“Отан – отбасынан басталады” – дегендей, отбасының өзі шағын мемлекет екені баршамызға мәлім. Әрбір ата-ананың көз қуанышы, өмірінің мәні – тәрбиелеп отырған ұл-қыздары. Сол ұл-қыздарымыздың өмірден өз үлесін алып, отбасын құрып, асыраушысы болып жүрсе, ата-ана үшін үлкен бақыт. Сондай-ақ, мен де өзімнің тәрбиелеп өсіріп отырған ұл-қыздарымның өмірден өз орнын тауып, қызметін жасап жүргеніне қуанамын және бақытты анамын деп сезінемін. Өйткені, ұл-қыздарымның барлығы осы педагогика саласында жұмыс жасайды. Екі қыз, үш ұл тәрбиелеп, ұлды ұяға, қызды қияға ұшырған аналардың бірімін. Солардың бірі – Мұстафа атты ұлым. Ол жас та болса, бас болып, №21 орта мектепте оқу ісінің тәрбие жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарады. Өзім де 30 жылға жуық ұстаздық еңбегімде талай жеңіс пен жеңілісті көріп келемін. Әрине, ұстаз болу оңай емес. Сонда да осы жолды балам Мұстафа таңдады. 2013 жылы Ш. Есенов атындағы “Инжинеринг – технология” Университетінің География мамандығын алып шықты.
Алғашқы еңбек жолын өзінің білім алған алтын орда мектебінен бастады. 2016-2017 оқу жылында №21 орта мектепке ауысып, қазіргі қызметін бастады. Оқушылармен тіл табысып, жұмыс жасаудың қыры мен сырын алдыңғы буынғы әріптестерінен кеңес алып, білмегенін үйреніп келеді. “Тәрбие тал бесіктен басталады” дегендей, қиын, қиынға бейім балалар қоғамда көптеп кездеседі. Күрмеуін таппаған мәселелерді ата-аналармен бірлестікте түсіністікпен қарап шешіп отырады. Отбасында екі ұлы бар. Жанындағы жолдасы Райхан келінім де барлық жағдайын жасап, түсіністікпен қарап отырады. Алдағы уақытта ұлымның талай белестерді бағындыратынына сенемін. “Әрқашан алдыңнан жақсылық күтіп тұрсын” деп аналық тілегімді арнаймын.
Нэбиева Ару,
№18 орта мектеп
Бастауыш сынып мұғалімі
Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы, Ақсу ш/а