Жыл сайын өзіндік қарыштап даму сатысын жалғастырып, әлемдік өркениеттер көшінде жол бастаған еліміз үшін индустриалды-инновациялық өрлеудің жаңа бағдарламасын жүзеге асыру үшін көптеген ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңды еліміздегі жұмысша мамандар даярлау мен өндіріс орындарындағы кадр тапшылығын шешу мақсатында кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының әлеуетін арттыруға көп көңіл бөлінуде. Сөзіміздің дәлелі, өткен 2016 жылы елбасы Н.Ә. Назарбаев жариялаған Жолдауға сәйкес, «2017 жылғы жаңа оқу жылынан бастап мектеп бітірушілер мен оқуға ниет білдірген талапкерлерді емтихансыз оқуға қабылдау және тегін кәсіптік білім беру» идеясын ұсынған болатын. Бірақ қазіргі таңда көптеген мектеп бітіруші түлектер, мектеп жасындағы оқушылар болашақта кім боламын деген сауалды өз-өзіне қойғанда тосырқап қалатыны сөзсіз. Себебі, қазір біршама мектептерде оқушыларды бағдарлы білім беру бағыттары болғанымен, олардың жұмысы нәтижесіз қорытындыға ие болып отыр. Ол дегеніміз балалардың өз мамандығын таңдауға дербес түрде шешім қабылдай алмауынан. Бұл өте өзекті мәселе деп ойламын. Себеп, бүгінгі күні нарықтық экономикаға сәйкес, сұранысқа сай мамандық таңдамаған оқушы, ертеңгі күні белгілі бір жоғарғы оқу орнының қабырғасынан түлеп ұшқаннан кейін, еліміздегі жұмыссыздар қатарын көбейтпесіне кім кепіл?… Мұндай сан сауалдың туындауының себебі, былтырдан бастап елімізде қолданысқа енген, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі тікелей жүзеге асыратын «2016 – 2019 жылдарға арналған білім беру» бағдарламасында жіберілген кейбір кемшіліктер болып отыр. Білім беру бағдарламасына сәйкес, 2019 жылдан бастап орта білім беру ұйымдарында (мектептерде) «Технология» пәні алынып тасталады деп көрсетілген. Технология пәні – оқушыларды теориядан алған білімдерін тәжірибе арқылы іске асыруға, балаларды еңбекқорлыққа, ұқыптылққа, жан-жақты зерттей білуге, пән барысында үйреген білімдерін күнделікті тұрмыста үй жағдайында пайдалан білуге баулитын, өмірге қажетті сұранысқа ие пән бағдарламасы болып табылады. Осы ретте, технология пәнін мектеп бағдарламасында қалдыра отырып, төменде көрсетілген, мынадай бағыттар арқылы оқытуды ұсынамын. Болашақта еліміздегі жұмыссыздықтың алдын алу мақсатында және жастардың мемлекеттік грантқа қолжетімділігін арттыру үшін ең алдымен мемлекет басшысы үлкен мән беріп отырған, кәсіптік-техникалық білім беру мен жұмысшы мамандарды көптеп даярлауға күш салуымыз қажет. Ол үшін 8-сыныптан бастап, ер балалар және қыз балалар үшін негізгі 6 бағыттан тұратын технология пәнін оқытуды ұйымдастыру уақыт оздырмайтын жұмыс. Бұл ретте оқушылар келесі 6 бағыт бойынша, өз қызығушылықтарына қарай технология пәнін оқып, үйренсе және болашақтағы өз мамандағын осы салаға қарай бағытаса, келешек білікті кадрлар біздің өркениетті қоғам үшін қызмет атқарады деп сенім білдіремін. Сонымен, бұл бірінші бағыт: металлдарды игеру және дәнекерлеу ісі, екіншіден электротехника және құрылыс жұмыстарын жүргізу, үшіншіден экономика және бизнес, төртіншіден автомобильдерге техникалық қызмет көрсету және ауыл шаруашылық машиналарын пайдалану, бесіншіден мамандыққа кіріспе және қолөнер бұйымдарын дайындау, алтыншыдан жиһаз жасау және ағаш бұйымдарын жобалау. Аталмыш бағыттар бойынша оқушы қызығушылығына қарай бейімдеп оқытуды мектептен бастап, технология пәні бағдарламасына кірістіре отырып оқыту бұл үлкен табыстарға жетелейді деп сенемін. Жоғарыда көрсетілген 6 бағыттың қай-қайсысыда өмірге қажетті, сұранысқа ие мамандықтар тізбесі болып табылады. Мысалы, мен ұсынған 6 бағыттың төртіншісі «автомобильдерге техникалық қызмет көрсету және ауыл шаруашылық машиналарын пайдалану» бағытын алып қарайтын болсақ, Қазақстан Орталық азиядағы агроиндустриалды аймақ болып табылады. Соның ішінде, Қызылорда облысы және еліміздің басқа да аймақтары агроөнеркәсіптік кешен жүйесінде әлемдік экспортқа өз өнімдерін шығыруда. Осы ретте, ауыл шаруашылығының қарқынды жұмыс жасауы үшін инженер-механик мамандардың тапшылығын шешу үлкен істі талап етеді. Сонымен қатар, мектептегі технология пәнін оқытуды дуальды білім беру жүйесіне сай етіп жүзеге асыру да көзделеді.
Міне, нарықтық экономика мен кеше ғана үстіміздегі жылдың 31 қаңтарында Елбасы Жолдауындағы 5 басым бағыттағы жоспарланған жұмыстарды жүргізу үшін, ең алдымен балалардың мектеп жасынан бастап, кәсіптік, бейінді бағдарын қалыптастыруымыз қажет. Бұл уақыт талабы. Ал әрдайым уақыттың үдесінен шығу және секунд сайын құбылып, дамып жатқан әлемдік өзгерістермен қатар ілесе даму — біздің ортақ қызметіміз.
Асқар Бегайдаров,
Е.Әуелбеков атындағы №4 облыстық
дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының
технология пәні оқытушысы