Home » Эссе » Отаным –тағдырым

Отаным –тағдырым

«Отан-отбасынан басталады»десек,әрадамның отаны жанұясынан, жусаны аңқыған ауылынан бастау алатыны белгілі. Мен үшін Отан– шыр етіпжерге түскендегі алғаш көрген жарығым. Балалықтан даналыққа жетелеген, ес білдіріп, есейткен, қанатымдықатайтқанқұтты мекенім. Шыңға ұмтылсам, шабыт беріп,сүрінгенде сүйеуболған ата қонысым. Әр жотасы бір аңызға арқау болған, қойнауына сыр бүккентарихи тұрағым.Айтыскер ақын Балғынбекше айтар болсам:
«Таулары бар тартатынкөз алыстан,
Қымбатоныңәр түйіртозаңыұшқан.
Бұл жалғанда бірғана отаным бар
Оның аты –Тәуелсіз Қазақстан».
Қазақстан–баршақазақ дейтінөрхалықтыңатамекені, отаны. Тағдырымыздың тәлкекке түспеуі, елдігіміздің сақталып қалуы бүгінгі бағымызды бағалауымызға тікелей байланысты.  «Тәуелсіз» деген сөздің өзі еңсеңді көтеріп, ертеңіңе сенім ұялататындай. Көкірекке ерекше күй сыйлайтын осы бір ауыз сөзде қаншама салмақ жатса, соншалық асқақтық та бар. Бабадан қалған бостандықтың туын түсірмей, қабырғасын құлатпай, тігісін сөкпей, берекесін төкпей ұстап отыру – болашақ ұрпаққа мұра болып қалып отырар ұлы міндет. Оның негізгі қуат көзі – ата мекенге деген адалдықпен шексіз сүйіспеншілікте жатыр. «Алтын ұяң – Отан қымбат, туып-өскен елің қымбат, кіндік кескен жерің қымбат» деп Қазыбек би атамыз айтқандай атамекенімізден, отанымыздан қымбат ешнәрсе жоқ бізде.
Есте жоқ ескі бір заманда аңшы өмір сүріпті. Ол ұстамаған құс, ол ауламаған аң қалмапты-мыс. Торына бір күні өзгеше құс келіп түсіпті.  Ерекше назары ауып, ол құстың бар жағдайын жасапты. Алтын торға салып, ақ мамықты астына төсеп, күміс суы сылдырап аққан бұлағы бар, жұпар иісті гүлдері жайқалған бақтың ішінде ұстапты. Бірақ құстың жағдайы күннен-күнге нашарлап,мұңды әуенге сала беріпті.
Құсшы жігітке қолқа салған аңшы,мұңлы сарынның сырын ашып беруді өтінеді. Жігіт құстың ішқұса болып, өз отанын сағынып жүргенін айтады. Таңданған аңшы құсты еркіне жіберіп, артынша ізіне түсіпті.Сөйтсе, аңсатқан мекені сағымы дірілдеген  құмды өлке мен оған біткен қу қара ағаш екен.«Бөтен жердің гүлінен, туған жердің тікені артық» деген осы екен ғой деп ой түйген ол құстың атамекеніне деген махаббатына сүйсініп кері қайтыпты.
Тылсым табиғаттағы тіршілік иелерінің отанына деген айнымас сүйіспеншілігі көпке үлгі. Құстар қаншажылы жаққа ұшып кеткенімен, көктемде атамекенін аңсап, қиқу салып жетеді. Сол баяғы жылы ұясына балапандарын басып, өсіреді. Балықтардың өзі уылдырығын шашар мезгілде, отанына жету үшін ағыстарға қарсы жүзіп, қиындықтардан өтіп келеді екен. Ұрпақ қалдырғаннан кейін ғана өздерін қатты толқынға ұрып, өмірден өтеді. «Ең зор ізгіліктерді Отанға деген сүйіспеншілік туғызады» екен.Дәл осындай ұлы далаға деген ұлы махаббат әр қазақтың жүрегінде болса ылайым.
Елбасымыз өзінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасына «Отаным–тағдырым» базалық бағыттарын кірістіре отырып,ұлтжанды азаматтардытәрбиелеу мен өз елін, отанын сүйетін, Қазақстанның жаңашыл негізін қалайтын, саналы азаматтарды қалыптастыруды көздеп отыр. Осы сара жолды ұстана отырып, ұстаз ретінде өз шәкірттерімнің бойына елсүйгіштік сезімін дарыта білсем, атамекеніме деген махаббатымның айқын дәлелі сол дер едім. Өйткені, Отан, мен үшін сендік тозаң да, тас та қастерлі. Менің мынау өмірге құштарлығым, сенің жазирадай далаңды, сыңсыған орман-нуыңды, сахара шөл құмыңды сүюден басталған десем де болады.

 

Култаева Ботагоз Турганбаевна,
Тайқоңыр елді мекені
Т.Момбеков атындағы орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.