Home » Ашық сабақтар » Бастауыш сыныптарда үлгерімді арттыру жолдары

Бастауыш сыныптарда үлгерімді арттыру жолдары

Бүгінгі Қазақстанға қалыптан тыс ойлап алатын, шұғыл шешімдер қабылдай  білетін шығармашыл азаматтар қажет. Олай болса, сабақтарда тек білімдік мақсаттарды шешіп қана қоймай, оқушылардың жеке басының қасиеттерін, қабілеттерін дамытудың жолдарын қарастырған жөн. Оқушыларға ғылым негізін үйретіп, адамгершілікке  тәрбиелейтін негізгі тұлға–мұғалім.  Ол мектеп есігін ашқан жеткіншекті, мәдениетті, қажырлы және табанды етіп қалыптастырады. Мұғалім сынып оқушыларының толық үлгерімі жолында күш-жігерін салып еңбек еткенде ғана, бұл міндеттерді орындай алады. Өзінің барлық білігімен білімін бүкіл оқу-тәрбие ісін дұрыс ұйымдастырып,  жүргізуге жұмсайды. Бұл үшін мына мәселелерді еске ұстауы  қажет:

1.Оқушы үлгерімін қалай көтеруге болады?

2.Оқушылардың сабақты үлгере алмауының себебі неде?

3.Ол себептерді анықтап, жоюға бола ма?

Әрине, бұл мәселелерді орындауға болады, —  деп ойлаймыз. Оқу-тәрбие ісінің мақсатқа жеткізер жолдарын көрсету үшін, алдымен осынау көкейтесті сұрақтарға жауап беріп алайық.

Оқушының  сабақты нашар оқуының, сабақты үлгере алмауының басты себебі – оқыту жұмысының сапасыз болуында. Педагогикалық талаптар мен әрбір пәннің оқыту әдістемесін  шебер де толық қолданбаса, оқу жұмысы дұрыс ұйымдастырылмайды. Оқушылар өтілген материалдарды толық түсінбейді,  үйге берілген тапсырманы  орындап келе алмайды , не шала орындайды. Оқушының қатардан қалып қоюы әуелде уақ-түйектен басталуы мүмкін. Мысалы, оқушы сабақтың дұрыс өткізілмеуі себепті, өтілген материалдардың біраз жерін, не бәрін түсіне алмай қалады, болмаса көмескі не теріс түсінеді. Көпшілік оқушының түсінбегенін сұрап алатын кісісі болмайды. Осылардың салдарынан материалды меңгере алмайды. Жаңа сабақ өткен материалдарға негізделіп жүргізілетіндіктен, оны да шала түсінеді. Сонымен біртіндеп оқушы бағдарламаның бір бөлігін   шала түсінген немесе мүлде түсінбеген болып шығады. Осыдан келіп баланың сабақты нашар оқуы, үлгермеушілігі келіп туады.

Кейде, сабақ әдістемелік жағынан дұрыс өткізіледі. Бірақ кейбір оқушылар сабаққа ынта қоймай, босқа жұмыспен айналысып  (тәртіпсіздік жасап) не алаң- көңіл болып  отырады. Мұғалім мұндай оқушыларды байқамай қалады да, олар ақырында сабақ үлгермеушілерге айналады.

Сабақтың сапасыз өтуі – мұғалім білімінің  жеткіліксіз, тәжірибесінің кем, әдістемені жете меңгермегендігінен болады. Дайындықсыз сабақ – қашан да нашар өтеді. Бұл да үлгермеушілікке апарады.

Оқушының нақтылы білімін саралап анықтамайды. Ережелерді құрғақ жаттауына жол береді. “уақыт жетпейді”  деген сылтаумен жаттығу жұмысын кем жүргізеді. Содан барып оқушылар білгенін, үйренгенін іс жүзінде қолдануға қиналады.

Оқушыларды сабақты үлгермеуінің тағы бір себебі – үйге тапсырма беру мен оны тексеру, әдістеменің дұрыс болмауы. Өйткені кейде үйге берілген тапсырманың саны мен сапасына жете көңіл бөлмейді, тапсырма мөлшерсіз, үстірт, қалай болса солай беріле салады. Сол себепті оқушы түсінбей қалады да үйге барғанда орындай алмайды немесе шала, қате орындайды. Осындай бір-біріне ұласқан кемшіліктерден келіп үлгермеушілік шығады.

Оқушының сабақ үлгермеуінің басқа бір себебі – мұғалім оқушының ата-анасымен тығыз байланыс жасамайды. Біріншіден, ата-ана оқуға қажетті жағдайды өз дәрежесінде туғызбайтындықтан, баласы сабаққа даярлана алмайды. Оқушының сабаққа себепсіз көп келмей қалып (не ауырып қалып ) өткен сабақты білмеуінен, не күн тәртібінің болмауынан, болған күнде дұрыс орындамауынан үлгермеушілік шығады.

Сабақты үлгермеушілік – оқушының денсаулығына да бірден-бір  байланысты. Оқушының бір жері ауырып отырса, сабаққа ықыласы болмайды. Не болмаса сыныптың ауасы жиі тазартылып тұрмаса да, оқушының көңілі сергек болмайды, тез шаршап, бойлары ауыр тартады, өтілген сабақты жөнді ұқпайды. Оқушылардың сабақты үлгермеушілігінің және бір себебі – оларға бір-біріне жолдастық көмектің дұрыс ұйымдастырмауынан,  ұйымдастырылған күнде әрбір оқушының меңгере алмаған тақырыбына ғана нақтылап көмектеспей, жалпылама қосымша сабақ түрінде өткізілуінен. Сабақты үлгермеушіліктің тағы бір себебі – сыныптағы оқушы санының көп болуы  мен оқулықтың толық жетіспеуінен. Сабақ кестесін тұрақты болмауы, оның бағдарламалық талаптарға сай жасалмауы да оқушылардың үлгеріміне кері әсер етеді.

Енді оқушылардың сабақты үлгермеу себептерін біліп алғаннан кейін, негізгі  мақсат – оны болдырмаудың жолдарын көрсетуге тырысайық. Озат мұғалімдердің тәжірибелері сыныптағы оқушылардың сабақ үлгерімін толық қамтамасыз етуге болатындығын әлдеқашан шештік. Демек, барлық оқушының сабақты жақсы оқуын қамтамасыз ету – әрбір мұғалімнің қолынан келетін іс.

Әрбір оқушыға сабақ барысында берілетін сұрақтарды алдын ала ойлап қою керек. Тапсырманы да әрбір оқушының күші мен қабілетін ескере отырып берген жөн. Біздің педагогикалық жұмыстарымыздың ең негізгі ісі – сабаққа әзірлену. Сабаққа мұғалімнің ұқыпты даярлануы мен сабақтың сапалы өткізілуінің жолдары мен әдістері көп бола тұрса да соның үш кезеңіне тоқталып отырмын.

Біріншіден, оқушылардың үй тапсырмасын тексеру жолдары

( оқушыларды  өз бетінше жұмыс істеуге дағдыландыру ісі).

Екіншіден, үйге тапсырма беру әдістері,

Үшіншіден, жаңа материалды түсіндіру тәсілі.

Оқушылардың үйде орындап келген жұмысын үнемі қадағалап тексеріп  отыратын болса, олар үйге берілген  жұмысты  таңғаларлықтай етіп орындауға дағдыланады. Бұл әдіс жалқау оқушыға да қозғау салып, тапсырманы дұрыс, ұқыпты орындауға міндеттейді. Үй тапсырмасын тексергенде,  оқуы нашар, тапсырманы  қалай болса  солай орындайтын оқушылардың дәптерлерін жиі-жиі  тексеру керек. Бұл әдіс артта қалғандарды оқуға талаптандырып, олардың белсенділігін  жақсартады. Мұғалім сабақ соңынан оқушылардың  дәптерлерін жинап алып оқығандарын  тексеріп шығады. Үйге тапсырылған тапсырманың сапалы орындалуына, көркем жазылуына  мән беру керек. Сонда ғана оқушының ұқыптылығы мен ой-өрісін кеңейтіп,  сауаттылығын арттыруға қол жетеді. Үйге тапсырылған жұмысты жақсы орындаған оқушыларды дәріптеп, көтермелеу, басқаларға үлгі етіп көрсету – үлгерімі төмен оқушыларды сабаққа ынталандырудың бірден бір әдісі.  Өткен материал жөніндегі оқушылардың ұғымын тексерудің тиімді жолдарына тоқталу. Жеке оқушыны тақтаға шақырып, тиісті сұрақтарға жауап алу. Сұрауды сынып оқушыларына тұтас беріп, олар ойланып болғаннан кейін, жауап беретін оқушының есімін атау. Бұл екі әдісті де қолдану пайдалы.

Мұғалімнің оқушыға берген сұрағы дәл, анық, ұғымды  болғаны дұрыс. Шұбалаңқы, жүйесіз сұрақтан аулақ болу керек. Мұғалім оқушының берген жауабын тек мазмұнына ғана көңіл аударып қоймай, тіліне де, сөйлемді құрастырып, дұрыс айта білуіне де көп көңіл бөлуі керек. Оқушы тілін тек дұрыс сөйлеу арқылы ғана дамытамыз. Бұл оқу, қазақ тілі сабақтарында ғана емес, барлық пәндерге де ортақ міндет. Баға қою – өте жауапты кезең. Бағаны дұрыс қоймау оқушыларға кері әсер етеді. Бұның тәрбиелік және оқушылардың сабақты дұрыс оқулары үшін маңызды екендігін мұғалімдер ұмытпауға тиіс. Әр уақытта оқушылырдың жауабына сәйкес өткен материалға қысқаша қорытынды жасап отыру – олардың білімін нығайтуға пайдасын көп тигізеді.

Сабақтың екінші кезеңі – жаңа тақырыпты түсіндіру. Оқыту жұмысының нәтижелі болуы – материалды дұрыс түсіндіруге және сабақты дұрыс көрнекіліктермен өткізуге байланысты. Жаңа материалдың идеялық мазмұндылығы. Оны  мұғалімнің ұғымды түрде анық түсіндіруі, сөйлегенде қимыл – әрекеттерінің орынды болуы, оқушылардың сабақты көңіл қойып тыңдауына ерекше әсер етеді.

Сабақты жүргізудің үшінші кезеңі – үйге тапсырма беру. Бұл сабақтың негізгі бөлімінің бірі болып жоспарға енгізілуі керек. Оқушылардың сабақты дұрыс үлгеруі, жаңа сабақты меңгеруі – үйлерінде істейтін жұмысының нәтижелігіне тікелей байланысты.

Үйге тапсырманы үнемі сабақтың соңында, болмаса қоңырау соғылған кезде, үстірт асығыс беру өте пайдасыз.

Үйге тапсырма түсіндіріліп, реті келген жерде, нормаға сәйкес, сыныпта істелген  жұмыстарға ұқсас болмас, жеке оқушының психологиялық ерекшеліктері ескеріліп берілуі керек. Үй тапсырмасының сапалы орындалуына оқушыларға үйде толық жағдайдың жасалуы – басты шарт.

Атап айтқанда: оқушылардың үй тапсырмасын күн тәртібіне (режиміне) сәйкес орындауын мұғалім және ата-аналары да күнбе-күн қадағалап отырса, үйде шамның жарық болуы, жарықтың сол жақтан түсуі, жұмыс істейтін арнаулы орынның болуы, керекті оқу құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етілуі, сабақ даярлап отырғанда ештеңеге алаң болмауы –  осының барлығы  оқушының сабақты толық үлгеруін қамтамасыз етеді. Оқушылардың сабақты толық үлгеруіне оқу-құралдарының жеткілікті болып, орынды пайдалана білуі,  сабақтан қалмауы оң әсер етеді. Қосымша сабақтар, сыныптан тыс жұмыстарды жолға қою, ата- аналармен педагогикалық түсінік жұмыстарын күнбе-күн, үзбей жүргізіп отыру, оқу-тәрбие ісіндегі мақсатымызға жеткізері анық. Үлгермеушілікті болдырмаймыз десек, жоғарыдағы шараларды күнделікті іске асыру міндет. Сабақты қызықты, ұғымды етіп өткізсек (педагогикалық, дидактикалық әдістерді тиімді пайдалансақ), бұл міндеттің үддесінен шығарымыз сөзсіз.                                                                                                     

Мурадова Саида Мамадали қызы
С. Рахимов атындағы ЖОМ КММ,
Қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі
Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Манкент ауылы

            

             

      

           

      

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.