№79 «Шабыт» балабақшасының тәрбиешісі
Юнусова Гульжамал Сабировна
Білім берудің басты құралы – ойын. Ойын арқылы бала білімді, қоғамдық тәжірибені меңгереді, өзінің психологиясын жетілдіріп, мінез-құлқын, ерік-жігерін дамытады, дүниетанымы кеңейіп, балабақшадағы оқу қызметі процесіне қызығушылықпен қарай бастайды. Ойындар рөлдік-мазмұндық, шығармашылық, дидактикалық қимыл-қозғалыстық болып бөлінеді. Әрине, мұндай ойындарды дұрыс таңдай білу ұстаздық біліктілік пен шеберлікті қажет етеді. Ойындарды мазмұнына қарай әр пәнде тиімді қолдануға болады. Мысалы, сөйлеуді дамытуда «Сөз ойла, тез ойла», «Бос орынды толтыр», «Ізде,тап!», «Бұл қалай өзгерген?» т.б. ойындарды жүргізе отыра, бүлдіршіндердің шығармашылығы мен сауатын дамытуға болады. Математикалық ұғымдарды қалыптастыруда «Математикалық домино», «Басқыш», дене шынықтыруда «Қақпан», «Ақсерек, көксерек» т.б. ойындар арқылы балалардың өзіне тән психологиясына сай бейімделіп, құрбыларын тану, олармен жағымды қарым-қатынаста бола отыра, кез-келген іс-әрекетті бірігіп орындай алу қабілетін дамытады, белгілі бір тәртіпке бағыну, бірін-бірі құрметтеу, ұжымдық ортақ іске талпыну және жеңіске жету сапаларын дамытады. Сондай-ақ, бала өзінің бойындағы жасқану, ұялу сезімдерін жойып, топтағы ортақ іс-әрекетке ден қойып,ізденіс процесін өз құрбыларымен жарыса талдап,меңгереді. Олар ойын ойнау барысында өздерін еркін сезінеді. Ізденімпаздық, тапқырлық әрекеті (сезіну, қабылдау, ойлау, зейін қою, ерік арқылы) байқалады. Ойын арқылы өткен оқу қызметінің қабылдануы тез және есте сақталуы ұзақ. Оқу қызметі үзілістерінде де баланың дұрыс тынығуын қамтамасыз ету мақсатында қысқа, әрі мазмұнды қызықты ойындар таңдалуы керек. Әр ойын өзіне тиісті үш мақсатта, яғни білімділік, тәрбиелік, дамытушылық бағытында болады. Тәрбиеші жаңа білім мазмұнын жүзеге асыру үшін оқытудың жаңа технологиясын пайдаланады. Оқу қызметі барысында баланың көңіл-күйін, зейінін, әрекеттерін бақылау, қызығушылығын ояту, белсенділігін арттыру, тапқырлыққа баулу, танымдылығын дамыту үшін пікір алысу, шығармашылық қабілеттерін шыңдау тәрбиешіге байланысты. Баланың танымын алғашқы күннен бастап дамыту құралы да, баланың бойында оқу мен білімнің, тәрбиенің негізін қалыптастыратын да ойын әрекеті болып саналады.