Home » Жаңалықтар » ОРТА БІЛІМ МАЗМҰНЫН ЖАҢАРТУ АЯСЫНДА ТІЛДІК ДАҒДЫЛАРДЫ ДАМЫТУ МӘСЕЛЕСІ

ОРТА БІЛІМ МАЗМҰНЫН ЖАҢАРТУ АЯСЫНДА ТІЛДІК ДАҒДЫЛАРДЫ ДАМЫТУ МӘСЕЛЕСІ

????????????????????????????????????

«Өрлеу» БАҰО»АҚ филиалы, Алматы обылысы
бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін
арттыру институты. «Басқару және білім сапасы»
кафедрасының меңгерушісі.
Филология ғылымдарының кандидаты

Мухтаров Аманғали Хамидоллаулы

Қазір оқушылардың  бойына 21-ғасыр дағдыларын дарыту, олардың коммуникативтік құзіреттіліктерін дамыту білім беру саласындағы басым бағыттардың бірі болып табылады. Мәселен, оқылым дағдысына келсек, балаларымыз әріп танығанымен зейін қойып оқуға, оқығанын зердесіне құйып өзгеге түсіндіріп беруге шорқақ. Яғни, оқылым дұрыс болмағаннан кейін, айтылымнан да ақсап жатамыз. Ал сондай мәселені түсіндіріп беруге тырысқан, айтылым дағдысы қалыптасқан адамды тыңдай алмайтын да жағдайлар кездесіп жатады. Ойымызды жүйелеп жазып беруге қиналатын сәттеріміз және бар. Мұның бәрі тілдік дағдылардың жете қалыптаспағанын білдіреді. Осы жағдайлардың жаңартылған бағдарламада жан-жақты сөз болатынын, тілдік дағдыларды дамытуға арнайы тоқталатынын айта кеткеніміз жөн. Ол жерде «оқыту үдемелігі» деген жаңа ұғым бар. Оның үш кезеңі көрсетіледі.

Оқылым кезеңіОйды түртіп алу кезеңіЖазылым кезеңі
Мәтін түрінің өзіндік ерекшеліктерін анықтау үшін оқуИдеяларды жинақтау, жазуға дайындалуТүпкі жазбаша жұмысты әзірлеу үшін бірлесіп, мұғалім жетекшілігімен және өз бетінше жазу

Бұл баланы жазылымға әбден дайындап әкелу деген сөз. Оқылым кезеңінде оқығанын терең түсінуге тырысады. Алайда кейбір жанама мәселелер, тіпті негізгі мәселенің өзі түсініксіздеу болып жатса, онда тұрған ештеңе жоқ. Өйткені алда ойды түртіп алу кезеңі бар. Оқушыға мәселені пысықтауға уақыт беріледі. Сол кезеңде оқыған ақпаратты мәтінді талдауға арналған стратегиялар немесе тірек сызбалар арқылы талдап, негізгі мәселені ойына түйіп алады. Қажетті ақпаратты толық ой елегінен өткізген соң ғана қолына қалам алады. Яғни бала жазылым кезінде керек болатын сөздік қорды меңгергенге дейін жазуға ешқандай тапсырма берілмейді. Сонымен қатар оқу үдемелілігінде мұғалімдердің оқылым мен жазылымды дамыту үшін айтылым мен тыңдалымға назар аударуға мүмкіндіктері болады. Барлық оқушы оқу мен жазудан бұрын тыңдап, тыңдағанын айтып беруді үйренеді. Өзара әрекет, қарым-қатынас кезінде жазылым мен оқылым дағдыларына қарағанда, айтылым және тыңдалым дағдысы көбірек жетілетіні сөзсіз. Мұғалім оқушыларға осы дағдыларды қалыптастыруға уақыт бөле отырып:

  • идеяларды жинақтап, жазба жұмысының жоспарын ойластыруға;
  • түсініктерін нақтылай отырып, жауап берер алдында ойларын жинақтауға;
  • білімдерін нығайтып, не үйренгендері туралы айтуға;
  • негізгі мәселені бірлесе шешуге мүмкіндік береді.

Жаңартылған бағдарламада оқушылардың тыңдалым дағдыларын дамытуға ерекше мән берілген. Ол «танымдық үдеріс» ретінде түсіндіріліп, оқылым, жазылым, айтылымға қарағанда қиынырақ дағды деп есептеледі. Оқу жоспарында телехабар, фильм, ән, үлкен адамдарды тыңдау және оларға жауап беруді көздейтін жаттығулар кездеседі. Аталған жаттығулар бірнеше аптаны қамтитын тізбектелген сабақтар топтамасында дағдыларды, соның ішінде тыңдалымды дамытуды көздейтінін байқау қиын емес.  Осылайша, оқылым, жазылым, тыңдалым және айтылым дағдыларының әрқайсысын жеке-жеке дамыта отырып, оларды бір-бірімен өзара тығыз байланыста кешенді түрде оқытады. Оқу кезінде олар сөз тіркестерінің құрылымына, сөздердің орын тәртібіне, сөйлем құрылысына және сөйлеуге назар аударады. Жалпы жаңартылған бағдарлама әсіресе оқылым мен жазылымда оқушылардың бірлесіп жұмыс істеуін басты назарда ұстайды. Бірлескен оқылым мен жазылым сабақтарын ұйымдастыруда мұгілімге үлкен шеберлік керек. Өйткені оның өз қиындықтары бар. Ең бастысы өз бетімен оқу немесе жазуға қарағанда тапсырма күрделірек болуы шарт. Адам өзінің шамасы келмейтінін түсінген кезде жанындағы адамның көмегіне жүгінеді. Егер шамасы келетін болса, әркім өз бетінше орындап, бірлескен жұмыс іске аспай қалады. Бірлескен жұмыстағы ұстаным: «мен» емес, «біз» болуы шарт. «Біз жеңіске бірге жеттік!» немесе «біз мақсатты бірге бағындырдық!» Осындай жұмыстарды орындау барысында бала «жұмыла көтерген жүктің жеңіл» болатынын немесе «жалғыздың үні шықпайтынын» өздері түсінуі тиіс.

Бірлескен оқылымда мүғалім: «джигсо-2, диалогтік оқыту, кітапты талдау әдісі, тізбектеп оқыту әдісі, өрмекші торы» сияқты т. б. стратегияларды қолданса, ал бірлескен жазылымда: «жүгіру диктанты, «төрт сөйлем» тәсілі, ара ұяшығы әдісі, уақыт тізбегі, бес, бес, бір» стратегияларын қолдана алады.

Ал енді мұғалім жетекшілігімен жүретін оқылым мен жазылымға келетін болсақ, бұлардың екеуі де оқудың сындарлылық теориясына негізделеді. Оқушылар сөздің мәні мен мағынасын түсініп, оны бұған дейін алған білімдерімен байланыстыра отырып, жаңа ұғымдар мен түсініктерді сын тұрғысынан талдауға ұмтылады. Мұғалім жетекшілігімен жүретін оқылымда мұғалімнің рөлі нақты, мәтін мағынасын ашатын сұрақтар қою және жаңа білімді игеруге қолдау көрсету арқылы ойлау үдерісін жетілдіру.

Мұғалімнің жетекшілігімен жүретін топтық жұмыс оқушылардың қажеттіліктерін қамтамасыз ете отырып оқытуға және бағалауға мүмкіндік береді. Мұғалімнің жетекшілігімен жүретін жұмыстың барлығы оқушының ауызша, жазбаша тиімді қарым-қатынас жасауына ықпал етіп, баланың тілдік дағдыларын дамытуға бағытталуы тиіс. Оқушылардың топтағы белсенділігі мұғалім назарында болады. Оқушы бақылаусыз, өзімен-өзі қалмауы тиіс. Және мәтіннің күрделілік деңгейі әр бала еңсере алатындай дәрежеде болғаны жөн. Мұғалімнің рөлі бақылай отырып, оқушылардың түсініп оқуын қамтамасыз ету, керек жерінде қолдау көрсету. Оқылым сабақтарында, яғни оқу мақсатын оқылымнан алған кезде әрбір оқушыда оқылатын мәтін болуға тиіс. Мұғалім оның мәтінді оқып, мағынасын түсінуіне, шамасы жеткенше зерттеу жұмыстарын жүргізуіне жетекшілік етіп отырады. Мұғалімдер мұғалімнің жетекшілігімен жүретін оқылым сабағының ретін жақсы білуі тиіс. Ол біліктілікті арттыру курстарында жан-жақты түсіндіріледі. Оны былай жоспарлауа болады.

РетіЖоспар
КіріспеМақсат таныстырылып, маңызды ойлар анықталады. Жаңа сөздер таныстырылады.
Әдіс-тәсілдерді таңдауЖаңа сөздердің мағынасына анықтама беріліп, қандай тәсілдермен оқитыны түсіндіріледі. Қажет болса үлгілеп көрсетуге болады.
Өз бетінше оқуОқушылар өз бетінше оқиды. Мұғалім тыңдап, түсініктерін тереңдету мақсатында сұрақтар қояды. Қолдау көрсетіп, мадақтайды.
Мәтінге қайта оралуМәтінге қайта оралып, негізгі ойды және нені нақтылау керегін анықтайды.
Жауап беруОқушылар өз ойын айтып, мәтінді талқылайды.

Мұғалім жетекшілігімен жүретін жазылымда да мұғалімдер оқушылардың белгілі бір жазылым дағдыларын үйренуіне жетекшілік етеді. Ол өз бетінше жазуға көмектесетін құрылымдалған жазылым түрлері болуы мүмкін. Мұғалімнің жетекшілігімен жүретін жазылым барысында оқушыларға жазылым үдерісінің түрлі сатыларында қолдау көрсетіледі. Алдымен өз бетінше жазудың алдында:

  • идея тудыру үшін;
  • мәтіннің бастапқы нұсқасын жоспарлау, оны қағазға түсіруді модельдеу үшін;
  • жаңа сөздерді назардан тыс қалдырмау мақсатында тыныс белгілері қойылған сөйлем құрылымдарын жазу үшін;

Екінші, жазбаша жұмыс жазылып жатқан кезде:

  • тіркестерді таңдауға;
  • сөздер мен сөйлемдерін мейлінше дұрыс байланыстыруға (сөздерді шағы, жағы және райы бойынша байланыстыру және т.б.);
  • құрмалас сөйлемдерді қолдануға;

Жазбаша жұмыстан кейін:

  • оқушылардың жұмыстарын бағалау критерийлеріне қол жеткізілуі тұрғысынан тексеру,
  • оқып отырған адамға оның ықпалын бейнелеу,
  • жазылымның келесі қадамы қандай болу керектігін талқылау және қажет болса тапсырманың күрделілігін арттыру үшін қолдау көрсетіледі.

Мұғалімдер бір немесе бірнеше аптаны қамтитын тізбектелген сабақтар топтамасын оқыту кезінде «мұғалімнің жетекшілігімен жүретін әңгіме» арқылы оқушылардың айтылым немесе тыңдалым дағдыларын дамыта алады. Айталық, оқушыны түрлі жағдайларда сенімді сөйлеуге немесе тыңдауға үйрету, өзінің зейін қоя тыңдап отырғанын көрсету үшін мазмұнға қатысты сұрақ қоя білу, диалог барысында әртүрлі рөлдерге ене алу…

Мұғалімдер оқушылардың қазіргі қоғамда, әртүрлі салада, әртүрлі жағдайларда айналасындағылармен өзара түсіністікте болуы үшін қажетті қарым-қатынас жасай білу құзыреттерін, тілдік қабілеттерін іс жүзінде қолдануына түрткі болуға тиіс. Бүгінгі таңда мектеп бітіріп, қоғамға араласқан адамға ең керегі – осы. Егер бала осы дағдыларды бойына сіңірмесе, өзін толыққанды қоғам мүшесі ретінде сезіне алмайды да, жалқаулыққа, масылдыққа бой алдырып, ата-ананың мойнына жүк болады. Ең қауіптісі – осы. Ыбырай Алтынсариннен қалған «Мұғалім – мектептің жүрегі» деген керемет сөз бар. Яғни баланың осындай жаман әдеттерден аулақ болуын қамтамасыз ететін мұғалім болмақ. Интербелсенді әдістемені зерделеп жүрген ғалым Асқат Әлімов: «Педагог білім тасымалдаушыдан (қара жұмыс) білім әлеміне жол көрсетуші дәрежесіне көтеріліп «ізгі қызмет), нағыз ұстаздық харекетті атқарушы болады», — дейді. Соңғы уақыттары жаңа форматты мұғалім деген термин қалыптасып келеді. Жаңартылған бағдарламадағы сабақ мақсаттары, тілдік мақсаттар, соңында өз сабағыңа жасалатын талдаудың бәрі осы мәселелерден шығып жатқанын ұмытпауымыз керек. Педагогтердің   кәсіби қызметінде зерттеушілік жұмыстың ролі зор десек, бұл өз кезегінде мұғалім құзіреттілігінің дамуына әкелетін фактор болып табылады. Біліктілікті арттырудың деңгейлі курстарында қазірдің өзінде мұғалімдер өздерінің іс-тәжірибесіне шағын зерттеу жүргізуді үйренуде. Ол өз кезегінде, әр ұстазға үлкен міндеттер мен жауапкершіліктер жүктейді.

Мына қолға алынып жатқан жаңартылған бағдарламаның артықшылығы сол, еліміздегі барлық білім беру ошақтары бір ізге түсіп, бір бағдарламамен жұмыс істейтін болады. Тұтас мемлекет бір бағдарлама, бір жоспар, бір оқулықпен жұмыс істесе, халық үшін одан артық не керек?! Ата-бабамыз «Оқу – инемен құдық қазғандай» деп бекер айтпайды. Бүгінгі таңда замана көшінен қалмайтын, шығармашыл, ізденімпаз ұстаздар ғана табысты болмақ. Солардың алдынан өткен шәкірттер ғана ұлттың тағдыры мен тарихына салғырт қарамайтын, жан-жақты, бәсекелестікке қабілетті, құзіретті болып, үлкен нәтижелерге, жетістіктерге жетеді.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.