Home » Балабақша » Отбасындағы тәрбиені ештеңе алмастыра алмайды

Отбасындағы тәрбиені ештеңе алмастыра алмайды

Қазақтың «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейтін әдемі сөзі бар. Шамасы бұл сөз бала тәрбиесінің өзегі отбасында жатқандығын білдіретін болса керек. Яғни, отбасында, әке мен ананың, жақындарының әрбір қимылы мен сөзіне қарап, олардың берген тәрбиесін сіңіріп өскен баланың болмысы кейін балабақшада, мектепте күрт   өзгере қоймайтыны анық. Бірақ, бұл балабақша мен мектептің бала тәрбиесіндегі орнын төмендетуді білдірмейді. Әрқайсысының өз орны бар. Тек әңгіме отбасындағы тәрибенің өзектілігіне қатысты болып тұр.

Бүгінгінің қазағы бүлдіршіндердің мемлекеттік тілді еркін меңгеруінде, ұлттық болмысты бойына   сіңіруінде балабақшаның орны зор деп ойлайды. Содан да болар   мемлекеттік тілде қызмет көрсететін балабақшалар қатары молайып келеді. Ата-аналар да балаларын қазақ балабақшаларына беруге құмар. Сөз басында айтқанымыздай қазақ балабақшалары мемлекетті ктілді оқытудың алғашқы баспалдағы саналатыны рас. Алайда, ата-аналар бүлдіршіндердің ұлтжанды, мемлекеттік тілді еркін меңгерген азамат болып өсулері үшін өздерінің де үлесі мол екенін ескермегі керек. Өйткені, бала тәрбиесінде балабақша отбасын алмастыра қоюы екіталай. Содан да болар бүлдіршінде отбасы мүшелері қандай тілде жиі сөйлейтін болса, сол тілге бейімдеу болып тұрады. Балабақшада жүргенде қазақша тамаша сөйлеп жүрген бала әкесі немесе шешесін көргенде ресми тілге көшіп кететінін біз, балабақша тәрбиешілері жиі байқаймыз. Бұл дегеніңіз отбасында ресми тілдің басым екендігін аңғартса керек. Сондықтан, бала тәрбиесінде отбасының маңызы ерекше.
Жалпы, бүлдіршін үшін әке мен шеше идеал тұтатын басты тұлғалар. Демек, ата-ананың сөзі, іс-әрекеті баланың бойына сіңе береді. Балабақшада қызмет жасап жүріп байқайтынымыз, үлкендер ұлттық құндылықтарға ерекше назар аударатын отбасыларда өсіп жатқан балалар бойына қазақы тәрбиені молынан сіңіреді екен. Сол сияқты кез келген құндылық, айталық үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету немесе қамқорлық жасау, жомарт мінезді болу, қысқасы адамгершілік қасиеттердің барлығы ең алдымен отбасында қалыптасады. Ал балабақшада ол біліммен, заманауи дағдылармен ұштасып, беки түседі. Одан соң мектепте жалғасын табады. Демек,   ұрпақ тәрбиесінде ең бірінші кезекте отбасы тұратынын ескеруіміз керек. Отбасындағы тәрбиені бойына сіңірген бүлдіршіндер балабақшаға келген соң да сол болмыстарынан айнымайтыны бар. Өзіміз балабақшада қызмет жасап жүрген соң бүлдіршіндердің бойынан ондай қасиеттерді жиі байқаймыз. Бірде балабақшаға келіп жүретін бір бүлдіршін қыздың қасындағы құрбысына «Қалай отырсың? олай отырма, қызбала былай отыруы керек»,-деп айтқанына куә болғаным бар. Сол сияқты өзі сыртқы киімін киіп алған соң, өзгелерде де көмектесіп жататын балаларды кездестіргенбіз. Міне, бұл мысалдар аталған балалардың отбасында алған тәлім-тәрбиесінің көрінісі деген сөз. Ал бүлдіршіндер балабақшадан көпшілікпен араласу дағдысын қалыптастырып, өз жастарына лайық білім алып шығады. Дегенмен, бәрібір бала үшін ең беделді тұлғалар ата-ана екенін ұмытпағанымыз абзал.

Жалпы, бала тәрбиесінде отбасының рөлі зор дегенімізбен, ата-ананың балабақшамен байланыста жұмыс істеуі де маңызды болса керек. Бүгінгінің балабақшасын көп ата-аналар өздері жұмысқа кеткен балаға бас-көз болатын немесе мектепке барар алдында білім негіздерін үйрететін мекеме ретінде қабылдайды. Рас, балабақшалардың негізгі қызметі сондай екені анық. Бірақ, балабақша бәрібір отбасын алмастыра алмайтыны белгілі. Сондықтан, Отанды сүйетін, білімді де, тәрбиелі ұрпақ өсіру үшін отбасы институтының маңызы зор. Бәлкім, қалалы жерде қазақтың көне салттарын, ғұрыптарын отбасында қолдану қиын шығар, бірақ ішінара соларды пайдаланып, бүлдіршіннің санасына сіңіре берген дұрыс. Айталық, «жеті ата» ұғымы туралы айтуға болады. Ұрпақ сабақтастығын баладан атаға қарай таратқанда   жеті ата әкеден басталады. Әке, ата, арғы ата, баба, тек ата, ұлы ата деп жетіге бөлінсе, келер нәсілді сипаттайтын жеті ұрпақ басқаша сипатталады. Олар бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, жегжат, жұрағат болып бөлінеді. Қыздан тарайтын ұрпақтың өзін жетіге дейін жеткізген қазақ қыз, жиен, жиеншар, дегеншар, көгеншар, жұрежат, туажат деп бөлген. Бірақ, бала үшін бұл ұғымдарды осындай категориялық үлгіде емес, өз аталарының атын білу арқылы жаттаған дұрыс. Әр баланың жеті атасы бар. Демек, отбасында осы жеті атасының есімдері үйретіліп, аңыздары айтылуы керек. Міне, бұл деректерді балабақша да, мектеп те бере алмайды. Отбасында ғана әке мен ана балаға үйрететін мәліметтер. Сол сияқты тәрибеге қатысты өзге де отбасыдан басталады. Сондықтан, ұрпақ тәрбиелеу мәселесінде отбасы мен балабақшаның, мектептің бірлігі маңызды. Тағы бір мысал келтірейік. Қазіргі қоғамда ұстаздардың беделінің төмендегені туралы жиі айтылады. Рас, бұл мәселенің әлеуметтік-тұрмыстық астары бар шығар. Дегенмен, ұстаздың беделді болуы ең алдымен отбасындағы тәрбиеге байланысты. Үлкендер ұстаздар мен оқытушыларға құрметпен қараса, бала да солай жасайды. Балабақша жағдайында да солай. Тәрбиешілермен, қызметкерлермен қарым-қатынас жасағанда мәдениеттілігі, сыпайлығы мен зиялылығы байқалып тұратын ата-аналарыдң балалары да сондай ілтипатты келеді. Тіл алғыш, елгезек болады. Себебі, адамның эстетикалық танымы этикалық нормалардан бұрын қалыптасады. Бала көргенін істейтіні содан. Жақсы мінездің қайнары да осы эстетикалық танымда жатыр. Сондықтан, сөзімізді қазақ халқының «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөзінен бастадық.

Әрине, ұрпақ тәрбиесіндегі шешуші тетіктердің бірі саналатын балабақша мен мектептің рөліне келсек мұнда бірінші кезекте білім тұрғаны ескерілуі керек. Балабақшада бүлдіршінге   сан санау, әріптерді тану, жазуға қолын дағдыландыру дегендей бірқатар дүниелер үйретіледі. Сонымен қатар көпшілікпен араласу, әлеуметтенудің алғышарттары да балабақшада қалыптасады. Бір сөзбен айтқанда білім мен тәрбиеде отбасы іргетас болса, балабақша мен мектеп қабырға, одан әрі шаңырақ деген сөз. Әрине, балабақшаның да тәрбие мәселесінде өзіндік орны бар. Әсіресе, қоғамды, айналаны тануда балабақшаның рөлі жоғары. Көппен араласады, қоғамдағы өз орынын анықтауды, көпшіліктің алдынадғы жауапкершілігін сезінуді бастайды. Ал отбасында ұлттық тәрбиенің негіздері қаланып, балабақша арқылы   заманауи дағдыларды бойына сіңірген бүлдіршін мектепте де өзіндік болмысын жоғалта қоймайды. Сондай-ақ, отбасында тек қана қазақша сөйлейтін баланың   тілі балабақшада да, мектепте де өзгеріске ұшырай қоймайды. Сондықтан, ұрпақ тәрбиесіндегі осындай ерекшеліктерді үлкендер ескере жүруіміз қажет. Тәрбие мәселесін өзімізден бастамасақ, балабақшаның да, мектептің де қауқарсыз болып қалатыны жадымыздан шықпаса екен деймін.

 

Қалабаева Бақыт Барлыбайқызы,
№16 «Шағала» балабақшасының
жоғары санатты тәрбиешісі,
Астана қаласы

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.