Home » Мақалалар » Омонимдер мен көп мағыналы сөздердің мағыналық дамуы

Омонимдер мен көп мағыналы сөздердің мағыналық дамуы

Лексика көне гректің lexikos (сөздік) деген мағынаны білдіреді. Лексика сөзін бүкіл дүниежүзі халықтары қолданады. Олардың басым көпшілігенде термин ретінде қалыптасып кеткен. Бұл термин қазақ тіліне орыс тілі арқылы еніп отыр. Осы лексика деген терминнің ұғымына тілдің жергілікті ерекшелігі де, сол бір тілдің говорлары да, диалектері де енеді.

Лексиканың құрамына енген сөздерді тексеретін лексикология, мағыналарын тексеретін смасиология, шыққан төркінін тексеретін этимология, сөздік жасау, сөздерді жүйелі түрде жинау ісін тексеретін лексикография кіреді. Бұған қосымша фразеология да іргелесіп отырады.

Тілдің байлығы мен даму дәрежесі сөздік құрамдағы сөздердің саны көп болуымен ғана өлшеніп, мөлшерленіп қоймайды. Сонымен бірге ондағы сөздердің семантикалық байлығымен де белгіленіп отырады. Дәлірек айтқанда сөздік құрамдағы сөздердің санымен де, сапасымен де өлшенеді. Сөздің сана жағынан дамығандығын көрсететін бірден бір белгі — сөздің көп мағыналығы. Сөздің екі я одан да көп мағынаға ие болуын сөздің көп мағыналылығы деп атайды. Сөздің көп мағыналылығы негізінде сөздік қордағы сөздерге тән қасиет. Неге десеңіз, бұлар ұзақ жылдар бойы өмір сүріп, тілде жаңа сөз тың мағыналар жасауға ұйытқы болып келе жатқан байырғы тума сөздер болып табылады. Соның нәтижесінде, сөздік қордағы сөздер сан жағынан да, сапа жағынан да қарыштап дамып, тұрақтанып, әбден қалыптасқан. Сондықтан да бұлар көпмағыналы болып кездеседі. Сөздік қордағы сөздер ең алғашқы пайда болған кезде аз мағыналы болғандығы байқалады. Кейін талай заман өткен сайын олар меншікті бұрынғы мағынасының үстіне жеңадан бір я бірнеше қосымша туынды мағыналарға ие болған. Мәселен, Қанат алғашында құстар мен шыбын-шіркейлердің ұшып-қнатын дене мүшесін білдірген. Одан кейін балықтың жүзу мүшесін, киіз үйдің керегелерін (алты қанат ақ орда), арба-шананың үстін кеңейту үшін салынған ағашты (қанаты жоқ шанаға шөп аз сияды), Кеңес үкіметі тұсында ұшақтың қанаты және белгілі бір нәрсенің орналасқан шегі, екі жағы (футбол алаңының оң жақ, сол жақ қанаттары) мағыналарын білдіріп, көп мағыналы сөзге айналды.

Сөзге қосылған жаңа мағына басқа жақтан келіп, өз-өзінен жамала қалмайды. Әрбір жаңа мағына әр сөөздің білдіреті мағынасының айрықша қасиетімен түрліше сыр-сипатымен келіп шығады. Сөз өзінің білдіретін затын, құбылысын барлық қасиетімен толық бірден қамтып, суреттеп бере алмайды. Сөз өзінің білдіретін мағынасының айрықша қасиетімен толық бірден қамтып, суреттеп бере алмайды. Егер сөз өзінің білдіретін ұғымын барлық ерекшеліктерімен түгел жинақтап, бірден көрсеткен болса, онда сөз ауыспалы мағынада айтылмаған болар еді. Ал сөз ауыспалы мағынада жұмсалмаған болса, онда тілде көп мағыналы сөздердің кездеспеуі мүмкін. Адам өмір шындығын уақыт озған сайын біртіндеп тани берген. Заттың бойындағы барлық ерекше белгілердің біліп болғаннан кейін барып, ұғым дерексізденеді. Оларды білмей, меңгермей тұрып, белгілі бір сөздер ауыспалы мағынада қолданылмайды. Адам бір затты алғаш көргенде, ең алдымен оның сыртқы қасиеттерімен танысады. Сол қасиеттер кісінің сезім мүшелеріне әсер етіп, өзінің ізін қалдырады. Адамның санасындағы белгілі бір зат туралы түсінік басқа бір затпен де ұқсасып, байланысып тұрады. Соның нәтижесінде екі заттың не сапасында, я болмаса атқаратын қызметінде жалпы ұқсастық пайда болады. Сол ұқсастықтың негізінде адамдар ұқсас келген екі я бірнеше затты бір атаумен атайтын болған.

Мәселен, судың асты мағынасындағы түп сөзінің қазіргі қазақ тілінде мынадай мағыналары бар: 1. Бір заттың төменгі, ішкі қабаты (ыдыстың түбі); 2. Өсімдіктің жер астындағы бөлігі. (Тамырдың түбін қопардық); 3. Өсіп тұрған не қазып алынған өсімдік. (Бес түп отырғыздық); 4. Түпкірдегі, шеткі (Түп бөлмеде отыр); 5. Адамның шыққан тегі, арғы заты. (Мен сол керей ішіне сіңген аз атаның баласы едім. Түбім-Қызай.); 6. Бір нәрсенің жаны, қасы. (Мәскеу түбінде фашистер талқан болды.).

Сөздің негізгі мағынасы белгілі бір шындыққа байланысты жалпы тарихи практиканың негізінде жасалады. Сөздің туынды қосымша мағыналары тілдік фактілердің  негізінде ойлау қабілетіне сүйеніп қолданудан кейін шығады. Өмірдегі танылған әрбір ұғым жаңа атаумен атауды керек етеді. Ең алғашқыда, бір сөз бір мағына, я құбылысты білдіру үшін жұмсалған болса, кейіннен ол әлденеше ұғымды білдіру үшін қолданылады. Бұған біріншіден, адам баласының өмір заңдылығын терең тануы, білуі, сезінуіәсер еткен болса, екіншіден, оның мағына жағынан қорланып дамуына оның алғашқы мағынасы негіз болған. Мәселен, адамзат пен жан-жануарлардың көру мүшесін көз деп атаймыз. Сонымен қатар, иненің көзі, есіктің көзі, терезенің көзі, күннің көзі, бұлақтың көзі деп те қолданамыз.

Полисемия мен омонимияны бір-бірінен ажыратуда мағыналардың арасында семантикалық байланыстың жойылуы және жоқтығы кейде негізгі критерий бола алмай қалуы мүмкін. Мысалы, түркі тілдерінде той 1.зат есім, той 2. Етістік. Және тағы да басқа осылар тәріздес омонимдер бар. Бұл омонимдік қатарлардағы әрқайсысының құрамындағы есім сыңар мен етістік сыңар лексикалық мағыналары жағынан бір-бірінен алшақтап кетпейді, бұларда семантикалық бірлік, біртекстілік бар. Бұларды омонимдер деп есептеуде негізгі таяныш – омонимдік қатарға енетін сөздердің әр басқа сөз табына (бірінің есімге, екіншісінің етістікке қатысты болуы). Сөзде лексикалық мағына мен грамматикалық мағына түйісіп бас қосады. Сөз өзінің нақты лексикалық мағынансынан басқа белгілі сөз табының мағынасы категориялды мағынаға ие болады. Өзі қатысты сөз табына тән формалармен түрленеді. Осыған сәйкес, жоғарыда аталған көш 1.зат есім, 2. Етістік типтес огмонимдер жайында мынандай тұжырымға келеміз: Бұлардың лексикалық айырмашылығынан гөрі грамматикалық айырмашылығы басым. Бірі зат есімнің категорияльды мағынасы – заттық мағынаға ие болады, зат есімге тән грамматикалық категориялармен, формалармен сипатталады. Бір – біріне грамматикалық қасиеттерімен белгілері жағынан қарама-қарсы қойылады. Осылай болғандықтан, бұлар әр басқа сөздер – яғни, омонимдер ретінде танылатындығы рас.

Сөздердің фонетикалық өзгеріске ұшырап, дыбысталуы жағынан сәйкес келуі нәтижесінде жасалған омонимдік қатардың құрамындағы сыңарлардың көне түркі жазба нұсқаларында және туыстас тілдердің біразында сақталған.

            Бұдан шығатын қорытынды: Омоним болатын сөздерді көп мағыналықпен шатастырмау керек.

Балжан Бекмағамбетова,
Манаш Қозыбаев атындағы
Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті
Тіл және әдебиет институтының
4 курс студенті

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Ә.Болғанбайұлы, Ғ.Қалиұлы «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразелоогиясы» А., 1997 жыл.
  2. К.Аханов «Тіл білімінң негіздері» А., 1993 жыл.
  3. Т.Қордабев «Қазақ тіл білімінің қалыптасуы мен дамуы» А., 1987 жыл.
  4. Н.Р. Сауранбаев «Диалекты в современном казахском языке, вопросы языкопазнания» А., 1955жыл.
  5. С.Аманжолов «Қазақтың әдеби тілі» А., 1979 жыл.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.