Әлгінде оқу залына тіке өтіп кетіп, керегімді алып, көзім іліккен орынға отыра салғам. Жанымда кішкене баланың дауысы тоқтамай сыбырлап жатыр, содан күбірге ауысты. Ентігіп қойып бірдеңе айтып жатыр. Қасында ересек әйел отыр, тағы бір кішкентай қыз жүр. Кітапханашы ма, бәлкім мұғалімі болар деп болжадым. Бір сөзге құлағым елең етті де, еріксіз ойым бөлінді. Бала әйелді: «Анашым!» – деп қаратты. Өзінің алған ақпаратына рахаттанған кейіппен: «Сонда ол – жердің серігі екен ғой», – деді. Анасы: «Иә. Адамдардың айды жақсы көретіні сол: ол қараңғыда жарық береді», – деді. Балаларының кітапқа құштарлығына, оларды талаптандырған анасының ісіне қарап сүйсіндім. Жиналып жатқанда: «Балаларымен кітапханаға бірге келетін ата-ананы бірінші рет көріп тұрмын, күштісіз ғой!» – дедім. Ол байыппен ғана: «Біз мұнда жиі келеміз», – деп күлімсіреді.
Анасы мен балалары қосылып оқыған «Ғарыш әлемі энциклопедиясын» өткізіп, көңілді кетіп барады. Неге елең еттім десем, ай туралы әңгімелескен екен ғой, «ол қараңғыда жарық береді» деді ме?… Білімді балалары анасының көңіліне жарық берді-ау, ә. Өміріне де беруге жазғай!
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ