп, ойларын ортаға салудан жасқанған жоқ.

Үйде әр ата-ана баласын өзінше тәрбиелегенімен мамандардың сүзгісінен өткен дәрістерден алған әсерім ерекше. Мысалы, балалар кішкентай кезінде әнші, спортшы болсам  дегенді жиі айтады. Алайда біз: «Жоқ балам, ол мамандықтарды қайтесің, басқа да мықты мамандықты игересің»,  — деуіміз мүмкін. Солай жеңіл ғана жауап беріп, ата-ана баланың арман-қиялына кедергі жасайтынын сезбейді екен. Керісінше: «Иә балам, сен өскенде әнші боласың, атақты әнші боласың, сенің қолыңнан келмейтін ешнәрсе жоқ», деп балаға қолдау білдірсек, баланың өз-өзіне сенімділігі арта түседі. Бала ата-анасының өзіне сенетінін түйсіну арқылы биік белестерді бағындыра алады. Балалық арманға тыйым салу арқылы баланың болашағына кедергі жасайтынын көп адам біле бермейді.

7 аптаға созылған тренингтегі сабақтың бірінде ата-аналар балаларына хат жазды. «Сен дүниеге келгенде мен қатты қуандым. Сүйкімді, ақылды бала болып өссе деп армандадым. Сенің адамгершілігі мол, мейірімді, жанашыр, көпке сыйлы азамат болатыныңа сенемін…», деген сияқты тақырыпта жазылған хаттарды оқыған балалардың тебіренісін айтып жеткізу мүмкін емес. Тіпті көздеріне жас алып, толқығандары да бар. Ата-аналарының өздеріне  соншалықты қымбат екенін айтып, үміттерін ақтауға барын салатындықтарын жеткізді. Ата-анасының сүйіспеншілігіне бөленген баладан қатыгез адам шықпайды. Ата-ана күндегі күйбің тірліктен босай сала, жүрегіндегі сезімін баласына осылай тебіреніспен жеткізіп отырса, ғанибет емес пе?!

Дәріс барысында отбасы құндылығына байланысты көптеген тақырыпта бейнероликтер тамашаладық. Тренингтен түйгендерімізді отбасында іске асыруға ден қойдық. Сондықтан да мен үшін бұл жоба балаға тәрбие беруде үлкен көмекші құрал деп ойлаймын. Бүгінгі бала ертеңгі күні ел тұтқасын ұстар азамат. Сондықтан да бүгінгі күні болашақты тәрбиелеп жатқан ата-аналар үшін баламен қарым-қатынас аса жауапкершілікті керек ететін аса нәзік те маңызды міндет. Балалар мен ата-ана жүректерінің арасындағы байланысты одан сайын арттыруға мүмкіндік беріп «Берік отбасы» тренингтерін ұйымдастырған Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы  Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Бағдан Қайыржановқа, педагог-психологтар Жанар Мұхаметқалиева, Әлия Жоламанова, Марина Кочетоваға, кураторлар Меруерт Биахметова мен Динара Фольмерге үлкен  алғысымды білдіремін. Келешек ел тұтқасын тәрбиелеудегі еңбектеріне табыс тілеймін.

 

 

Нұргүл Садықова,
Ата-ана

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.