Home » Мақалалар » Отаным-тағдырым

Отаным-тағдырым

Тағдырымда өз ұлтыма тиесілі болғанымды мақтаныш етемін. Себебі мен оз Отанымды шексіз сүйемін…

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялағаны баршамызға мәлім. Мақалада көтерілген мәселелер аяқ астынан пайда болған іс емес, бұл Алаш зиялыларының жүз жыл бұрынғы мақсат-мұраты, халық жадында жүрген арман-тілегі. Елбасы бабалар аманатын орындап, заман талабын бағамдай білетін көреген саясаткер ретінде рухани жаңғыру мақаласы арқылы халық санасын дүр сілкіндірді. Бұл мақаланың түп қазығы ұлттық құндылықтарда жатқанын бүгін шын жүректен ұғынып отырмыз. Ал, ұлттық құндылық дегеніміз – бұл белгілі бір ұлтқа тән халық ғасырлар бойы жинақтаған ұрпақтан – ұрпаққа берілетін адами қадір қасиет, әлеуметтік тарихи, мәдени отбасылық дәстүрлер жүйесі.

«Патриот болу нені білдіреді? Сүю-иә, бірақ тек өз жерін ғана емес, бірақ оған міндетті түрде нақты бір нәрсе істеу» — деген екен. Ш.Уәлиханов.

Міне, өз Отанының тағдырына бейжай қарамайтын әрбір Қазақстандық қатысуы тиіс  ауқымы үлкен  бағдарлама тұр алда. Әрине, мұндай ұлы мұратқа бастар жолда ұстаздардың басымдық көрсетуі маңызды. Мұның дәлелі  «Нұрлы болашақ» ұлттық жобасын жүзеге асыру қадымында мектеп бағдарламасында «Мәңгілік ел» құндылықтарын енгізу көрсетілген. Онда орта білім берудің құндылықтары ретінде қазақстандық патриотизм және азаматтық жауапкершілік; құрмет; ынтымақтастық;  еңбек пен шығармашылық; ашықтық; өмір бойы білім алу белгіленген. Ал, мұндай құндылықтар алдымен мұғалімнің бойынан табылуы тиіс. Мектептегі басты тұлға мұғалім десек, білім саясаты ең алдымен осы мұғалімдер арқылы жүзеге асады. Ал, біздің алдымыздағы басты мақсат – рухани жандүниесі бай, жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру. Алдымызда отырған оқушының сана-сезімін ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді меңгерту негізінде дамыту керек. Ұлттық құндылықты жастайынан бала бойына сіңіре білсе, еліміздің ертеңі ашық, келешегі жарқын да нұрлы болмақ, несімен ерекшеленбек дегенде ұлттық құндылығымен және білімді ұрпағымен дегенімз жөн.  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен танысу барысында Мұхтар Шаханов шығармашылығындағы кейбір туындылар еріксіз ойға түсті. Патриотизм жайында сөз қозғасақ, Мұхтар Шаханов жайында айтпай кете алмаймыз. Ақынның «Рухсыз күш формуласы» поэмасында бір ұлына ғана көңілі толған ұстаз қарияның мынадай сөзі бар:

Сол үш  ұлдың бірі ғана, қайсар, ұшқыр арманын,

Техникалық санаты мен ғылыми өр талғамын,

Өз ұлтының рухани байлығына жалғады,

Содан шуақ, қуат алып, ғаламдық ой толғады.

Иә, өз халқының тілі мен діліне тамыр жалғай алмағандардың білімі ешқашан салтанат құрмайды. Сөз зергері Ғ.Мүсірепов ақтық сөзін М.Шахановқа былай деп жаздырған екен. (үзінді):

Ғасырды асар әдебиеті, өнері ұлы болмаса,

Ұлт даралық таба алмайды,

Және ұлы боп саналмайды ешқашан!

Қазақ халқына сәуле шашқан ұлы тұлғалары аз емес. Олар араға неғұрлым көп уақыт салып алыстаған сайын, ұлылардың рухы соншалық жарқырап, жақындап, кейінгі ұрпағымен қауыша түседі. Қауышқан сайын ұлт даралығын айқындай түседі.

Ұлттық рух пен нұрлы білім еліміздің қос қанатына айналып, мына жаһандану заманында өркениетке жетудің өзіндік жолы мен ұлттық даралығын қалыптастырған, ұлттық кодты шегелеп тұрып қағып алған ел екенімізді әлем мойындайтын болады. Менің Отаным «Мәңгілік ел» болуды мақсат етсе, оны демеуге мен де атсалысамын. Отанымның перзенті ретінде, ұстаз ретінде бұл тағдырды мен де бастан өткеремін.

Өз халқымның  мүмкіндігі мен күшіне сенемін және тағлымы мол тарихымызды алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, болашаққа нық сеніммен қадам басамыз.

Қасенова Ақмаржан Әміржанқызы
Түркістан облысы, Түркістан қаласы,
Хамза атындағы №2 жалпы орта мектеп,
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.