«Өрлеу» БАҰО АҚ Филиалы Жамбыл облысы
бойынша педагогикалық қызметкерлердің
біліктілігін арттыру институты,
Басқару және білім сапасы кафедрасының аға оқытушысы
Баян Ерпайызқызы Байхадамова
ҚР Президенті 2014 жылы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында білім саласына байланысты «Орта білім жүйесінде орта мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек» — деген сөзі бар. Міне, Елбасының халыққа жолдаған Жолдауы қазіргі таңда жүзеге асырылып, білім саласында үлкен өзгерістер болып жатыр. Соның бірі — орта білім беру мазмұнының жаңаруы.
Білім беру мазмұнын жаңарту қандай қажеттеліктен туындады? Бүгінгі бала-ертеңгі маман иесі. ХХІ ғасыр жағдайында бәсекелестікке қабілетті табысты болу үшін ол еңбек нарығында өз орнын таба алатын дәрежеге жетуі тиіс. Сонымен қатар мектеп оқушысы оқу мен жазу дағдыларымен шектеліп, халық, көпшілік алдында дұрыс сөйлеу, өз ойын ашық айту, тыңдау дағдыларынан шет қалып жатады. Сондықтан коммуникативтік дағдыларды толықтай оқушыға игерту мен көшбасшылық қасиеттерді бойына сіңірту, топпен, командамен жұмыс жасауға, ақпраттық-технологияны меңгерген оқушы тұлғасын қалыптастыру. Яғни, экономикалық, адамдардың өз-өзін басқаруы, қарым-қатынас көлемі мен жылдамдығы, еңбек нарығының құрылымы, басқа мемлекеттермен байланыстығымыз, оқыту мен үйретудің анағұрлым нәтижелі тәсілдерінің болуы себепші.
Білім беру жүйесіне өзгеріс енгізуіне әсер еткен факторлар:
- Әлемдік білім беру стандартымен сәйкестендіру;
- Бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру;
- Табысты өмір сүру дағдыларын қалыптастыру;
- Үштілді толық білетін тұлға қалыптастыру;
- Функционалдық сауаттылықты қалыптастыру;
- Тәжірибелік дағдыларды дамыту;
- Мұғалімдердің кәсіби шеберлігін жетілдіру болып табылады.
Мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруға байланысты Жамбыл облысының Шу, Жамбыл аудандары мен ШҚО Семей қаласында жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша орыс тілді мектептердің бастауыш сыныптарының «Қазақ тілі» пәні бойынша біліктілігін арттыру курстарында дәріс бердім.
Бағдарламаның мақсаты: орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі пәні бойынша білім беру бағдарламасын жаңарту және критериалды бағалау жүйесін енгізу тұрғысынан мұғалімдердің педагогикалық шеберлігін жетілдіру болып табылады.
Міндеттері:
- пән бойынша жаңартылған білім беру бағдарламасының құрылымымен, ондағы материалдардың күрделілігінің өсу ретімен, мазмұнымен және мақсаттарымен таныстыру;
- пән бойынша жаңартылған білім беру бағдарламасына сәйкес келетін педагогикалық тәсілдерді түсінуін және қолдана білуін қамтамасыз ету;
- пән бойынша жаңартылған білім беру бағдарламасындағы оқу мақсаттарына қол жеткізу мақсатында критериалды бағалау жүйесін түсініп, қолдана білуін қамтамасыз ету;
- мұғалімдердің бойында орта білім мазмұнын жаңарту жағдайында пән бойынша жаңартылған білім беру бағдарламасын іске асыру үшін қажетті дағдыларды қалыптастыру.
Бағдарлама Джером Брунердің Спиральділік қағидатына негізделген. Оның пікірінше, ең күрделі материалдың өзі дұрыс құрылымдалып, дұрыс ұсынылатын болса, оны тіпті кішкентай балалар да түсіне алады.
Брунер адамның танымдық қабілеті шартты түрде бөлінген үш сатыдан тұрады деп тұжырымдайды:
- белсенді (жұмыс үдерісінде білім алу);
- бейнелік (суреттер мен бейнелердің көмегімен білім алу);
- таңбалық (сөздер мен сандардың көмегімен білім алу).
Бұл спиральді білім беру бағдарламасы тұжырымының дамуына себеп болған.
Брунердің жұмысына негізделген спиральді білім беру бағдарламасының негізгі ерекшеліктері:
- оқушы мектепте оқыған кезде тақырыпты немесе пәнді бірнеше рет қайталап оқиды;
- әрбір қайталап оқыған сайын тақырыптың немесе пәннің күрделілігі арта түседі;
- жаңа білім алдыңғы біліммен тығыз байланысты және бұған дейін алынған ақпарат тұрғысынан қарастырылады.
Спиральді білім беру бағдарламасын жақтаушылар оның төмендегідей басымдықтарына назар аударады:
- оқушы пәнді қайталап оқыған сайын ақпарат толықтырылып бекітіліп отырады;
- спиральді білім беру бағдарламасы жеңіл идеялардан анағұрлым күрделі идеяларға қисынды жолмен ауысуға мүмкіндік береді;
- оқушыларды соңғы оқу мақсаттарына қол жеткізу үшін бұрын алған білімдерін қолдануға жетелеу ұсынылады.
Яғни, оқу материалын мазмұндау барысында аталмыш спиральді тәсілдеме қолданып, оның сабақтастығы, пәнішілік және пәнаралық интеграция қамтамасыз етіледі. Тіл оқыту пәндері балаларды сөйлеу қызметінің төрт тілдік қатысымдығын дамытуға бағытталуда. Олар: тыңдалым, айтылым, жазылым, оқылым. Бұл жаңа коммуникативтік методика қолданыстағы грамматикалық-аудармалық тәсілдің орнын басады. Осы уақытқа дейін мұғалімдер оқушыларға әрбір сөздің аудармасын бересе, қазіргі бағдарлама оқушылардың сол сөзді өз бетінше түсінуіне және өз бетінше білім алуына, ізденуіне ықпал етеді.
Бағдарламаның тағы бір ерекшелігі, мұғалімдерді қағазбастылықтан арылтып, оқушыларға сапалы білім берумен қамтамасыз етеді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- ҚР Президентінің 2014 жылы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауы
- Ж.Жонтаева «Оқу бағдарламаларының мазмұнын жаңарту»\\ Білімді ел\\ 16, тамыз, 2016ж. №15.52.
- Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде орыс тілінде мектептердегі «Қазақ тілі» пәні бойынша педагогика кадрларының біліктілігін арттыру курсының білім беру бағдарламасы\\ екінші басылым, 2016 ж.