Home » Оқу-әдістемелік материалдар » Ойын — балалардың сабаққа ынтасын арттыру құралы

Ойын — балалардың сабаққа ынтасын арттыру құралы

Қазақстан Республикасының педогог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру деңгейлі бағдарламасының Екінші (негізгі) деңгей Бағдарламасын зерделеп толық меңгердім десем де болады. Бұл бағдарламада күтілетін нәтиже еркін, өзіндік дәлел-уәждерін нанымды жеткізе білетін, ынталы, сенімді, сыни пікір көзқарастары жүйелі дамыған оқушы ретінде қалыптасуын баса назарға алдым.

Ойын — бала әрекетінің негізгі түрі. Ойынның түрлері өте көп. Соның ішінде дидактикалық ойын элементерін сабақтарымда жиі пайдаланамын. Дидактикалық ойындар баланың ақыл-ойын дамытып, сабаққа деген қызығушылықтарын арттырады. Тіпті нашар оқитын балалардың өздері де ойын элеметтері араласқан сабаққа зор ынтамен, жігерімен белсенді қатысатыны анық. Сондықтан бала өмірінің бір бөлшегі ойын болса, әр сабақтың бір бөлігін неге ойынға айнадырмасқа? Бізге аманат етілген шәкірттерімізді білім шыңына шығару үшін, әр сабақты жауапкершілікпен ұйымдастыруымыз керек. Қазіргі жаңа технологияның қарыштап дамыған заманында күнделікті дәстүрлі сабақпен дәріс беру «уықсыз шаңырақ көтергенмен тең» деп ойлаймын. Мен бұл ойын түрлерін қазіргі сабақ беріп жүрген сыныбыма 3 жылдан бері пайдаланып келемін.

  • Өз оқушыларыңыз бен оқытуыңыз туралы не ойлайсыз?

Мен қазіргі таңда 3-сыныпқа сабақ беремін. Бұл оқушылардың 1-сыныптан бастап жан-жақты дамуына үлес қосып келемін. «Оқу инемен құдық қазғандай» деген сөз негізінде бастауыш сыныпқа айтылған болуы керек. Өйткені балаға оң-солын таныту, әріп үйрету, жазу жаздыру, былдырлап сөйлейтін бала тілін жетілдіру, сөздік қорын молайту, бір-бірімен жағымды қарым-қатынас жасату, ортаға бейімдеу оңай емес. Оқу баланың өмірінің бір кезеңі, оның өмір сүріп жатқан ортасы. Мұғалім оқушының жан дүниесіне кіре отырып сабақ өткізуі тиіс. Бар күш-жігерімді пайдалана отырып 3 жыл ішінде балалармен жұмыс жасадым, біршама тер төктім, нәтижесі ойдағыдай. Мен сабақтарымда көбінесе дидактикалық ойындарды пайдаланамын. Ол оқушылардың білім, іскерлік, дағды сапасына тиімді әсер етеді. Ойын – оқушы білімін берік меңгерту құралы. Сондықтан әр сабақта ойын түрлерін орнымен қолданып, оны қызықты ету арқылы балалардың білімге ынта-ықыласын, пәнге деген сүйіспеншілігін арттыра білдім деп ойлаймын. Ойынды оқушылар сабақта шаршаған кездерде сергіту мақсатында емес, оларға берілген ұғым, түсініктерді берік меңгеру мақсатында жүргіздім.

  • Бастапқы оқыту проблемасына тоқталып жазыңыз, сіздің оқытуыңызда нендей қиындықтар, кедергілер бар?

Бала жас шыбық секілді оның қалай өсіп-өнетіні ата-ана, ұстазы, ортасына байланысты. «Бес саусақ бірдей емес» дегендей әр балада әр түрлі мінез болады. Бірі – ойын баласы, бірі – жалқау, енді бірі өз ойын толық жеткізуге қиналады, кейбірінің есте сақтау дағдысы төмен болса, кейбірі баяу қабылдайды. Оқуда енжарлық танытады. Себебі бұл 1-сынып, ең бастысы – ойын баласы. Алғаш менің алдыма келген шәкіртерімнің бойында осы қасиеттердің бәрі болды. Мен ұстазбын жан-жақты зерделеп, ойланып оқытуда кездескен қиындық пен кедергілерімді жетістікке айналдыруға тырыстым. Іс-әрекетте зертеп, зерделеп жұмыс жасауға үйрендім. Алғашында неген нәтиже бермеді деген ойда болатынмын. Нәтиже бірнеше айда немесе жылдарда беретініне көзім жетті. Оған дәлел кеше өткен мектепшілік тексеруде бақылау жазба жұмысынан 11 оқушым 5-ке, 7-оқушым 4-ке жазды, оқушым Майра 2 деген бағаға жазды. Оның бар қарым-қабілеті сол. Бірақ Майра сабақта қазір тұшымды ой, топтық жұмыста белсенді. Сурет салып, ән айтқанды жақсы көреді. Кері байланыста «Маған оқыған ұнады», «Сосын тағыда апайдың мақтағаны ұнады», «Мен апайды жақсы көремін» деген сөздерді қате болсада жазып сыныпта балалармен қалмай ойын жазады. Майрада дәл осы қарқынмен сауатты жазады деген сенімдемін. Осы уақыттқа дейін сыныпта 12 оқушы 2 деген бағаға жазатын. Жұмысымның нәтиже бергеніне қуанып отырмын. Осы жұмысымды бастауыш әдістемелік бірлестік отырысында қаралып мектеп мұғалімдеріне көмекші құрал ретінде таратуға ұсынып отырмыз әрі аудандық тамыз педагогикалық оқуларына ұсынылуда.

  • Оқушыларыңыздың қандай жетістіктері бар және тағы да қандай да бір жоғары жетістікке жетуі үшін не істеп жатырсыз?

Қазіргі сыныптағы ахуал басқаша көрініс тапты. Оқушыларымның жетістігі айтарлықтай. Барлық пәндерді қызығушылықпен орындайды. Кез-келген тапсырмаларды өздігінен орындап, әр сабақта белсенділік танытады. Аудандық, мектепішілік алынған бақылау жұмыстарынан жоғары нәтиже көрсете білді. Атап айтсам: мектепішілік өткізілген пәндік олимпиадаларға қатысқан оқушыларым түгелдей дерлік І орынға ие болды. Жарылқасын Фариза облыстық «Самұрық» байқауына қатысып, І орынды жеңіп алды. Халықаралық «Русский медвежонок» байқауынан Сейтан Мағжан ІІІ орынды иеленді. Шығарма, мәнерлеп оқу, мазмұндама, эссе жазу байқауларында жүлделі орындарға ие болып жүр.

  • Сіз көбінесе қандай ойындарды қолданасыз және ол баларға тілді үйренуге қалай көмектеседі? Ойын барысында балалар өздерін қалай ұстайды, қалай сезінеді, оларға не ұнайды, не ұнамайды?

«Жұмбақ кейіпкер», «Сәтті ертегі»,«Ұйқастар өлең сұрайды», «Оймен өрілген өлең», «Санамақ – ойымды айтайын саралап», «Буынды ұйқас», «Бір артық», «Ғажайып жауап», «Диалог-ертегі», «Болжамдар сөйлейді», «Ұқсату», «Кім жүйрік?», «Сөзді тап», «Қалалар» – бұл ойындар оқушыны ақындыққа, жылдам ойлауға, сөздік қорының артуына, тіл байлықтарының дамуына, зор ықпал етеді, шығармашылық қабілетін ұштайды. Мұнда балада әр түрлі дағдылар қалыптасады. Балалар бүгінде өздерін еркін ұстайды. Топқа бөлінгенде ешқандай қиындық тумайды. Сынып ішіндегі қарым-қатынас орнықты. Ойын кезінде оқушылар өздерін көңілді,жеңіл ұстайды. Әр түрлі тапсырмаларды, түрлі әдіс-тәсілдер және түрлі қимылды, рөлдік, дидактикалық ойындар ұнайды. Себебі тез жазу, оқу, мазмұндау дағдысы қалыптаспаған бастауыш сынып оқушыларын бірыңғай жаттығу жұмысы жалықтырады, ал ойын керісінше пәнді сүюге, қызығушылығын оятуға септігін тигізеді.

Не үйреніп жатыр, оны қалай көрсете аласыз?

Топпен жұмыс жасауды, берілген ойын тапсырмаларды бірлесіп шешуді, өз ойын дәлелдеуді, болжауды, өлең шығарып, санамақ, сөзжұмбақ, ертегі, жұмбақ, диалог құрастыруды, сыни ойлауды үйренеді. Бұл жұмыстар менің күнделікті сабағымда көрініс табады.

Оқушыларды тақырыптар бойынша ынта-ықыласын арттырдым, сыни тұрғыдан ойлауына ықпал еткенін көрдім, шынайы қызығушылығы мен сезімдерін байқадым, бір-бірінен үйренуге,басқа оқушылардың идеяларын құрметтеуге әрі жақсы жақтарына еліктеуге, ойларын жинақтауға көмектестім.

  • Сіздің жаңаша түйгендеріңіз: нендей жаңа тәжірибені алдыңыз?

Біріншіден, Қазақстан Республикасының педогог қызметкерлерінің біліктілік арттыру деңгейлі бағдарламасының Екінші (негізгі) деңгейін оқығанымның үлкен пайдасы тиді. Дәстүрлі оқытудан арылып, жаңаша білім беруге бет бұрдым. Жаңа форматты біліктілік арттыру курсында алған білімім бұрыннан білетін және тәжірибемде қолданып жүрген әдіс-тәсілдерге тереңінен, философиялық тұрғыда қарауыма себепші болды. Мысалы, оқушылардың сөйлесім, тілдесімдік дағдыларын дамытып, жетілдіруге бағытталған сабақ жоспарымда оқу үдерісі оқушылардың тілдік серіктестер тобындағы өзара әрекеті негізінде ұйымдастырылып отырды.

Үлкендер үшін қарым-қатынас құралы тіл болса, ал бала үшін ойын әр түрлі іс-әрекет болып табылады. Қорыта айтқанда, ойын араласқан сабақ тартымды өтеді, балалардың білуге деген құштарлығы артады, түсініктерін тереңдетеді. Бұл жемісімнің дәлелі күнделікті сабақтың соңында оқушылардан алынған кері байланыстан көрініс табады.

Иманбердиева Айжан Сапарханқызы

Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы,

Т.Әлімқұлов атындағы №14 мектеп

интернат-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.