Ғұмыры ұзақ болмаса да қазақтың тұңғыш үкіметі – Алашорда үкіметі құрылып, қазақ халқының мемлекеттілікке лайықты ел екені паш етілді. Биыл міне
Алашорда үкіметіне 100 жыл толып отыр. Алаш қозғалысының, оның қайраткерлерінің дәрежесін ұрпақа түсіндіру қажет. Алашты өзіміз ғана біліп, сол білгенімізбен мақтану үшін емес, Алаш идеяларын түсініп, оны жүрегімен қабылдайтын жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу үшін түсіндіру керек. Алаш идеясын біржолата ысырып тастауды көздеген кеңестік жүйеде өмір сүрген кездегі ойлау жүйесінен, сол кездегі психологиялық пиғылдан тұтастай арылуға күш жұмсағанымыз абзал. Алаш идеясын әрбір қазақстандық үшін елді ажырататын емес, біріктіруші мақсатқа пайдалануымыз керек. «Алаш» партиясының бағдарламасы, біріншіден, Қазақ елін өзінің бөлінбейтін территориясы бар, отарлық тәуелділіктен азат елге айналдыруды, екіншіден, қазақ халқының өмірін жаңа сапаға көтеруді көздеді. Яғни, олар елде пәрменді реформалық шараларды іске асырғылары келді. Кез келген мемлекеттің тұрақты және тиімді өмірлік қызметі үшін сол елдің экономикалық дамуын қамтамасыз етудің маңызы зор екенін Алаш қайраткерлері жете түсінді. Оны ұлттық басымдылықтардың бірі ретінде қарастырды. Алашордалықтардың көбі ұлттық буржуазияның өкілдері болғандықтан да жер мәселесін, кәсіпкерлік, жеке меншік мәселелерін ел экономикасынан бөліп қарамаған, оны экономикалық өсудің негізі деп санаған. Біз «Алаш» қайраткерлерін саясаткер ретінде ғана білмей, олардың әрқайсысының білікті мамандар болғанын да көрсетуіміз керек.
Жаңа отарлаушылардың жендеттіктері бұрынғы бабаларынан асып түспесе, кем түспеді. Тұтас халықты түгел жойып жібере жаздаған қаныпезерлік айтар ауызға, естір құлаққа ерсі естіле қоймайтын «еркіндік, теңдік, бостандық» ұрандары арқылы жүзеге асырылды.
Қудалаудан көз аша алмай опат болып кеткендердің бірі – Маңғыстау, Қарқаралы, Семейде ірі партия, кеңес басшы қайраткері, Түрікменстанда Марыда, Украинада Керчьте ірі шаруашылық басшысы болған аяулы азамат Зұлқарнай Оспанұлы Баймырзаев. Ол қиян түкпірде туып, қилы заманда күрескер жігерімен, зеректігімен, биік адамгершілігімен ерекше көзге түскен арыс. Тағдыр мен тарих оны ең қиын шайқастар мен сайысқа салды. Соның бәрінен абыроймен өте алды. Жас ғұмырында саяси күрестің де, өндірістің де, ата кәсіп болмаған егіншілік пен мақта шаруашылығының да құпияларын жетік меңгеріп, одақтық дәрежеге көтерілген ірі ұйымдастырушы ретінде таныла алды. Сауатсыздықпен енді күрес бастап жатқан қыр қауымынан әлемдік державаға айналған іргелі елдің танымал қайраткеріне дейін шарықтап өскен жарық жұлдыздардың бірі. Өз халқына қылаудай қиянат жасамаған адал перзент. Тоталитаризм ұлттық кемелденуімізге қаншалықты қиянат жасағанын осы бір айрықша талант, қажымас жігер иесінің көрген тауқыметінен-ақ анық аңғара беруге болады. Уақыт желі толқытқан замана дауылы тұсында өз тізгінін өзі бекем ұстай алмаған қай қауымның да арсы-күрсі айдын үстінде өз ескегінен өзі айырылған қайықтай тұңғиық түбіне бір-ақ кетерін қынжыла отырып түсінері хақ. Қайталап соғып отыратын тарих толқысында, өз өткенінен өзі қорытынды шығармай, татулығынан айрылып, өз асылдарына өзі пана бола алмаған қауымның өз мойнындағы жауhарды өзі шашып алған шәлдуар қыздай елбе-желбе жетім ғұмыр кешіп, өз мұратына жете алмай, жер шұқып өтетін өксік атып отырып ұғынары хақ.
Зұлқарнай Баймырзаев 1898 жылы Форт-Александровск қаласы маңында Оспан Баймырзаевтың отбасында дүниеге келеді. Зұлқарнайдың әкесі Оспан 1890 жылы Хиуадан Бөкей ордасына көшіп келеді. Зұлқарнай Оспанұлының ата тегі туралы қызы Софья апаның мәліметі бойынша білеміз. «Тұлпар тұяғымен текті» дегендей осы тұқымда Оспанның отбасында 1898 жылы Зұлқарнай Оспанұлы Баймырзаев дүниеге келді. Әкесі Оспан қара жұмысшы, жалшы-бақташы, кейіннен мешіт азаншысы қызметтерін атқарған кедей болды. Әлжан 1917 жылы жазда дүние салады. Зұлқарнай бастауыш білімді осы ағасы ұстаған ауыл мектебінен алады. 1910 жылы Форт-Александровскде интернаты бар екі сыныпты орыс-қазақ училищесіне түседі. 1913 жылы мектеп әкімшілігінің «бұратана» оқушыларға теріс көзқарасы жөнінде өз пікірін білдіргені үшін мектептен шығарылады. Училищені ол 1916 жылы бітіреді. Оқуында үздік болған Зұлқарнай 1913-1916 жылдар арасында Астрахандағы ағайынды Беззубиковтардың балық кәсіпкершілігінде жұмыс істейді. Ол жерде түрлі ұлт өкілдерімен араласады. Зұлқарнайдың дүниетануының қалыптасып, ой-санасының өсуіне ықпал етеді. Осы жерде халықтардың әлеуметтік идеяларына қанығып орыс, түрікмен, татар, парсы тілдерін игереді.
Бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанда ол тыл жұмысына алынып, Трапезундқа жақын жердегі жұмысшы батальонында тілмаш қызметін атқарады. Туған жеріне оралған соң, Зұлқарнай Форт-Александровскіде сотқа көмекші болып орналасып, сосын оның хатшылық қызметіне дейін көтеріледі.
1918 жылдың 28 тамызда Фортқа Әліби Жангельдиннің отрядының келуі оның өмірінде елеулі орын алады. Бұл кезде қалада патшаның әкімшілік сот мекемелері таратылып, Зұлқарнай еш жерде жұмыс істемей жүреді. Қала халқы Жангелдиннің отрядын жылы қарсы алады. Жергілікті халық оның жиналыс өткізуіне көмектеседі, жиналыс өкіметті кеңестің қолына көшті деп шешім қабылдайды. З.Баймырзаев Әлібидің Қаратөбе мекенінде Маңғыстау уезі съезінің ашылу жұмысына С.Жұбаев, Т.Әлиев, Тобанияздармен бірге қолғабыс береді. Одан әрі Жангелдин отряды Торғай даласына аттанады. Зұлқарнай арнаулы тапсырмамен Фортқа қайтып оралады. Көп кешікпей Форттағы саяси жағдай күрт өзгереді. Ашхабадта кеңес үкіметі құлайды. Маңғыстау уезі сол кезде Красноводскімен бірге Ашхабадқа бағынатын Закаспий облысының құрамына енетін еді. Фортта кеңес үкіметінің жақтастарын қуғындау басталады. Зұлқарнай Байрам – Әліге кетуге мәжбүр болады. 2,5 жыл ішінде Маңғыстауда кеңес үкіметіне 3 рет ауысады. Тек ол 1920 жылдың біржола орнығады. 1920 жылы Зұлқарнай Адай ревкомына үгіт-насихат бөлімінің жауапты ұйымдастырушысы болып тағайындалады. Зұлқарнай жастар арасында жұмыс жүргізеді, болыстық кеңестерді ұйымдастыру істеріне қатысады.
Кеңестердің 1-бүкілқазақтық съезінде Маңғыстау уезінің аты өзгертіліп Адай уезі деп аталады. Уездік ревком Баймырзаевқа Фортта Мұсылман фракциясын құруды тапсырады. Зұлқарнай жаратылысынан шешен, үгітші, әлеуметтік және ұлттық теңдік идеяларының жақтаушысы болды. Зұлқарнайды 1921 жылы ақпанда Қопа-Табын аудандық ревкомының төрағасы қылып тағайындайды.
Кеңестердің 1-бүкілқазақтық съезінде Маңғыстау уезінің аты өзгертіліп Адай уезі деп аталады. Уездік ревком Баймырзаевқа Фортта Мұсылман фракциясын құруды тапсырады. Зұлқарнай жаратылысынан шешен, үгітші, әлеуметтік және ұлттық теңдік идеяларының жақтаушысы болды. Зұлқарнайды 1921 жылы ақпанда Қопа-Табын аудандық ревкомының төрағасы қылып тағайындайды.
Зұлқарнай 1925 жылдың қаңтарында Маңғыстаумен қоштасып, Ақтөбе губерниялық партия комитетінің қарауына жіберіледі.
1925 жылдың қазан айында З.Баймырзаев Торғай партия ұйымынан VI партия конференциясына делегат болып сайланды.
З.Баймырзаевтың білікті басшы, шебер ұйымдастырушы, жұртшылықты баурайтын шешендігі, мұнымен қоса партия-кеңес қызметіндегі мол тәжірибесі ескерілсе керек.Маңғыстау Халқының азаттығы жолында қайсар қайраткер атанған – Зұлқарнай Оспанұлы Баймырзаевтың есімін дүйім жұртқа толықтай таныта алған жоқпыз. Себебі «балапан басына» кеткен заманда ұлттық ойға қозғау салушылардың есімдерін атауға тиым салынғаны белгілі.
Сөз соңында айтарым ер түріктің өршіл рухын бойына жинаған рухани болмысында мұсылмандықты ту еткен, елім деп еңіреген, халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған Зұлқарнай сынды арысты дүйім жұртқа, болашақ ұрпаққа таныту міндеті алдымызда тұр.
Ел басына төнген кешегі қара түнектің көбісі сетінеп, әділеттің ақ жалауы көтерілгелі, тәуелсіз, егемен еліміздің, жайсаң қазағымның ұлттық мәдениеті аспанында шуақты нұрын төгіп жайнаған тұста Зұлқарнай Баймырзаевтай рухани көсем туралы, оның азаматтық болмысы мен қайраткерлік қарымы туралы жазып, көпке танытпасақ, қазақтың бүтін бітім-болмысы айқындалмасы анық.
С.У. Азанова
Маңғыстау гуманитарлық колледжінің
тарих пәнінің оқытушысы