Home » Мақалалар » ОТАРБАЕВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ЕРЕКШЕЛІКТЕР

ОТАРБАЕВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ЕРЕКШЕЛІКТЕР

 Өмірдегі болып жатқан сан-алуан құбылыстардың көкірек сүзгісінен өткізіп, көркем образ жасау арқылы өмір шындығының көркем бейнесін сомдау – шын суреткердің ғана қолынан келетін шеберлік. Рахымжан Отарбаев шығармаларын оқып отырып осындай риясыз тұжырымға келесің. Көркемдік әлемінің аса әдемілігіне, нәзік те, сырбаздығына тәнті боласың.

Қазіргі заманның ащы шындығын қанын тамыза жазған әңгімелердегі мұңға оралған сарказм, күлдіре отыра іштей егілетін үрейлі юмор арқылы өмірде өз орнын, махаббатын іздеген, мына ит тірліктің мәнін түсінуге тырысып жанталасқан жесір әйелді («Би»), Американың ұлттық байлығын («Американың ұлттық байлығы») қорғауға жанын салып жүрген қарапайым қазақты жүрегінің бір бөлшегі шекараның арғы бетінде қалып қойған, сағыныштан құса болған адамның астан-кестен жан дүниесін («Қытайдан жеткен сәлемдеме»), өзгенің қайғысын өзінің бизнесіне айналдырған Тасеменнің бейшара да күйкі тірлігін тек қазаққа тән мінез-құлық деп қарауға болмайды. Бұлар – қазіргі заманның жиынтық образы. Сондықтан да, қаламгер сомдаған жарқын бейнелер орыстың да, қытайдың да, түрік пен арабтың да оқырмандарына өте түсінікті, жандарына жақын.

2013 жылы жарық көрген әңгiмелердiң iшiнде әңгiме етуге лайықты, уытты дүниенiң бiрi – жазушы Рахымжан Отарбаевтың “Нобельден қалған мұра” атты әңгiмесi. Егер ата-бабаңнан мирас боп қалған туған жерiңнiң байлығы ең әуелi өз ұлтыңның, өз елiңнiң мұқтажына жұмсалмай, дiнi, тiлi, түсiнiгi басқа, шеттен келген жат елдiктердiң ризығына айналса, ол байлық елiңнiң бақытына айналмайды, қасiретiне айналады. Р.Отарбаевтың шап-шағын осы әңгiмесiн оқыған көзi ашық әрбiр қазақ дәл осындай ой түйетiнiне сенiмiмiз кәмiл.

Сонымен, “Нобельден қалған мұраның” мұрагерлерi (яки, шетелдiктер) қазақ даласына келiп қос тiктi. Бұлардың басты мақсаты – қақпағы ашулы қазандай иен далада жатқан иесiз ұшан-теңiз мұнайды өз әкесiнен қалған мұрадай игерiп, «өздерi бақыттың шырқау шыңы» деп бағалайтын байлыққа кенелу. Бұл елде оларға әй дейтiн әже, қой дейтiн қожа жоқ.

Әңгiмеде Рахымжан Отарбаев осы өңiрде болып жатқан жағдаятты қаз-қалпында қайталап, бұлжытпай баяндап жатпайды. Мұнда жазушы әр көрiнiстi тұңғиық ой, терең философия, қажет жерiнде ойнақы, керектi жерiнде салиқалы да сабырлы тiлмен суреттей отырып, тұтас, ойлы дүние жасап шығарған. Және мұндағы әр кейiпкердiң аузынан шыққан сыңар ауыз сөзден-ақ оның бүкiл болмысын, қазақша айтқанда “Құдай бере салған мiнез-құлқын” көзбен көрiп отырғандай боласыз. Әуелi бұған дейiн Африканың бiраз елi¬нiң қаймағын қалқып iшкен, Бангладештiң жер қойнауы-на “бұрғы жүгiрткен”, “Колумбияның да қойны-қонышын ақтарған”, ендi “Кувейттi бiр көргiсi кеп жүрген мұнай компаниясының басшысы Джонсон мен имек мұрын, сiлiңгiр қараның» диалогына құлақ түрiңiзшi.

Сiлiңгiр қараға Швеция мұнай компаниясының архивариусы бiр құпия айтыпты:

« – Иә.., – дейдi Джонсон.

– Оның қолында Нобельдiң өз қолымен сызған карта бар екен.

– Рас па?

– Рас. Бiрақ өте құпия сақтаулы.

– Не сұрайды?

– Қоя тұр. Ол орыс революциясына дейiн Доссор деген жерде мұнай өн¬дiрген. Кейiн орыстар қуып шыққан.

– Айтшы, тез!».

Одан әрмен қос шетелдiк қазақ жерiндегi мұнай картасының бағасына таласады:

«– 10 млн. доллар!

– Көп!

– Болашақта дүниежүзiне иелiк ететiн бизнесменге бұл көп пе?! – деп, имек мұрын, сiлiңгiр қара орнынан атша қарғыды”.

Осыны оқып отырып тағы да өзiңнiң туған елiңнiң, туған жерiңнiң, ұлтыңның бүкiл еркi мен ырқы өзiнде емес, кiм көрiнгеннiң қолында жүргенiн көрiп, ет-бауырың езiледi де отырады. Маңдайының соры бес батпан қазақ өз даласының бүкiл ризық-несiбесiне өзi ие бола алмай, оны бiресе швед, шведтерден орыс алып, ендi «азаттық алдық!» деп алақайлап жүргенде де сол ризығын әлдеқайдан қаңғуылдап келген дiнi басқа, тiлi басқа бiреу иемденбекшi. Шетелдiк iрi компанияның иелерi шаруасының бәрiн осы жердiң ықылымнан бергi иесi қазақтың бiрде-бiреуiн қатыстырмай-ақ өзi пiсiрiп, өзi шешiп жатыр.

Сонда қазақтар қайда жүр? Бiр жаққа көшiп кетпеген шығар? Олай болса, қазекем не iстеп жүр? Дәл осы жерде бұдан 100 жыл бұрын ғұлама шайыр Әбубәкiр Кердерi мен ноғай Нұрым молданың айтысы кезiнде Нұрымның: “Үйiне ит кiрсе де кет демейтiн, кәпiрмен бiрге жатып тозған қазақ” дегенi еске түседi. Әңгiмеде суреттелетiн мұнайлы даланың қазақтары «Мына шетелдiктер неге келiп жүр, бұлар өзi кiмдер, өздерi не мақсатпен келдi, шынымен-ақ қазақты жарылқағалы жүр ме, әлде…» деп ойлану қабiлетiнен де қалған. Бұл, әйтеуiр, iшкенге мәз, жегенге тоқ, үстiнде лы-пасы, төбесiнде жарты лашық жаппасы болса, содан өзгеге көп “бас қатыра бермейтiн” қауым ғана. Жазушы оны шетелдiктер келген күнi ертеңiне болған мына бiр қып-қысқа көрiнiспен-ақ дәлелдеп бередi: “Ертеңiне қазақ жағы қаптады. Қат-қат қағазға қол қойылды, бармақ басылды. Кешiкпей атшаптырым аумаққа кешен салынады. Сол жерден дүниенiң төрт торабына мұнай құбыры тартылады. Сөйтiп, “қара алтынның” бұлағы лақылдай кеп құйылады. Өндiрiл¬ген мұнайдың он пайызы ғана осында қалады, қалғаны шетел аспақ”.

Қазақ осыған да мәз. Қазақтар мұндағы жұмысшылардың он пайызы ғана жергiлiктi халықтан болатынына да мәз. Жазушы дәл осы жерде “Мiне, мерейiңдi асырған, мәртебеңдi тасытқан келiсiм! Қуанышы қойнына сыймаған қазақ жағы ақ түйе сойып, ұлан-асыр той жасап та жiбердi”–деп, есi бар қазақ еңiреп жылауға тиiстi сорлылықты астарлы юмормен шегелей жеткiзедi.

Бұл – осы күнгi қазақтың басында тұрған өмiр шындығы. Бүгiнгi қазақтың басындағы тағы бiр қасiреттi өмiр шындығына қараңыз: «Шүкiр, қазақтардың да өзiне сай кiшiгiрiм мафиясы бар. Түнде тонай салу, күндiз қалтаға қол салу, базар жағалап зекет алу… Тiптi, өрiстен қайтқан тоқты-торым кейде өзге қазанның қақпағын булап жатады. Оның бәрiнiң ұйытқысы –мойны бiр тұтам қортық қазақ. Өзiне айтқызсақ, түрме көрмеген. Бiрақ бала күнiнен мал соятын цехпен көршi тұрып, содан қаны бұзылған…» Соңғы сөйлемдi оқып отырып, жымиып күлгенiңiздi де байқамай қаласыз. Қазақтың басындағы тағы бiр қасiреттi өмiр шындығының басы-қасында осы қортық қазақ жүр. Ол он шақты “мафия мүшесiн” (тағы күлесiз!) жинайды. Неге? Өйткенi бұның әйелi Айжан шетелдiктерге аспаз боп жұмысқа кiрген. Ол күндiзгi жұмысы ғана! Ал түнде әлгi Айжан шетелдiк супервайзердiң қойнында жатады. Мұнымен ғана тынбай, ол “осы ауылдағы селтеңдеген жап-жас тоғыз қызды апарып жұмысқа тұрғызған. Күндiз ас пiсiредi, кiр жуады, түнде…”

Қазақтардың басқа қорлықтың бәрiне оянбаған азын-аулақ намысы өз қатындары мен қыздары шетелдiктер берген аз ғана тиын-тебенге сатылып, солардың төсегiне барып жатқанда ғана ояна бастайды. Бұлар қырып-жоятындай болып түнделетiп келсе, “ақшулан төс жүнi бұрқыраған, еңгезердей шетелдiктiң қолтығынан iш көйлегi ағараңдап Айжанның басы ғана көрiнедi…”.

– Бұл менiң қатыным! Шығар берi! – деген күйеуiне Айжан:

– Крис менiң байым. Тиiп алғам! – деп күйеуiнiң қолын қағып жiбередi. Бұл кезде басқа вагонда тоғыз шетелдiктiң жанында жатқан тоғыз қазақ қызы да өздерiн iздеп барған қазақ жiгiттерiне қарсы шетелдiктермен қосылып «шабуылға шығады”.

– Намыс қайда?–дейдi жiгiттердiң бiреуi оларға.

– Ақша тауып, әйел қылсаңдар қой деппiз бе?

– Ұят қайда?

– Ұятыңды басыңа езiп жақ!

Мiне, қазақтың әйелдерi мен қыздары қалай өзгерген?! Ақырында өз әйелi мен қыздары шетелдiктермен қосыла сабап, таяқ жеген қазақ жiгiттерiнiң қашып бара жатып оларға шығарған ең соңғы “үкiмiнiң” түрiн қараңыз:

« – Өңшең жәлап! Тапқандарыңды бөлiсесiңдер!»

Осы жерде жазушы әсiрелеуге жол берген бе? Жоқ! Ешқандай әсiрелеп тұрған жоқ. Өмiр шындығын берiп отыр. Өмiр шындығын қорытып, көркемдiк ой елегiнен өткiзiп отыр.

Осы әңгiменiң бiз қазiр ғана келтiрген үзiндiсiнiң өзi-ақ Рахымжан Отарбаев көрген-бiлгенiн жалаң су¬реттеушi, жалаң тамашалаушы емес, керiсiнше туған ұлтының бүкiл iшкi үнiне, күрсiнiсi мен күңiренiсiне, оның мына қоғамға деген бүкiл разылығы мен наразылығына ұдайы құлақ түрiп, көз салып отыратын қыран сезiмдi тамыршысы екенiн ап-анық көрсетiп тұр. Ол жан-жақтан алуан түрлi пиғылмен келген жат елдiктер кеудесiн шұрық тесiк қып жатқан туған даласының ыңыранған үнiне құлақ түредi. Соның нәтижесi шығар, бүгiнгi қазақ ұлты мен қазақ даласының көкiрегi шерге толы сәбиiндей осы шығарма дүниеге келдi.

Рахымжан осынау шағын әңгiмесiнде, әсiресе, мына бiр мәңгiлiк ақиқатты оқырманның алдына көлденең тартады және соған оқырманды сендiредi де. Осыдан жүз жыл бұрын қазақ даласына көз тiккен шетелдiк алпауыттар қалай оңай жерден пайда тапқысы келсе, Қазақстанға дүмеп енiп жатқан қазiргi шетелдiк байлардың құлқыны да, мақсат-мүддесi де дәл солардiкiндей. Қазақты бұлар қиындықтан алып шықпайды! Бұлар қазақты ешуақытта жарылқамайды! Қазақты қиындықтан алып шығатын – қазақтың өзi. Басқа ешкiм де емес!

Әдебиет сыншысы Анар Қабдуллина: «Алдымен, өзіндік стиль ерекшелігі назар аудартады. Ешкімге ұқсамайтын Отарбаев стилінен теңіздің тұзды, ылғалды ауасы, құмның сусылы, жел табиғаты, тарих қойнауынан сыр тартқан балбал тастардың алақанға білінетін бедері, сол жақтан талықсып жететін жаңғырық дауыстар, пойыз доңғалағының біркелкі соғысы, т.б. алуан дүние сырлары білінеді.

Бірде Несіпбек Дəутайұлының Құмға қашқан құйын шығармасын оқып отырып, Рахаң елес беріп өткендей болды. Мəнісін сұрағанда, бұл шығарма сюжетін Несағаға Рахымжан аға айтып беріп, жазыңыз деп қолқалаған екен. Екі жазушының арасында əдемі сыйластық, достық бар екенін артынан біліп, тəнті болдым.

Отарбаев диалогтерінде полифония бар жəне кейіпкерлерінің дабырлап сөйлескен дауыстары анық естіліп тұрғандай болады жəне сол ерекшелігінен шығарманы бірмезгілде сахнадан да тамашалап отырғандай сезінесің.

Дабырлап сөйлесуде — қалтқысыз тазалық бар. Бір замандарда жаһандану идеологиясының апандай көмекейіне, ол болмаса, жалғыздыққа жұтылып кетер болсақ, келер ұрпақ қазақы қалтқысыз қарым-қатынасқа тəн осынау ерекшелікті Отарбаев кейіпкерлерінің бойынан көріп, таңдай қағатын шығар.

Өзіме Отарбаев əңгімелері постмодернистік бояу араласқан мұңдылығы үшін, драматургиясы адам жанына терең үңілетін ерекшелігі үшін, романдары үлкен ізденістің жемісі екендігі білінетіндігі үшін ұнайды.» — деп бағалады.

Мейраш Аян
«Тұран-Астана» университетінің 2 курс магистранты,
Астана қаласы, Қазақстан Республикасы
Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.к. Искакова Жазира Махсутовна

 

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1          Құлкенов М. Теңіздей терең, даладай кең. Орал қаласы. 2016 жыл, 24 қараша.

2          Қазақстан жазушылары: Анықтамалық/Құрастырушы: Қамшыгер Саят, Жұмашева Қайырниса — Алматы: «Аң арыс» баспасы, 2009 жыл

3          Бақтыгереева А. РАХЫМЖАН – ӨЗІНДІК МІНЕЗ, ӨЗІНДІК ҚОЛТАҢБАСЫ БАР ҚАЛАМГЕР. –  Орал. 2016 жыл, 24 қараша.

4          http://adebiportal.kz

5          Кенжебай М. Әңгіме туралы әңгіме. Zhasalash.kz. 2013 жыл, 24 желтоқсан.

6          Кенжеғалиева М. О. ЖАЗУШЫ-ДРАМАТУРГ РАХЫМЖАН ОТАРБАЕВТЫҢ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ӨМІРЛІК ПРОБЛЕМАЛАР КӨРІНІСІ.  –  Орал, 2016

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.