Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында Қазақстан халқына биылғы Жолдауында белгілеп берген ел дамуының үшінші жаңғыру кезеңіндегі саяси-экономикалық кемелденулерді рухани нәрлендіру, ізгі руханиятқа бағдарлау арқылы Қазақстандық жаңа өрлеуді толыққанды етудің соны үлгісі ұсынылып отыр деп білеміз. Мемлекет басшысы еліміздің рухани жаңғыруы мен білімді ұлт, бояу-болмысын жоғалтпаған жұрт атануының сара жолын көрсетіп берді. Рухани жаңғырту арқылы ұлттық салт-сана, әдеп-ғұрып, мәдени дәстүрлерді берік сақтай отырып, оны жаңа заман жетістіктерімен, жалпы адамзаттық құндылықтармен байыта аламыз.
Жаһандық бәсекеге қабілеттілікте жеделдетілген технологиялық жаңғырту басымдығына көшу қажеттігінің алғы шартта болуы, бұл білім және ғылым саласының иелеріне нағыз прагматикалық, нақты әрі түйінді, еліміздің болашағы үшін аса маңызды мәселелерге бағытталып отыр. Яғни біз технология мен инновацияға, жаңа экономика салаларын дамыту мен заманауи инфрақұрлым құруға аса мән бере отырып, кез келген халықтың дамуына баға жетпес рөл атқаратын рухани негіздерді де естен шығармауға тиіспіз. Ұлттық болмыс пен бірегейлікті сақтай отырып сананы жаңғырту және білімділікке ұмтылу Елбасы мақаласының өн бойына алтын арқау болып өрілген. Мемлекет басшысының: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» дегеніндей, бүгінгі жасампаз болмысымыздан озық, оны алға бастайтын идеяларды көріп отырмыз. Біздің білім берудегі бүгінгі үдерісіміздің даму жалғасы әрі бағдары ретінде мақалада «Білімнің салтанат құруы» деп арнайы айдарлап орын беріліп, «білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деп тұжырымдалуы біздерге жаңа, қуатты серпін береді. Бұл – жастарымыз басымдық беретін мәселелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт екендігін көрсетеді. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді. Яғни білім әлемдік, тәрбие ұлттық болуы керек.
Білім – үнемі қозғалыста, өзгеріп тұратын үдеріс. Осы үдеріс қазір еліміздің орта білім беру саласында қызу жүріп жатыр. Бұл қоғамның дамуымен тығыз байланысты. Қазіргі оқытудың талабы бойынша оқушы мен мұғалым жаңа әрекеттер мен қарым – қатынас нормаларын меңгеруге тәуелді. Мұнда басты мәселе білім емес, оны меңгеруге деген қабілеттілік, есте сақтау емес, ойлау дағдысының дамуы маңызды. Осы кездегі тұлғаның бойында болатын басты қасиет оқу үрдісіне белсенді қатысу, өзін – өзі оқыту, өзін де, өзгені де бағалай білуі және алға ұмтылумен ерекшеленеді. Осыған орай білімге салынатын инвестиция мен адами ресурстарына мән берілуде. Адами ресурстар деп отырғанымыз — кадрлардың білім реформасына сай сапалы дайындығы. Реформа туралы сөз қозғағанда, жаңа жүйенің мәні туралы айта кеткенді жөн көрдім. Себебі жаңа мазмұндағы бағдарлама тұлғаның дамуына жұмыс істейді. Кез келген мұғалімнің сапалы тапсырмасын жасауға құзреті мен біліктілігігі жете бермейтіні ақиқат. Ол үшін мұғалім сапалы дайындықтан өтуі керек.
Білім беру бағдарламасын жаңарту және критериалды бағалау жүйесін енгізу тұрғысынан мұғалімдердің педагогикалық шеберлігін жетілдіреді. Оқыту мен оқудағы тәсілдер, бағалау жүйесі жаңа арнаға ауысты. Оқушыларға жақсы білім мен тәрбие беру үшін мұғалім жаңа формация шарттарына сай болу керек. Ұстаз жоғары ой – өрісті бола алса шәкірттерін бақытты деп санаймын. Ұстаз жаңа көзқарасымен, ізденіспен жұмыс істеулерінде үлкен қозғау салып, үнемі ізденісте жүру керек. Мен өз таңдаған мамандығымды құрметпен, ізгілікпен сыйластықпен қараймын. Бұл таңдағы жол оңайлықпен келмеген. Бала күнімізден санамызға сіңген қадірлі ұғымдар бар. Ол ата – ана, ағайын – бауыр, жасы үлкендер, жасы кішілер…ұстаз.
Қашанда «мектептің жаны — ұстаз» дейміз. Бұл – Ыбырай Алтынсариннен қалған өсиет. Ұстаз өз Отанын құрметтейді, сүйеді. Үлкен азаматтарды мейірімділікке, сүйіспеншілікке, адамгершілікке тәрбиелейді. Ұстаз бар күштерін салып, оқушыларға бірдей білім мен тәрбие береді.
Мен, өзім істейтін Науайы жалпы орта мектебінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын ұстаздар ұжымы мен оқушылар оң баға берді. Бұл бағдарлама бойынша іс – шаралар, ашық сабақтар, тәрбие сағаттар,акциялар өткізілді. Осы «Рухани — жаңғыру» ұстанымдарын алға қарай дамыта отырып, болашақ ұрпаққа өз тәрбие мен білімімді, күш жігерімді аямай, солардың келешегі үшін бар білгенімді жинақтаған ой – санамдағы білімімді әрқашан жас ұрпаққа бағыттаймын. Бұл менің алға қойған басты мақсаттарымның бірі. Осы мақсаттарым жүзеге асып жатса, бұл менің өз Отаныма деген сүіспеншілігім және қосқан үлесім.
Омарова Зулфия Алдашқызы,
ОҚО, Созақ ауданы
Науайы атындағы жалпы орта мектебі
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі