Бала – өмірдің жалғасы. Бала – отбасының жеміс берер гүлі, алтын тіреу діңгегі. Отбасында басты мәселелердің бірі — баланың тіршілік әрекетін ұйымдастыру. Бұған баланың күн ырғағы, міндеттері, қойылатын талаптар, оның үй еңбегіне қатысуы, бос уақытын ұйымдастыру жатады. Отбасы – болашақ азаматтың әлеуметтену жолындағы алғашқы қадамдарын жасайтын бастапқы адым. Ол балаға моральдық қалпы туралы алғашқы түсініктер береді, оны еңбекке баулып, өз-өзіне қызмет ету дағдыларын қалыптастырады. Ата-ананың іс-әрекеті мен мінез — құлқы, өмір сүру салты арқылы балаға дүниетанымдық, адамгершілік, әлеуметтік-саяси құндылықтар беріледі. Отбасы тәрбиесінің қоғамдық және мемлекеттік тәрбиеге қарағанда артықшылығы басым.
Ұлттық тәрбие бесіктен басталады. Отбасындағы ата мен әженің, әке мен шешенің, апа -қарындас, аға-інінің бір-бірімен күнделікті өмірдегі қарым-қатынасы, мінез-құлқы – ұлттық тәрбиенің бастау бұлағы. Қай қоғамда болмасын отбасы екі қызмет атқарады. Оның бірі – дүниеге ұрпақ әкелу, екіншісі – дүниеге келген сәбиді тәндік жағынан дамытуды қамтамасыз ету, өмір бойы рухани жағынан жетілдіріп, жеке тұлға ретінде қалыптастыру. Отбасы тәрбиесі қоғамдағы өзгерістермен тығыз байланысты болғандықтан ол қоғам мүддесіне қызмет етуі тиіс. Отбасы – ең алғашқы тұлғаны дамытатын әлеуметтік орта. Яғни, отбасы – жаңа адам дүниеге келетін, оның алғашқы өмір мектебі болатын шағын әлеуметтік топ. Ата-ана баланың алғашқы тәрбиешілері және баланың қалыптасуына олардың әсері ерекше. Ата-ананың балаға әсерінің негізі олардың шексіз махаббаты мен қамқорлықтары арқылы айқындалады. Ата-аналар бала тәрбиесі – олардың өміріндегі ең маңызды кезең екенін білулері керек. Бұл кезеңде бала тәрбиесінде мына мәселелер аса маңызды рөл атқарады. Отбасы мүшелері арасындағы дұрыс қарым-қатынастар, өзара сыйластық пен қамқорлық, отбасылық қалыптасқан дәстүр мен реттілік, рухани-ізгілік қасиеттер. Демек, толық мәнді отбасы болу үшін ата-ананың және басқа отбасы мүшелерінің береке-бірлікті, түсінікті сақтауы, сонымен қатар әр отбасы мүшесінің құқы қорғалуға тиіс. Тек осындай ізгі мұраттар отбасында орын алғанда ғана, Отанын, елін-жерін сүйетін, өз ұлтының салт-дәстүрін, сонымен бірге жалпы адамзаттық мәдени құндылықтарды бойына сіңіріп, өзінің кісілік келбетін сақтай алатын тұлға тәрбиелеуге болады. Бала отбасынан бойына жақсыны да, жаманды да сіңіреді. Халқымызда «бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген мақал осы орайда айтылса керек. Әр ұлттың өзіне ғана тән қалыптасып, сақталған тәлімдік отбасылық дәстүрлері болады. Ғасырлар бойы қазақ отбасында сақталған дәстүрлер бүгінгі бала тәрбиесінде жалғасын табуда.
Бала бойында Отансүйгіштік сезім мен сананың қалыптасуы отбасынан бастау алады. Балалық шағынан бала бойында туған ортасына, үйіне, туған-туыстарына деген жылылық сезім бірте-бірте азаматтық, Отансүйгіштік сезіммен толығады. Осылайша, бала «Кіші Отаны», отбасын сүюден ұлы Отаны қазақ елін сүюді үйренеді. Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдық, баланың өз анасы мен отбасы мүшелеріне деген сыйластық пен жүрек жылуынан бастау алады. Әрине, балабақша, мектептегі тәрбие баланың танымын кеңейтеді, оны адамдармен қарым-қатынасқа, қоғамдағы өз орнын табуға үйретеді. Жалпы, бала өзін-өзі тәрбиелейді. Үлкендердің міндеті – оған өзінің бейімділігін, қабілеттерін толық ашуға көмектесу әр отбасының өмірі – бүкіл еліміздің өмірінің бөлігі. Сондықтан, бүгінгі бәсекелік өмірге бейім тұлға тәрбиелеуде әр отбасы қоғам мүддесімен үндесе өмір сүруі керек. Бала тәрбиесіне жауапты баршамыз жан-жақты ізденістеріміз бен өз білімдерімізді көтеруіміз керек. Ғасырлар бойы жалғасын тауып келе жатқан, топ бастайтын, отбасы тәрбиенің қайнар көзі екендігін санамызда жаңғырту. Үш тұлға: ата-ана, бала, ұстаз арасындағы ашық әңгіме арқылы ұлттық қазақы тәрбиемізді балаға сіңіру. Жас жеткіншектерді ата-ананың қадірін, қасиетін, өнегелі өмірін, үлкеннің ақыл кеңесін тыңдауға, инабаттылыққа, мейірімділікке тәрбиелеу.
Баламен дұрыс тіл табысуға, сөйлеу мәдениетін үнемі қолдауға ой салу. Бала тәрбиесінде ата-ананың орынының ерекше екендігін түсіну. Отбасы ошақтың үш тағаны сияқты, олар- әке, ана, бала. Үшеуінің бірлігі отбасының бірлігі. Қоғамдағы әр шаңырақтың босағасы берік, мерейі үстем болмай, мемлекетіміз мықты болуы мүмкін емес.
Ата-аналардың азаматтығы отбасының тәрбиелік күшінің негізі. Бұл ақиқат. Бала тәрбиесінде жаман қылықтар көрсетуден аулақ болып, балаға үлгі бола алсақ жан-жақты дамыған, шығармашылық қызығуы бар ұрпақ тәрбиелей аламыз. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дегендей жақсы тәрбие беру ата-ананың парызы. Отансүйгіштік тәрбие, ұлттық намыс, ұлттық сана-сезім рухани байлықтан көрініс табады. Олай болса, рухани байлыққа, ең алдымен, тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді жатқызсақ, тіл – қазақ болуымыз үшін, дін – адам болуымыз үшін, салт-дәстүр – ұлт болуымыз үшін қажет.
Билялова Айдын Қаирбаевна,
«Балапан» бөбектер бақшасы» КҚМҚ
тәрбиешісі,
Ақсу қаласы, Павлодар облысы