Home » Мақалалар » «Ойын арқылы балалардың сөздік қорларын дамыту жолы»

«Ойын арқылы балалардың сөздік қорларын дамыту жолы»

   Балабақшадағы тәрбиелеу-оқыту жұмысында балалардың тілін, сөздік қорларын дамыту, ауызша сөйлеуге үйрете отырып, үйренген сөздерін күнделікті өмірде еркін қолдану, әрі оны күнделікті іс-әрекет кезіндегі тілдік қарым-қатынаста қолдана білуге жаттықтыруға ерекше мән берілген.

Балалармен сөздік жұмысын жүргізе отырып, оларды айналасындағы заттармен таныстырып, атын атай білуге, қасиеті мен сапасын, түр-түсін және пішінін ажырата білуге, өмірдегі, қоршаған ортадағы түрлі құбылыстар жайындағы ұғым, түсініктерін дамыта отырып, белсенді түрде  тілдік қарым-қатынас жасай білуге үйретеміз.

 

Мектеп жасына дейінгі балалардың сөздік қорларын дамыту ісінде тәрбиешінің:

-балалардың сөздік қорларын дамыту

-жаңа сөздерді меңгерту

-үйренген сөздерін тиянақтап, анықтап, байыту басты міндет болып саналады.

Осы аталған міндеттерді тәрбиеші үнемі сөздік жұмысын жүргізуде басшылыққа алып отыруы тиіс. Балалардың сөздік қорын дамытуда ойын, тапсырма, жаттығулардың орны ерекше. Оның ішінде ойын  баланың шын тіршілігі. Ойын арқылы бала айналасындағы нәрседен өзіне қызықтысына ықыласы ауып, таңдап алады. Баланың бір ерекше қасиеті сөйлеуден еш жалықпайды. Ойын бала тілінің дамуына ықпалын тигізіп, таным белсенділігінің дамуына жол ашады.Қай бала болмасын ойынмен өседі, өйткені бала табиғатының өзі тек ойынмен байланысты. Ойын үстінде бала еш нәрсеге тәуелсіз, өзін еркін ұстайды. Ал еркіндік- барлық дамудың баспалдағы, бәрін білуге деген талпынысы мен құлшынысы. Баланың білуге деген құштарлығы, тілінің дамуы ойын үстіне қалыптасады.

Сөздік қорды дамыту ісін ұйымдастыру жұмысында ойын сабағы ең негізгі орын алады. Тәрбиеші бақылау, заттарды қарау, сурет қарау, жұмбақ  шешу, құрастыру, саяхат, ойын-сабақтарын ұйымдастыру барысында балалардың сөздік  қорларын дамытады.

Арнайы  ойын сабақ және сабақ мазмұнына қарай танымдық, дамытушы ойындарды, тапсырмаларды қолдану, балаларды зааттарды бір-бірімен салыстыруға , оларды қасиетіне қарай ажыратуға және оны танып білуге үйретеді. Сөйтіп бала топтағы жасына сәйкес бағдарламалық міндетті меңгереді. Ойын ұйымдастыруда тәрбиеші өзі жетекші бола отырып, балаларды ойнай білуге, ойын ережесін сақтауға, әрі оларды ойнаата отырып, ойлануға бағыттайды, заттың атын немесе қасиетін есінде сақтап  қалуға жол  ашады, ойынға қызықтыра отырып зейінін, қиялын дамытады.

Сонымен қатар  ойын  барысында бала үлкендермен өз құрбыларымен қарым-қатынас жасайды. Әр бала өз жетістігіне қуанып, мәз болады. Сондықтанда ойын тапсырмаларды таңдауда және іріктеуде балалардың жас және жеке ерекшелігін ескерген жөн.

Тәрбиеші балалармен ойынды (заттармен, үстел үсті, сөздік ойын)  үш түрде өткізуге болады.

Заттармен ойналатын ойын  ойыншықтарды, табиғи заттарды қолдану арқылы өтіледі. Мысалы: «Дәл осыны тап», «Салыстыр да атын ата», «Қай ағаштың жапырағы» және т.б.

Үстел үсті ойынын ұйымдастыруда домино, лото, суреттер қолданылады. Мысалы «Суретті құрастыр», «Қандай затқа ұқсайды?» «Қай сурет тығылды?» т.б

Ал сөздік ойын арқылы сөзді орынды қолдана білуге, дұрыс жауап айтуға, сөз мағынасын түсінуге, орынды сөйлеуге үйренеді. Мысалы «Сөз ойла» «Сөз құра», «Жұмбақ  ойла» т.б

Жалпы ойынды ұйымдастыру үш бағытты қамтиды: ойынды өткізуге әзірлік, ойынды өткізу, ойынды талдау.

Сонымен қатар балаларға  саусақ ойындарын ойнату да тіл дамытуда үлкен септігін тигізетіні сөзсіз.  Саусақ ойындарын жүргізу арқылы балалардың саусақтарының нәзік қимылдары мен бұлшықеттерінің жетілуімен  бірге, олардың сөйлеу тілі мен ойлау қабілеттері дамитын болады, және кейін  жазу шеберлігін  ойдағыдай меңгеруге дайындайды.

Балалардың сөздік қорларын дамытуда ойындарды, тапсырмаларды, жаттығуларды қолдану үлкен нәтиже береді. Ойын арқылы балалардың сөздік қоры дамып, ауызша сөйлей машығын игереді, таным белсенділіктері қалыптаса түсіп, ақыл-ойы өсіп, жетіледі, әрі адамгершілік қасиеттер бойына сіңіреді. Міне сондықтанда  оқу тәрбие үрдісінді әр түрлі ойындар арқылы баланы жан-жақты дамыту ісіне ерекше көңіл бөлінуі қажет.

 

Ихсанова Жарқын Хамидоллаевна
Атырау облысы, Махамбет ауданы, Махамбет ауылы
«Алтын балық» бөбекжайының психологі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.