«Отан – отбасынан басталады» дейді дана халқымыз. Отбасынан басталатын осынау тәрбие Отанымыздың да игілігі үшін екенін әрбір ата — ана ұмытпай, жадында сақтаса игі. Өз баласын түсіну мүмкіндіктерін кеңейту, баламен өзара қарым – қатынасты жақсы түсіну, баламен өзара әрекеттің жаңа дағдыларын меңгеру, балаларды мейірімділікке, ұстамдылыққа тәрбиелеу жолдарын көрсету арқылы бала тәрбиелеу саласының аз да болса жоғарылауына ықпал ету мақсатында «І.Жансүгіров атындағы жалпы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің педагог-психологы Р.Нуржауова «Отбасындағы қарым – қатынастың бала психологиясына әсері» тақырыбында ата – аналармен тренинг сабағын өткізді. Тренинг барысында «Танысу жаттығуы», «Топқа бөлу», «Ой жинақтау», «Жанұя ойыны», «Ашық айтсам анкетасы», ситуациялық сұрақтар сияқты тапсырмалар орындалды. Сабақта әр түрлі әдіс- тәсілдер қолданып, өте қызық өтті. Соның ішінде ой жинақтау сәтінде ата – аналар өз ойларын ортаға салды. Баланың алғашқы тәрбие алатын орны – отбасы. Отбасында баланың мінез-құлқы, әдет дағдысы қалыптасады. Бала дамуына көптеген факторлар әсер етеді.
Себебі, оның дамуы — күрделі процесс. Баланың дамуына табиғи және әлеуметтік орта ықпал жасайды. Отбасы — бұл адамға өмірлік құндылықтар жайында түсінік беретін алғашқы ұжым. Адам қандай дәрежеге жетеді, жалғыз тұлға бола ма немесе адамгершілік тұрғыдан кеміс болып қалыптасады ма, мұның бәрі көбіне ол адамның балалық шағында қаншалықты дұрыс ата-аналық тәрбие алғанына байланысты. Қарым-қатынас — адамзат өмірінің аса маңызды және негізгі сферасы болып, соның нәтижесінде тұлғааралық байланыс орнығып, өзара мәміле қалыптасып дамиды. Қарым-қатынас дегеніміз — өзара пікір алмасу, сезім әлемінде бірлесіп ләззат алу, қайғы, қуанышта ортақтас болу секілді кең ауқымды эмоция спектрлерін қамтиды. Мектеп психологы Роза Нуржауова сабақты қорытындылай келе, еліміздің ертеңгі ұлт тізгінін ұстар жастарымыздың тәрбиесіне аса мән беру – біздің негізгі мақсатымыз. Отбасының әрбір мүшесі өзара сөйлесіп, не болмаса ата-ананың, баланың, міндетін атқару ғана емес, береке — бірлік, сүйіспеншілікпен араласса, босағасы берік, шаңырағы биік отбасына айналары сөзсіз деп аяқтады.
Айнабаева Тазагул Нышанбаевна,
Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданы
Жылы су ауыл әкімшілігі Мырзашоқы елді мекені
«І. Жансүгіров атындағы № 28 жалпы орта мектебі»
коммуналдық мемлекеттік мекемесінің
ағылшын тілі пәні бірлестігінің жетекшісі