Home » Айтарым бар » ОЙЫН ЕМЕС

ОЙЫН ЕМЕС

Жиен сіңілім жаз бойы біздің үйде, яғни нағашыларында болатын. Тете өскендіктен бірге ойнаймыз, етене жақын, бауырдай болып кеттік. Түрлі өлшемдегі ақшасын сөмкесіне толтырып, бірдеңе сатып алып, сыйлап жүретін. Қауын-қарбыздың суын коктейль етіп сатып, шықырлатып ақша санап алып, қалдық қайтарып отыратын. Шықырлаған ақшасы – сол баяғы түрлі пішіндегі жапырақтар немесе 9 ай бойы жазғаннан қалған дәптерлерден арнайы қиып, қаламсаппен әдемілеп жазып қоятын қағаздар. Қандай ойын ойнасақ та, цифрларды қатыстырып қоятын. Сөйтіп ойнаған жиенім – қазір жоғары білімді, сол саланың соңына түскен математик.

Бір ақын балалығын еске алғандағы әңгімесінде: «Мен бала күнімде қуыршағымды алып, өзіммен-өзім, басқа балалардан бөлек, ешкімге қосылмай, жалғыз ойнаушы ем. Ал басқа бауырларым, бір-бірімен, отбасы боп, араласып-құраласып ойнағанды ұнататын. Қазір солардың бәрі адамдармен қарым-қатынас жасайтын жұмыс істейді, мен түннің бір уағында тұрып алып өлеңіммен сырласамын. Ойлап отырсам, сол сәтте-ақ бүгінгі бейнемді ойнаған екем», – деп еді.

Бәріңіз білетін Тұрсынбек Қабатов бала күнінде қой бағып жүріп: «Сахнада Тұрсынбек Қабатов!» – деп хабарлайды екен. «Қиялымдағы сахнада өнер көрсететінмін, адамдар мәз боп, шулап, қошеметтеп шапалақтайтын», – деп, балаң қиялын, бала ойынын ойға алады.

Елге танымал бір дизайнердің сұхбатынан оқығаным бар еді, ол бала күнін: «Мен кішкентай кезімде әдемі көйлектер кигенді ұнататынмын. Әсемдікті, көркемдікті қалайтымын. Қуыршағыма неше түрлі киімдерді қолдан тігетінмін. Сол әрекетімнен рахат табатынмын», – деп еске алады. Міне, бала күнгі әрекетінен есейгенде де ләззат алып жүр, айырмашылығы – адамдарға тігеді.

Біз назар салмайтын, көңіл аударуға тұрмайтындай санайтын бір дүние бар, ол – баланың ойыны. Осы бір көбіміз елемейтін көрініс, кішкентай ғана элемент болашақтың бүтін бейнесі екеніне ден қоя бермейміз. Балалар, шын мәнінде, келешек күнінің көрінісін көрсетеді, ересек шағындағы рөлін ойнайды. Рас, бұл ересек бейнесіндегі бүкіл болмысын бере алады дегенге 100 пайыз кепілдік емес. Мүмкін бағытын мүлде басқа арнаға бұратын болар, дегенмен, сол ойындағы бір қасиетін, бір көзқарасын, бір әрекетін сөзсіз алады. Сондықтан бір уақ баланың ойынына зер салып көріңізші. Кіріңізші әлеміне, ойнаңызшы онымен. Көп нәрсеге көз жеткізесіз.

Ақиқатында баланың ойыны – ойын емес, өмір.

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.