Ой-сананы жаңғырту еліміздің келешегі
Елбасымыздың «Болашаққа көзқарас қоғамдық сананы жаңғырту» атты халықтан қызу қолдау тапқан баянды мақаласы “Тәуелсіз қазақ елінің жаһандану дәуіріндегі жаңа бастауы” деп бағалауымыз керек. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұл мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық құндылықтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтеріліп отыр. Онда Ел Президенті Қазақстан үшін қайта түлеудің айырықша маңызды екі үдерісі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға ала отырып, Біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынын және бұқаралық сананы қалай өзгертетіні жөнінде алысты болжайтын көзқарастарымен бөліседі.
Н.Ә.Назарбаев бұл ретте, тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытына жеке-жеке тоқталады. «Сананы жаңғыртудың» мазмұнын негіздей отырып, Президент жаңғырудың алты бағытын белгілейді:
1. Бәсекеге қабілеттілік;
2. Прагматизм;
3. Ұлттық бірегейлікті сақтау;
4. Білімнің салтанат құруы;
5. Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы;
6. Сананың ашықтығы.
Мемлекеттілікті дамыту, ұлттық бірегейлікті сақтауды жұрт болып жұмыла атқаратын іс екендігін Алаш зиялылары өткен ғасыр басында-ақ ұғындырып кеткен. Мемлекет ісін оңға бастыратын қазақ тілінде сөйлейтін мемлекетшіл рухы биік тұлғалар. Ана тілінде сөйлейтін, мемлекетшіл рухты қалыптастыру оны өскелең ұрпақ бойына сіңіру қазіргі зиялы қауым өкілдерінің, билік басындағылардың басты міндеті. Мемлекеттік мақсат-мұраттарды айқын білетін, сол үшін жанымен күйетін отаншылдық рухы жоғары патриот адамды даярлау – басты мұрат.
Сананы өзгертудің бір жолы – бұл прагматикалық ойлау жүзінде іс жасау. Яғни, кез келген істе белгілі бір мақсатқа жетуді көздеу, әрі мақсатқа жету жолында барлық мүмкіндіктерді пайдала отырып, қандай да бір пайдалы нәтиже шығару. Шынайы прагматика асып таспайды. Қолда барын оңды-солды құр шашып, күн көрмейді. Керісінше, қолында бар қаржысы мен мүмкіндігін пайдалы істерге жұмсайды. Мәселен, жастардың арасында шектен тыс мақтанқұмарлықты, кердең мінез, келіссіз істерді байқаймыз. Қарапайым ғана, қазақтың тойының өзінде ысырапшылдыққа салып, оның құт-берекесін қашырамыз. Өзін прагматик санайтын тұлға мұндай шектен тыс әуесқойлыққа бармайды. Дәстүрдің де, сананың да тозығы осы емес пе?! Еуропалық таным бойынша қолда бар ресурс жаңа бастамалар мен идеяларды жүзеге асырушы құрал болатын болса, біздің ТМД-лық санада бұл өз мәртебесі мен мүмкіндіктерін көрсетудің қарабайыр, дүрсін тәсілі болып кетті. Бұдан арылатын сәт келді. Кез келген бастаманың қалай жасалатындығына емес, нәтижесіне көп мән береді. Мұны Елбасы сөзімен былай жеткізуге болады: «Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді».
Елiмiзде рухани мәселелердің ең бастысы – қазақ тілінің болашағы.
Ендi, он жылда жағдай бүгiннен де жақсара түседi. Егер, қазақ өз жерінде сан жағынан басым болмаса, сапа жағынан басымдылық құрай алмайды.
Әрбір қазақ азаматы, әрбір қазақстандық азамат Қазақ елінің дербестігін нығайтуға мүдделі болуға тиіс. Бірегей ұлт ең алдымен өз ана тілі, меншік тілін жетік білуі керек. 1948 жылы Үндістан тәуелсіздігін жариялаған кезде арнайы комиссия: «Ағылшын тілін қолдану халықты екі ұлтқа бөлді, билік жасайтын аз топ және оған бағынатын бөтен тілде сөйлемейтін көпшілік, бұл екі ұлт бір-бірін түсінбеді» деген тұжырым жасаған екен. Бұл бізге де байланысты ащы шындық. Егер қазақ тілі мен мәдениеті қалыпқа келмесе, онда қазақ ұлты да қалыпқа келмегені. Біздіңше, Қазақстанда қазақ тілі — мемлекеттік тіл процесі тоқтамауы керек және бұл шараны мемлекет қана емес әр қазақ азаматы белсенді қолға алуы шарт.
Қазақ ұлтының мүддесі, ол – қазақтың ғана мүддесі емес, ол – қоғамның және мемлекеттің мүддесі. Ал, саяси тұрғыда алып қарасақ та, біз мемлекеттік саяси мүддені ең жоғары орынға қоюымыз керек. Өйткені, мына мемлекет біздің бәрімізге ортақ. Ұлттық құндылық тұрғысынан ұлттық мүдде ең жоғары орында тұруы тиіс. Қоғам талқысында жаңа қазақстандық патриотизм қалыптастыру, оның түп қазығын қағу, іргетасын бекіту, қандай ілімге негізделіп, неге бағытталуы керек деген секілді мәселелер көп айтылды. Ендеше, барлық отандастарымыздың санасына отаншылдық рухты сіңіріп, болашақ буынның бойында отаншылдық сезім, мемлекетшілдік сана, ұлттық рух, патриотизм мен елсүйер, жерсүйер қасиет қалыптастырып, оны баянды етуді көздесек, ұлттық патриотизмнің, яғни, жаңа қазақстандық патриотизмнің түп қазығы қазақ тілінде деген қарапайым ғана қағиданы мойындауымыз қажет. Тіл бірлігі болмаса, не ұлт, не мемлекет тәуелсіздігі баянды болмайды. Нағыз тұлға мемлекетшілдікке шынайы жанашырлық таныта алады.
Батыс мәдениеті әкелген «толеранттылық» немесе сананың ашықтығы идеясы қазақ елі үшін өте өзекті болып отыр. Өйткені көптеген ұлттар мен ұлыстар жиналған қауым өзгенің мәдениетін менсінбеуі мүмкін емес. Елдердің аралас-құраластығы олардың арасында экономикалық қатынастарды ғана емес, мәдени, рухани байланыстарды да күшейте түседі. Қазіргі уақытта бүкіл әлем толеранттылыққа тәрбиеленіп жатқандай. Жаңадан өсіп келе жатқан ұрпақтың санасында кертартпалыққа қарағанда, өзгенің мәдениетіне қызығушылығы әлдеқайда жоғары, саяхаттауға құштар. Өзге елдің салт-дәстүрі мен мәдениетін, табиғаты мен географиясын білгісі, көргісі келеді. Бүкіләлемдік толеранттылық ағылшын тілінің әмбебап тіл болып қалыптасуына әсер етті. Егер әлем халықтары толеранттылыққа тәрбиеленбегенде, ағылшын тілінің де үрдіс алуы қиындау болар еді. Елбасы мақаласында қарастырылған «сананың ашықтығы» ұғымының үш белгісі аталады. Оның бірі өзге мәдениетті игеру, көру, түсіну болса, екіншісі жаңа заман ағымына бейімделу, түбегейлі өзгерістерге бой үйрету, үшіншісі озық мәдени жетістіктерді үйрену, меңгеру. Адамның оқып білгенге, естіп түсінгенге қарағанда, көріп түсінген әлдеқайда әсерлі болмақ. «Көп көрген – көреген» дейді мұндайда халқымыз. «Көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра» деген мәтелдің астарында көзбен көріп, көңілге түйгеннің зердесі әлдеқайда зейінді екенін меңзейді. Сондықтан көбірек көруге, қызықтап қайтуға тырысқан игілік болмақ. Көп көргеннің таным көкжиегі кең болады. Көкжиегі кең тұлға алыстан байыптап, ұзақтан ойланатын болады. Мұны Елбасының мақалада айтылған ойымен сабақтауға болады: «Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі.
Аталмыш бағыттардың бәрі барынша өзектендірілген және уақыттың талаптарына нақты жауап береді. «Мәңгілік ел» болуымыз үшін бізге ауадай қажетті қасиеттер мен құндылықтардың қайнары тоғысып, ақыл-парасаты толысқан, ғаламдық ғылымды игерген адамдар көп болса, еліміз өркениетті, бәсекеге қабілетті болатыны ақиқат. «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады… Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы», – деп ашып көрсетеді. Бәсекеге қабілеттілік саясат пен экономикада, білім, ғылымда, технологияда, яғни барлық салада болуы тиіс. Латын әліпбиіне көшу – мәңгілік елдің рухани жаңғыруының басы болса, «Туған жер» бағдарламасы жаңа ғасырдағы әлемдік, өңірлік, ішкі-сыртқы тәуекелдерге қарсы тұра алатын отаншылдық тәрбиенің, ұлтжандылықтың кепілі болмақ.
Тәуелсіз Еліме тірегім,
Болсын деп бейбіт күн тілерім.
Болашақ қайтадан жаңғырсын ,
Санамыз шеңберден арылсын!
Жаңғыру жаңаша сенімді,
Көрейін биіктен елімді.
Елбасы салған сара жол
Болашақ жастарға берілді.
Ендеше, ой-санамызды рухани жаңарту арқылы әлем мойындар табысты ел болып, жарқын болашаққа деген сенімділікпен Тәуелсіз еліміздің бірлік туы астында бақытқа бірге жетейік!
Жуманова Нұргүл Қуандыққызы,
Астана қаласы әкімдігінің
“№1 арнайы мектеп-интернат” КММ тәрбиешісі