Ақтөбе қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде екі күн бойы Зияткерлік мектеп әкімшілігінің басшылығымен Ақтөбе облысының жалпы білім беретін мектептерінің 68 мектеп директорлары орта білім беру мазмұнын жаңарту және дамыту бойынша бірлескен жұмыстарды бастады.
Аталмыш бағыттағы міндеттер 2016 жылдың қараша айында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның Басқарма төрайымы Күләш Ноғатайқызы Шамшидинованың сапары барысында ұйымдастырылған әдістемелік бірлестіктер өкілдерімен, білім беру мекемелерінің жетекшілерімен және облыстың білім беру басқармасымен кездесуінде күн тәртібіне қойылған еді. Кездесу қорытындысы бойынша облыстық білім беру басқармасымен бірлескен жұмыс жүргізу қызметінің, әсіресе облыс мектептерінің басшылары мен педагогтарының әлеуетін көтеру және басшылар мен педагогтардың кәсіби желілік қауымдастығын құру негізіндегі басты бағыттары нақты анықталды.
Бұл семинар мектеп басшыларымен басталған серіктестік қарым-қатынастың орнығуына алғашқы қадам болғаны сөзсіз. Семинардың мазмұнды жоспары директорлар үшін Зияткерлік мектеп қызметінің айқын көрінісін және білім беру сапасын арттыру мақсатында болашақта қалай бірге әрекет етудің бағыттарын айқындап берді.
Директордың орынбасары Айгүл Жолбасаровна Асанова мен математика пәні мұғалімі Құлшымбаева Нұргүл Естілеуқызы семинар қатысушыларын мектептегі кәсіби даму жүйесімен және мектептен тыс «Теңбе-тең» курстары, менторинг, коучинг, тим-тичинг, желілік қоғамдастық, онлайн курстар және т.б. жұмысымен таныстырды. Нейтон Лолер мен Арнур Жумаханович Маденов те сабақты талдаудың тиімді әрі инновациялық тәсілдемелерімен бөлісе отырып, осы тәсілдемелердің мұғалімді жетістікке жеткізуде қалай жұмыс жасайтындығын тәжірибе жүзінде көрсетіп берді.
Сонымен қатар мектеп директорлары математика, биология, физика, химия, Қазіргі әлемдегі Қазақстан және тілдік пәндердің сабақтарына қатысым жасады. Одан кейін мектеп бойынша экскурсия жасап, кітапхана жұмысының ерекшеліктерімен, Bookcrossing, Reading Time, 100 кітап сынды жобалармен танысуға мүмкіндік алды. Жүктемеден арылу және қарапайым демалыс үшін семинардың басында және аяқталу сәтінде мектеп психологтары мектеп директорларымен қозғалысқа толы «активитилер» мен жаттығулар өткізді.
Жан-жақты және белсенді күннің аяқталысымен, семинар қатысушылары алынған тәжірибелер үшін ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта білім беру жүйесін жетілдіру бойынша ортақ мақсатты жүзеге асырудағы тығыз қарым-қатынасты дамытуға дайындықтарын атап өтті.